Алғыс айту

Оқу іс-әрекеті: «Ризашылық»

Маңғыстау облысы, Қарақия ауданы, Мұнайшы ауылы «Балауса» балабақшасының тәрбиешісі — Капуова Гүлшат. Оқу іс-әрекеті 1 наурыз — Алғыс айту күніне арналады.

Тақырыбы

Ризашылық

Мақсаты

Балалардың сыйластық құндылығы туралы түсініктерін кеңейту.

Көрнекіліктер

Оқулық, дәптер, сандықша.

Міндеттері

  • Ризашылық пен алғыс туралы түсінік қалыптастыру.
  • Үлкен мен кішіге деген сүйіспеншілікті, сыпайы қарым-қатынасты дамыту.
  • Әдептілікке, кішіпейілділікке, ізеттілікке тәрбиелеу.

Шаттық шеңбері

Ризамын мен бүгінге,
Ризамын мен бүгінге,
Ризамын мен бүгінге,
Ризамын мен қазірге!

Ризамын, ризамын, ризамын бүгінге,
Ризамын, ризамын, ризамын қазірге.

Балалар тізбектеліп тұрып, бір-біріне жылы тілек айтады.

Әңгімелесу

Балалардың ойлануына және пікір айтуына бағытталған сұрақтар:

  • Сендер кімдерді жақсы көресіңдер? Неліктен?
  • Ал өздеріңді кімдер жақсы көреді? Қалай қамқорлық жасайды?
  • «Ризашылық» дегеніміз не? «Алғыс» сөзін қалай түсінесіңдер?
  • Адам ризашылығын қандай сөздермен білдіреді?
  • Сендерге кім, қандай жағдайда алғыс айтты?
  • Өздерің қандай жағдайда алғыс айтып көрдіңдер?

Балалардың жауаптары тыңдалып, қысқаша қорытынды жасалады.

«Рақметке лайықты кімдер?» — ортақ тізім

Ең бастысы — алғыс айта білу. Бірге тізім құрастырайық:

Анаға — өмір сыйлағаны үшін.

Әкеге — қорған болғаны үшін.

Далаға — гүлдері мен көк шалғыны үшін.

Сөзге — жанды жылытатыны үшін.

Күнге — шуағы мен мейірімі үшін.

Жұлдызға — қараңғы түндегі жарығы үшін.

Досқа — құшағы мен сүйеу болатын иығы үшін.

Әжеге — ыстық алақаны үшін.

Суға — тіршіліктің көзі болғаны үшін.

Жерге — махаббаты мен бар болғаны үшін.

Отқа — жылулығы үшін.

Негізгі ұғымдар

Ризашылық

Ризашылық — адамның басқа адамнан көрген жақсылығы, көмегі мен ықыласы үшін қанағаттануы және алғыс білдіруге ішкі дайындығы.

Алғыс

Алғыс — біреудің жасаған жақсылығы, көмегі мен көңілі үшін ризашылық білдіру, сондай-ақ оның іс-әрекетіне жоғары баға беру.

Әңгімелеу және талқылау

«Алғыс» — М. Төрежанов

Педагог балаларға жақын адамдардың қаншалықты қымбат екенін сезіндіріп, қадірін ұғындыру мақсатында мәтінді оқып, мазмұны бойынша әңгіме жүргізеді.

«Мақұлжан» — Т. Жарқынбекова

Талқылау сұрағы: Төлеуді қандай бала деп айта аламыз?

Дәйексөз және мақал

«Адам өз ісіне қанағаттанып, сүйсінген кезде ризашылық сезімге бөленеді. Өзіне жасалған жақсылыққа ризашылық білдіруді алғыс дейміз».

«Алғыспен ел көгерер»

Бұл мақалдың мәні — үлкендердің айтқан тілін алып, сыйластық таныту. Сендердің көмектеріңді көрген үлкен кісілер алғыс айтып, ризашылығын білдіреді. Сол себепті алғыс айту — жақсылықты көбейтетін ізгі әдет.

Сергіту сәті

Ойын: «Сымсыз телефон»

Балалар бір-біріне сыбырлап сөз немесе қысқа хабарлама жеткізеді. Мақсат — мұқият тыңдау, дұрыс жеткізу және әдеппен қарым-қатынас жасау.

Тыныштық сәті

Балалар, денелеріңді түзу ұстап, бастарыңды жоғары көтеріп, ыңғайланып отырыңдар. Көздеріңді жұмсаңдар да болады. Ауаны терең жұтып, еркін тыныс алыңдар. Тыныс алуларыңды бақылап, бақытқа, махаббат пен тыныштыққа толы таза, шипалы ауаның тұла бойларыңа тарағанын сезініңдер. Енді көздеріңді ашсаңдар болады.

Ғажайып сөздер

Жақсылық жасау Алғыс айту Ризашылық білдіру Рақмет

Қорытындылау

Балалар, жылы сөздеріңді, қайырымды істеріңді, жақсы ойларыңды және кіршіксіз сезімдеріңді ешкімнен аямайық. «Рақмет» деген қасиетті сөзді жиі айтып жүріңдер. Адам алғыс пен ризашылықты естіген сайын, жақсылық жасауға ұмтылады — осыны есте сақтаңдар.

Өмірдің әрбір сәтін бағалауға үйреніңдер. Табиғат-Анаға — мейірімді күні үшін, көңілді жаңбыры мен аппақ қары үшін, жұмсақ ұлпа бұлты үшін; жақын адамдарға — қайырымдылығы мен риясыз махаббаты үшін алғыс айтуды ұмытпаңдар.

Бүгінгі оқу іс-әрекеті сендерге ұнады ма?