Тілге құрмет

Алғы сөз

Қазақ халқы — талғампаз халық. Ұрпағына қалдырған бай мұрасы — ғибратқа толы өнеге, ұрпақ жалғастығын жалғап тұрған өміршең тәжірибе. Ұлттық болмыс пен халықтық ұғымдарды шәкірт бойына сіңіруде отбасы мен ұстаздар қауымының тәлім-тәрбиелік жұмысына қойылатын талап күшейе түсті.

Мектеп — тек білім беретін орын ғана емес, сонымен қатар тағылымды тәрбие түрлерін ұйымдастыратын өнеге ордасы. Тәрбие мазмұны ұйымдастырушының шеберлігімен ұштасқанда, кез келген шара оқушының ішкі жан дүниесін байытып, рухани азыққа айналады.

Маңызды түйін

Ұзақ уақыт бойы оқушы дамуы көбіне тек білім көрсеткішімен бағаланды. Соның салдарынан ұлттық тамыры бекімеген, өз құндылығын бағалай бермейтін жас ұрпақ қалыптасу қаупі артты. Бұл олқылықтың орнын тәрбиелік жүйелі жұмыс қана толтыра алады.

«Бала тәрбиесі — құрсақтан» деген халық даналығының мәнін терең түсінбей, кейбір ата-ана тәлімдік мазмұны бар даналық сөздер мен өнегелі әрекеттерді отбасында жүйелі қалыптастыра алмады. Осы жинақ ұсыныстары тәрбиелік шараларды жоспарлауға, мазмұнды өткізуге әдістемелік демеу болады деген ниет бар.

Жаз айларында оқушылардың бос уақытын ұйымдастырудың педагогикалық талаптары

Жаз айлары — мектеп оқушылары ерекше ықыласпен күтетін кезең. Тоқсанаралық қысқа демалыстар болғанымен, жазғы демалыс баланың физиологиялық, психологиялық және дүниетанымдық тұрғыда дамуына кең мүмкіндік береді. Әсіресе бастауыш және орта буын оқушылары үшін бұл мезгіл табиғатпен үндестікте болып, көзқарасы қалыптасатын, үйренуге ынтасы артатын уақыт.

Жазғы демалыста балалар негізгі сабақтан, үйреншікті тәртіптен босағандықтан, қызығушылығына сай әрекетке көбірек уақыт бөледі. Сондықтан ұстаз-тәрбиешінің міндеті — осы бос уақытты дұрыс бағыттау: демалысты тек тынығу емес, дене мен ой қызметін сергітетін, тұлғаны дамытатын мазмұнды іс-әрекетке айналдыру.

Ұйымдастыруда ескерілетін ерекшеліктер

  • жас ерекшелігі
  • психологиялық ерекшелік
  • денсаулық жағдайы
  • ұлттық және аймақтық ерекшелік
  • діл (менталитет) және жыныстық ерекшелік
  • қабілет пен мүмкіндік

Күтілетін тәрбиелік нәтижелер

  • өз денсаулығына жауапкершілікпен қарау
  • ойын арқылы ойлау тәсілдерін меңгеру
  • достық, сыйластық, өзара көмек құндылықтарын түсіну
  • табиғат пен экологияға ұқыптылық
  • азаматтық-елжандылық сананы қалыптастыру
  • ұлттық-мәдени салт-дәстүрді меңгеру

Жоспардың нақтылығы

Қойылған міндеттерді іске асыруда орындау барысын бақылау және қажет болса түзету — жоспардың нақты әрі тиімді болуына тікелей әсер етеді. Педагогикалық міндеттер лагерь орналасқан жердің ерекшелігі, балалар ұйымдарының бағыттары, күнтізбелік және перспективалық жоспар, сондай-ақ әлеуметтік кеңес ұсыныстары арқылы айқындалады.

