Кетті енді сұм соғыстың қыспақ әні

Ақтөбе облысы, Темір ауданы, Кеңқияқ орта мектебі

Бастауыш сынып мұғалімі: Оразова Гүлшат Базархановна

Тақырыбы

Ұрпақтар ұмытпайтын ұлы Жеңіс

Мақсаты

  • Ұлы Отан соғысы және елін жаудан қорғаған ержүрек отандастарымыз туралы түсінік беру.
  • Туған жерге деген сүйіспеншілікті арттыру.
  • Ата-бабамыздың ерлік істерін қастерлеп, үлгі-өнеге тұту.
  • Елжандылыққа, туған елін, жерін сүюге және қорғауға тәрбиелеу.

Көрнекілігі

Суреттер Нақыл сөздер Аудиожазба Слайдтар

Кіріспе

Құрметті қонақтар, ұстаздар, оқушылар! «Ұрпақтар ұмытпайтын ұлы Жеңіс» атты тәрбие сағатымызды бастаймыз.

Негізгі бөлім

1-оқушы

Ашылды жеңіс күннің парақтары,

Талай құс содан бері қайта оралды.

Соғыста өлгендер тек оралмайды,

Ұрпағы олар жайлы айтады әнді.

2-оқушы

Жетпіс жыл үзілмеді құстар әні,

Кетті енді сұм соғыстың қыспақ әні.

Жетпіс жыл фашистердің ажал оғы

Біздің елдің үстімен ұшпағалы.

Музыкалық үзіліс

Аудиожазбадан «Жойылсын жалғыз сөз — соғыс деген» әнін тыңдау.

Тарихи дерек

1941 жылы 22 маусым күні таңғы сағат 4:00-де фашистік Германия КСРО-ға қарсы тұтқиылдан соғыс ашты. Суық хабар сол күні-ақ әйгілі диктор Левитанның қуатты үнімен еліміздің түкпір-түкпіріне тарады. Ер-азаматтар асығыс майданға аттанды.

Майданға аттанған жауынгерлердің қоштасу сөзі:

«Қош бол, досым, жақыным,
Уақыт тығыз, сөз қысқа!
Кетіп бара жатырмын
Сұрапыл бір соғысқа...»

КСРО-ның басына қатерлі күн туды. 1 миллион 870 мың қазақстандық жан аямай жаумен шайқасты, олардың қаншамасы ерлікпен қаза тапты. Міне, осы апаттың жеңіспен аяқталғанына жетпіс жыл толып отыр.

Ешкім де, ешнәрсе де ұмытылмайды — ержүрек батырларымыз қашан да халық есінде!

3-оқушы

Сілкінтіп зеңбіректер жердің жүзін,

Оқ борап, снарядтар қаққанда ызың.

Қаптаған қалың жаудан тайсалмаған,

Мен көрдім пилоткалы қазақ қызын.

4-оқушы

Тастар көкке атылды,

Орман шулап, тау құлап.

Жиырма сегіз батырды

Жеңе алмады жау бірақ.

5-оқушы

Оқ астында зулаған,

Туған жермен бір болып.

Жау алдында тұрды олар,

Жиырма сегіз шың болып.

Көрнекі материал

Слайд: 28 панфиловшы батырлар.

6-оқушы

Оқ борады күн-түні,

Жапты жерді от қарып.

Алға қарай ұмтылды,

Батыр қазақ Тоқтаров.

7-оқушы

Мәншүк атыс толасында,

Жүр орманның арасында.

«Мені ал, мені ал!» — деп алуан гүл

Қолына оның таласуда.

Тығылып гүл омырауға,

Сұрағандай жанға сауға.

Ант еткендей тұрды Мәншүк,

Гүлді жауға таптатпауға.

Көрсетілім

«Мәншүк туралы дастан» фильмінен үзінді.

8-оқушы

Көкте зырлап барады алтын жұлдыз,

Жерде тұрып қарады Әлия қыз.

Алтын жұлдыз алысқа кетті ағып,

Кетті ағып, жас қызға бір ой салып.

Алтын жұлдыз зымырап кетті алыс,

Кетті алыс мылтық ап бір жап-жас қыз...

Майдан кешті мылтық ап Әлия қыз,

Өр төсінде жарқырап алтын жұлдыз!

Музыкалық үзіліс

Аудиожазбадан «Әлия» әнін тыңдау.

Ерлік — ұрпаққа үлгі

Бұл жылдары әкелеріміз бен ағаларымызбен бірге әпкелеріміз де жан аямай соғысты. Олардың ерліктері туралы ақын-жазушылар көркем шығармалар жазды, суретшілер жүрекке жетерлік картиналар салды, кинорежиссерлер көптеген фильм түсірді.

Солардың ішінде бізге таныс — Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова, Бауыржан Момышұлы, Төлеген Тоқтаров. Бұлармен қатар сендердің де аталарың майдан даласында ерлік көрсеткен.

Бүгін олардың ерлік істері — жас ұрпақ үшін өшпес өнеге, зор мақтаныш.

Оқушылар шығармалары

Енді оқушылардың өз аталары туралы жазған жүрекжарды шығармаларын тыңдайық. (Оқушылар шығармаларын оқиды.)

Толық нұсқасын жүктеу

Құжат немесе толық мәтін бөлек файл ретінде ұсынылады.

Қорытынды ой

Жеңістің бағасы — адам өмірі, төзім мен қайсарлық. Батырлар аманатын ұмытпай, елді, жерді сүю — әр ұрпақтың парызы.