Натюрморт салдыру арқылы оқушылардың шығармашылықтарын дамыту
Бейнелеу өнері • 5-сынып
Пәндер: сызу, технология
Мұғалім: Мира Кумаржанова
Сабақтың тақырыбы
Натюрморт
Сабақтың мақсаты
- Оқушыларға натюрморт ұғымын қайталата отырып, толық мағлұмат беру.
- Натюрморт салдыру арқылы оқушылардың шығармашылық қабілетін дамыту.
- Еңбексүйгіштікке, тазалыққа және ұқыптылыққа тәрбиелеу.
Сабақтың түрі
Аралас сабақ
Көрнекіліктер
Оқу плакаттары
Қажетті құралдар
- Сурет салуға арналған альбом
- Әр түрлі бояулар
- Қосымша керек-жарақтар
Сабақ барысы
Ұйымдастыру кезеңі
- Оқушылармен амандасу, түгендеу.
- Үйге берілген тапсырманы тексеру.
Жаңа сабақ: Натюрморт ұғымы
Натюрморт жанрын француздар «өлі табиғат» деп атаса, немістер мен ағылшындар «қозғалмайтын өмір» немесе «тыныштық» деп түсіндіреді. Натюрморт XVII ғасырдан бастап дербес жанр ретінде қарастырыла бастады.
Бұл бағыттың дамуына ерекше үлес қосқан суретшілер «кіші голландықтар» атауымен танылды. Олар көбіне шағын көлемдегі жұмыстарында үстел үстіндегі тағамдарды, әсем ыдыстарды және тұрмыстық заттарды сүйсіне бейнелеген. Мұндай натюрморттарды кейде «таңғы ас» деп те атаған.
Натюрморттың көркемдік ерекшелігі
Шынайылық әсері
Голландық шеберлер картиналарында заттың ар жағындағы кеңістіктің көрінуін, металдың жылтырын, жапқыштың қыртысын, кесілген жемістерді, аң-құстарды өмірдегідей дәл жеткізе білді. Ұқсастығы соншалық — көрермен кейде «нағыз заттың өзі» екен деп ойлап қалады.
Үйренуге қолайлы жанр
Натюрморт сурет салуды жаңа бастағандарға өте қолайлы. Одан қарап салуды, заттың пішінін, көлемін, бөлшектерін салыстырып бақылауды үйренуге болады. Ал пейзажда табиғаттың жарығы мен мезгілінің өзгеруі оқу үдерісін күрделендіре түседі.
Мағына және тақырып
Натюрморт тек әдемі бейнелеумен шектелмейді: ол ой тудыруы керек. Мысалы, бір ғана кесенің суреті (қанша әдемі болса да) толыққанды натюрморт болып саналмайды. Ал кесенің жанына торт пен гүл қойып бейнелесек, онда тақырып ашылады — мысалы, «Мейрам», «Туған күн» сияқты.
Қазақстан суретшілері және натюрморт
Қазіргі кезеңде Қазақстан суретшілері натюрморт жанрында көптеген жұмыстар орындап, қазақтың дәстүрі мен тұрмыс мәдениетін әлемге танытты. Олардың қатарында: Айша Ғалымбаева, Гүлфайрус Ысмайылова, Т. Тоғысбаев, С. Айтпаев, М. Нұрлыбаев және басқа да суретшілер бар.
Қорытынды тапсырма
Сабақты қорытындылай отырып, 119-суретте көрсетілген әр түрлі натюрморттарға қарап, сол натюрморттардың біреуін сурет дәптеріне салып орындау.