Топ жұмысының мазмұны

  • ауысым ішіндегі жалпы лагерьлік жұмыстардың бағыты мен сипаты
  • лагерь дәстүрі
  • профильдік бағыттар (жас тілшілер, туристер, спортшылар және т.б.)
  • ұйымдастырушылардың жеке қызығушылықтары
  • материалдық қамтамасыз ету
  • бөлімшелер арасындағы өзара іс-әрекет

Тәрбиешіге міндетті ұйымдастыру реті

  • күнделікті жоспар құру
  • топ күнделігін жүргізу
  • ұйқыдан тұрғанға дейінгі 15–20 минуттық лездемеге қатысу

Топ аттары мен ұрандары

Топ атауларының үлгілері

Жұлдызша Балдырған Ақ көгершін Қарлығаш Жалын Қыран Болашақ Мұрагер Балдәурен Жас толқын

Ұран үлгілері

  • Біз кішкентай Жұлдызбыз,
    Өнегелі ұл-қызбыз.
  • Балдырғанбыз — балдаймыз,
    Бақытты өмір таңдаймыз.
    Шаттық-думан көңілді,
    Болашаққа жалғаймыз.
  • Ақ көгершін — бейбітшілік ұланбыз,
    Жақсылыққа, жақсы үнге ұранбыз.

Ұрандық сөйлесімдер

— Қандаймыз? — Жараймыз!

— Ән айтуға қалаймыз? — Бастаушыға қараймыз!

— Қалаймыз?

Санаймыз: бір, екі, үш!
Жолға бастап түс.

— Біздің топ қандай? — Татулығы балдай!

Шарықтатып, талмай...
Ән айтамыз қалмай!

Лагерде балалармен жүргізілетін жұмыс түрлері

Жазғы маусымдық лагерлерде жүргізілетін жұмыс түрлері мазмұны мен формасы жағынан алуан түрлі болуы мүмкін. Төмендегі бағыттар балалардың қызығушылығын арттырып, ұжымдық қарым-қатынасты нығайтуға мүмкіндік береді:

Ойын және спорт

  • спорттық, ұлттық, танымдық және жергілікті ойындар
  • ұлттық ойын сайыстары
  • саяхат-ойындар

Интеллект және тіл

  • алғырлық, зерделік, тілдік шоу-сайыстар
  • әдеби викториналар
  • пікірталас, интерактивті тапсырмалар

Өнер және шығармашылық

  • өнер байқаулары, концерттік кештер
  • поэзия, ән-күй кештері
  • би кештері

Құндылық және мәдениет

  • әдеп, салт-дәстүрге байланысты сын-байқаулар
  • ұлттық дәстүрлер мерекесі
  • сурет көрмесі, плакаттар байқауы

Іс-шаралардың тақырыптық үлгілері

Демалушылардың жас ерекшелігін ескере отырып, лагерде төмендегідей тақырыптар бойынша іс-шара өткізуге болады:

  • «Менің елімнің нышандары» (әңгіме)
  • «Қазақстандық елжандылық — бұл…» (пікірталас)
  • «Әнім сенсің, туған жер!» (ән кеші)
  • «Қазақстанның ұлы адамдары» (шығарма)
  • «Тілге құрмет — елге құрмет» (КТК)
  • «Менің елім, менің ауылым» (жоба сайысы)
  • «Лагерь аруы» (қыздар сайысы)
  • «Қандай көркем, туған өлкем!» (табиғатқа саяхат)
  • «Ұлтымның ұланымын» (ер балалар сайысы)
  • «Лагерь жетістіктері» (баспасөзге мақала)

Лагерь жұмысын жоспарлауға ескерілетін даталы күндер

Күні Атауы
1 маусым Халықаралық балаларды қорғау күні
5 маусым Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні
17 маусым Дүниежүзілік ашаршылық пен құрғақшылыққа қарсы күрес күні
26 маусым Есірткі пайдалануға және таратушыларға қарсы халықаралық күрес күні

Мектеп жанындағы лагерь жұмысының күнтізбелік үлгі жоспары (19 күн)

Жалпы кезеңдер

  1. 1Жол жүруге дайындық.
  2. 2Лагерь аймағына келу.

1-күн

  • Балаларды орналастыру.
  • Лагерь өмірі, күн тәртібі және қауіпсіздік ережелерімен таныстыру.

2-күн

Таңертең

Дене шынықтыру (күн сайын).

Күндіз

Топтарға бөліну, тапсырмаларды бөлу. Лагерь ашылуына дайындық.

Түстен кейін

«Біз лагерде қалай тұрамыз?» шарасы.

3–7-күндер (белсенді бейімделу кезеңі)

  • «Ұлтымның ұланымын» сайысына дайындық, күш пен ептілікке арналған ойындар.
  • Әдеп мәдениеті: «Дастархан басында өзін мәдениетті ұстау» әңгімесі.
  • «Мамандыққа саяхат» топтық әңгіме.
  • Ұлттық ойын сайыстары, жергілікті ойындар.
  • Дәрігермен кездесу: күннен сақтану және қауіпсіздік.
  • «Орман кереметі» табиғи материалдардан шығармашылық сайыс.

