Дастархан басына кешікпеген жөң
Сабақ тақырыбы: «Әдемі сөз – әдептілік»
Бұл сабақ балалардың әдептілік пен сыйластық туралы түсінігін кеңейтіп, күнделікті өмірде сыпайы сөз бен ізетті әрекетті ұстануға бағытталған.
Сабақтың мақсаты
- Балаларды адамгершілікке, инабаттылыққа, әдептілікке тәрбиелеу.
- Балалардың сыйластық туралы ой-пікірін ояту, түсінігін дамыту.
- Үлкенді сыйлауға, құрмет көрсетуге баулу.
Көрнекі құралдар
- Сюжетті суреттер
- Музыка
- Слайд
- Ролик
Сабақтың барысы
Ұйымдастыру кезеңі
Топта әуен ойнап тұрады. Балалар «достық шеңберіне» шақырылып, қонақтармен амандасады.
Табиғат – біздің анамыз,
Табиғатқа – баламыз.
Иіліп сәлем береміз,
Біз әдепті баламыз.
«Амансыз ба?», «Сәлеметсіз бе?»
Тренинг: «Мен қандаймын?»
Балалардың жауаптары: әдемі, ақылды, мейірімді, әдепті.
Тәрбиеші: «Сендер қандай сұлу, мейірімді, ақылды балаларсыңдар. Бүгін біз әдептілік пен сыйластық туралы сөйлесеміз».
Әдептілік дегеніміз не?
Әдептілік — үлкендерді сыйлау, бір-біріңді ренжітпеу, кішкентайларды аялап, қамқор болу, жаман сөз айтпау және жақсы іс жасау.
Жанерке
«Сәлеметсіз бе, ағай!» деп,
«Сәлеметсіз бе, апай!» деп,
«Есенсіз бе, әжей?» деп,
«Амансыз ба, атай?» деп,
Ұл-қыз сәлем береміз,
Өнегелі өренбіз!
Құралай
Сыйлап сәлем беремін
Көршілерді көргенде.
Ізетті де білемін
Үйге қонақ келгенде.
Тәрбиеші: «Жанерке мен Құралай бізді амандасудың түрлерімен таныстырды. Ал әдептілік дастархан басындағы тәртіптен де басталады».
Дастархан басындағы әдеп
Нұрай
Дастарханның басында
Әдептен біз озбаймыз.
Үлкендердің қасында
Қолды бұрын созбаймыз.
Дастархан әдебінің ережелері
- Дастархан басына кешікпеу керек.
- Тамақтанар алдында бәріне «Ас дәмді болсын!» деп тілек айту.
- Ас үстінде көп сөйлемеген дұрыс.
- Тағамды езіп-жаншымай, ұқыпты әрі тауысып жеу.
- Сүрткішті қолдану, нанды үгітпеу, тағамды ысырап етпеу.
- Дәмді ас үшін алғыс айтуды ұмытпау.
Жәния
Сықпай іш тамақты,
Жалама аяқ-табақты.
Пышақты ұста оң қолмен,
Шанышқыны сол қолмен.
Томирис
Нанды үгітпе, қадірле,
Қабығымен бәрін же.
Айсая
Сыйлап үлкен кісіні,
Қамқорлыққа ал кішіні.
Қимылды ойын және көрнекілік
- Ойын: «Біз көңілді баламыз»
- Слайд көрсету
Әдептілік пен адамгершілік туралы тақпақ
Аружан
Анаң сенің базардан,
Алма сатып әкелді.
Ең үлкенін, жақсысын,
Саған таңдап әперді.
Не деп барып жеу керек?
Балалар: «Рахмет!» деу керек.
Қорытынды ой
«Әдемі сөз – әдептілік» сабағы балаларға сыпайы сөйлеп, үлкенді құрметтеп, кішіні қамқорлап, дастархан басында мәдениетті болудың маңызын ұғындырады. Әдептілік — күнделікті әрекеттен басталатын жақсы әдет.