Ескерту: бастапқы күндердегі іс-шаралар топтың ұйымшылдығын, тәртіп пен қауіпсіздік дағдыларын қалыптастыруға бағытталады.

8–14-күндер (дамыту және шығармашылық кезеңі)

  • Тазалық күні, тыныш ойындар, танымдық кездесулер.
  • Әдеби ойын: «Көп оқыған — көп біледі».
  • Құмнан қалалар/ауылдар жасау сайысы.
  • Ата-аналармен кездесу, достық оты, ән-өлең кеші.
  • Көрме безендіру, әлем халықтарының билері, «Қара жорға» би үйрету.
  • Мүсіндеу, сурет салу, ауыз әдебиетіне саяхат.
  • «Су патшалығы күні» ойынына дайындық және би кеші.

15–19-күндер (қорытындылау кезеңі)

  • Көңілді ойындар күні, топтық жиын: «Менің өмірімдегі ең қызықты күн».
  • «Елімнің ертеңімін» әңгімелесу, мергендер сайысы, ең тапқырлар сайысы.
  • Лагерь жабылуына дайындық, қоштасу концерті.
  • Салтанатты жабылу: сап түзеу, топтардың рапорты, лагерьлік бал-маскарад.

Қазақстандық елжандылық тәрбиесі — ынтымақ пен достық кепілі

Қазақстан — көпұлтты мемлекет. Сондықтан қысқа мерзімге бір ортаға жиналатын лагерь жағдайында әр ұлт баласының өзара ынтымақты, достық қарым-қатынаста болуы, туған елге, өскен жерге және елдің ұлттық мәдениетіне деген шынайы сезімінің үйлесуі ерекше мәнге ие.

Қазақстандық елжандылық — туған елін сүю, ардақтау және жалпы халықтық іске белсенді араласу. Азаматтылық — әлеуметтенген тұлғаның белсенді қасиеті: адам қоғам мен мемлекет дамуының әр кезеңінде саяси-құқықтық белсенділіктің әрі объектісі, әрі субъектісі бола алады.

Елжандылық рухта тәрбиеленген тұлғаға тән қасиеттер

  • мемлекеттік тілді меңгеру
  • Отанға сүйіспеншілік
  • Отан тағдырына жауапкершілік
  • Отан мүддесіне қызмет етуге дайындық
  • өзге ұлт өкілдерінің құқықтарын құрметтеу
  • адамгершілік ұстаным және ішкі тәртіп
  • ішкі еркіндік
  • көшбасшылыққа ұмтылыс

Ұлтжандылық — өз ұлтын сүю, халқы үшін аянбай еңбек ету, ұлттық мүддені қорғау және қайда жүрсе де өз ұлтының өкілі екенін ұмытпау. Сонымен қатар өзге ұлт өкілдеріне құрметпен қарап, қоғамдағы ортақ мәселелерді шешуге үлес қосу.

Осындай асыл сезімдерді бала бойына дарыту үшін туған ел, жер, Отан туралы аңыз-әңгімелерді оқыту және талдау, әндер мен өлең-жырларды жаттату, мәнерлеп орындату — тәрбиелік ықпалы жоғары тәсілдердің бірі.

Туған жер туралы әңгіме

Қазақ ұғымында туған жерден қасиетті еш нәрсе жоқ. Сондықтан жауға қарсы аттанарда немесе ел басына күн туып, уақытша қоныс аударғанда ата-бабамыз кіндік қаны тамған жердің бір уыс топырағын өзімен бірге алып жүрген. Шет өлкеде қайтыс болған адамның сүйегін туған жеріне әкеліп жерлеу дәстүрі де осы киелі түсініктен туған.

Халық нақылы

Ұлтарақтай болса да, ата қоныс жер қымбат.
Ат төбеліндей болса да, туып-өскен ел қымбат.

Қазақ халқы туған жердің табиғатын сақтауға да үлкен мән берген. Табиғатты аялау — елді аялаудың бір көрінісі.

«Ұлтымның ұланымын» атты ер балалар сайысы

Лагерьде балалар түрлі ортадан жиналатындықтан, достықты нығайта отырып, әр ұлттың мақтанарлық мәдениеті бар екенін көрсету маңызды. Сайысқа топтардан әр ұлт өкілдерін қатыстыру ұсынылады.

Балаларды бәсекелестік арқылы жауластырмай, керісінше достастыру үшін номинация санын көбейткен дұрыс. Бұл әр бала еңбегінің еленуіне және ынтасының артуына ықпал етеді.

Сайыстың мақсаты

  • балалардың тіл табысуын, топтың ұжым ретінде қалыптасуын нығайту
  • мемлекеттік тілге және жергілікті халыққа құрмет сезімін арттыру
  • өнерін еркін көрсету арқылы болашақ жетістікке мотивация беру

Ұйымдастыру қағидаты

Жарыс мемлекеттік тілде өтеді. Қорытындысында әділқазылар әр қатысушыны назардан тыс қалдырмай, номинациялар арқылы марапаттайды (лентамен немесе мақтау қағазымен).

Сайыс кезеңдері

  1. 1) «Көргенді елдің баласы» (2–3 минут)

    Өзін таныстыру: аты-жөні, ата-тегі, ұлты, туған-өскен жері. Өлеңмен, әнмен немесе қарасөзбен әсерлі жеткізуге болады.

  2. 2) «Тілге құрмет — елге құрмет» (1–2 минут)

    Қазақ тіліне құрметті бағалау: жұмбақ, жаңылтпаш, мақал-мәтел, тақпақ, ән сияқты тапсырмалар (билет түрінде).

  3. 3) «Күш атасын танымас»

    Күш, ептілік, қырағылық: білек күрес, асық ату, мергендік және өзге спорттық тапсырмалар. Қажет болса, алдын ала өткізіп, ұпайын есептеуге болады.

  4. 4) «Азаматтық айнасы»

    Сұрақ-жауап арқылы білімін анықтау (билет немесе шар ішіндегі сұрақтар).

    • Әнұран авторлары кімдер?
    • Елтаңба авторлары және мағынасы.
    • Халық қаһармандарын атау.
    • Қазақстанда қанша ұлт өкілі тұрады?
    • Қазақстан қай мемлекеттермен шектеседі?
  5. 5) «Өнерпаз болсаң, арқалан» (2–3 минут)

    Өнер көрсету: ән, би, жекпе-жек элементтері, сурет, рөлдік көрініс, көркем сөз және т.б.

Номинация үлгілері

Ұлт ұланы Мақтаулы азамат Маусым жұлдызы Лагердің абзал ұланы Өнерімен көпке жаққан Көрермен көзайымы Болашақ спорт жұлдызы Әдепті жігіт

«Лагерь аруы» атты қыз сыны байқауы

Байқаудың мақсаты — қыз балалардың ұжымда өзара тіл табысуын нығайту, өз мүмкіндіктерін көрсету арқылы жаңа ортада беделін арттыру, достықты күшейту. Сонымен бірге қыз баланың нәзік болмысына тән ерекшеліктерін, өмірдегі орнын ұғындыру.

Байқау кезеңдері

  1. 1) «Қыздар сұлу көрінер сәлемімен» (1–2 минут)

    Сәлемдесу және таныстыру: аты-жөні, ата-тегі, туған жері, Отаны туралы өлеңмен, әнмен немесе қарасөзбен айту.

  2. 2) «Білімді қыз — сүйкімді»

    «Қазақ елі» тақырыбындағы сұрақтарға жауап беру (билет арқылы).

    • Қандай тыйым сөздерді білесіз? Мағынасы қандай?
    • Қазақ батырларын атаңыз.
    • Қазақстанның өнер жұлдызы атанған қыздары кімдер?
  3. 3) «Бармағынан бал тамған» (5 минут)

    Ұлттық тағам дайындау немесе дайындау тәсілін көрсету: қалай, қандай ретпен жасалатынын түсіндіру.

  4. 4) «Он саусағы майысқан» (2 минут)

    Ою-өрнек немесе қолданбалы өнерге қатысты тез жасалатын бұйымды қағазбен/матамен көрсету.

  5. 5) «Тал бойына жарасып…» (1–2 минут)

    Ұлттық киім немесе сән үлгісін көрсету: сахна мәдениеті, жүріс мәнері, үйлесім.

  6. 6) «Өнерлі өрге жүзер» (2–3 минут)

    Өнер көрсету: ән, би, көркем сөз, сахналық қойылым және т.б.

Номинациялар

Лагерь аруы (бас жүлде) Ең сүйкімді (1-орын) Парасатты ару (2-орын) Өнерлі ару (3-орын) Зерделі ару Бесаспап ару

«Тілге құрмет — елге құрмет» көңілді тапқырлар клубы (КТК) байқауы

Мақсаты — лагердегі демалушылардың қазақ тіліне деген ықыласын әзіл-қалжың, ойын формасы арқылы арттыру.

Байқау құрылымы

  1. 1) Сәлемдесу, таныстыру: «Біз кімбіз?» (1–2 минут)
  2. 2) «Әзір жауап» кезеңі: топ басшылары бір-біріне сұрақ қояды немесе жүргізуші сауал тастайды.
  3. 3) Топ басшылары монологы: «Менің тілге деген құрметім» (2 минут)
  4. 4) Үй тапсырмасы: «Тіл — көңіл кілті» (3 минут)
  5. 5) Музыкалық сәлем: «Тілім, тілім, тілім менің…» (3 минут)

«Сағыздық спорт майталмандары ортамызда» — шоу форматындағы кездесу кеші

Түрі: «Кеш қалмаңыз» бағдарламасы желісіндегі шоу, кездесу кеші.

Мақсаты: (1) лагерь демалушыларына Сағыз өңірінің спорт майталмандарын таныстырып, спортқа қызығушылығын арттыру; (2) салауатты өмір салтын насихаттап, спорттағы жетістіктерді үлгі ету.

Көрнекілігі мен құралдары

  • мультимедиялық тақта
  • олимпиада туралы роликтер
  • фото-суреттер, слайдтар

Ұйымдастыру идеясы

Кеш жүргізушілері мен қонақтар арасындағы сұхбат еркін форматта өтеді. Көркем номерлер (би, музыкалық сәлем) аралық «демалыс сәті» ретінде беріледі. Қонақтардың өмір жолы, жаттығу тәртібі, жеңіс тәжірибесі және мотивациясы туралы сұрақтар қойылады.

Жүргізілу үлгісі (ықшамдалған, өңделген нұсқа)

Тәлімгер

Құрметті ұстаздар, оқушылар және қадірлі қонақтар! «Сағыздық спорт майталмандары ортамызда» атты кездесу кешіне қош келдіңіздер! Кешімізді бастамас бұрын «Айданай» бишілер тобының орындауындағы «Айгөлек» биін тамашалаңыздар.

Жүргізуші (лагерь демалушысы)

Бүгінгі кешіміз «Кеш қалмаңыз» бағдарламасы форматында өтеді. Алғашқы қонағымыз — көп жылдар бойы дене тәрбиесі пәнінен дәріс беріп келе жатқан Сатыбалдиев Мақатбай ағай.

  • Сіз мұғалім мамандығын қашан және не үшін таңдадыңыз?
  • Қазақстандағы ірі спорттық жарыстар туралы пікіріңіз қандай?

Келесі қонақ

Келесі қонағымыз — мектеп түлегі, облыстық арнайы (мүгедектер) волейбол құрамасының мүшесі, спорт майталманы Мәтеуов Ернар.

  • Спортқа қызығушылығыңыз қашан басталды?
  • Жарысқа дайындықтағы ең маңызды қағидаңыз қандай?

Слайд арқылы қонақтың сапарлары мен жарыс сәттері көрсетіледі. Аралықта «Айданай» тобының «Қолдаушылар» биі орындалады.

Тағы бір қонақ

Сонымен бірге Сағыз селосындағы №11 кәсіптік лицейдің дене тәрбиесі пәні мұғалімі Ақниет Жанбусинов мырзаны шақырамыз.

  • Спортты дамытуда мектеп пен қоғамның рөлі қандай?
  • Өзіңіздің жолыңызды жалғастырып жүрген шәкірттеріңіз бар ма?

Қорытынды ой

Жазғы демалысты мазмұнды ұйымдастыру — баланың денсаулығын нығайтып қана қоймай, тілге, мәдениетке, табиғатқа және Отанға құрметін тереңдететін тәрбиелік мүмкіндік. Жүйелі жоспар, жас ерекшелігіне лайық әдіс және ынтымақты орта — нәтижелі жұмыстың үш тірегі.