Той тойға ұлассын

Қош келдің, Жаңа Жылым — Қазағыма!

Наурыз — көктеммен бірге келетін жаңару, береке және бірлік мерекесі. Бұл күн — Ұлыстың ұлы күні, жыл басы, табиғаттың түлеп, елдің еңсесі көтерілетін шағы.

Білімділік

Оқушыларға Наурыздың мәнін жан-жақты танытып, халқымыздың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын үйрету; Наурыздың қазақтың ұлттық мейрамы екенін терең ұғындыру.

Дамытушылық

Оқушылардың бойына елге деген мақтаныш сезімін ұялатып, өнері мен мәдениетін құрметтеуге бағыттап дамыту.

Тәрбиелік

Ұлағатты сөздердің мағынасы арқылы адамгершілікке, Отанды сүюге, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге тәрбиелеу.

Сахна шымылдығы: Наурызға арнау

1-жүргізуші

Армысыздар, қадірлі халайық! Ақ қар кетіп, қыс өтіп, шырайлы шуақ жаз жетіп. Шаруаның бұл кенелген күн мейрамы ежелден. Құтты болсын, бұл Наурыз!

Мұғалімнің құттықтауы

Құрметті ұстаздар, ата-аналар, оқушылар! Дәстүрімізге айналған Ұлыстың ұлы күні — Наурыз құтты болсын! Күлімдеген шуақты көктеммен бірге қазақ даласына жаңа жыл келді. Той құтты болсын! Ұлыс оң болсын! Ақ мол болсын! Бұл мереке бәріңізге жақсылық әкелсін!

2-жүргізуші

Ілесіп Наурызбен көктем жетсін, көңілін үлкен-кіші көкке өрлетсін. Ескі жылмен реніш, өкпе кетсін! Наурыз — жыл басы, құтты болсын! Ендеше, кішкентай өнерпаздарымыздың да тілегіне құлақ асайық.

Балалардың Наурызға тілегі

1-оқушы (Айгүл)

Уа, жараңдар, жараңдар! Бәрің бері қараңдар. Наурыз думан басталды, бір сәт зейін салайық. Ғасырлардан ғасырға жаңғырып келе жатқан сан ғұрып бар. Жауқазындай Наурыздың жарапазан жыры бар.

2-оқушы

Күттіріп келген жыл басы, бізбен бірге жырлашы. Елімнің дастарханына береке, ырыс сыйлашы. Ата-бабам тойлаған Наурызым, армысың!

3-оқушы

Келе жатыр жылымыз, мейрамдаймыз мұны біз. Жас балаша нұрланып, жадырасып бәріміз.

4-оқушы

Күннің жаңа нұры бар, мұның ғажап сыры бар. Халық сүйген мейрамды қарсы алайық, Наурызды!

5-оқушы

Наурыз — шыр айналған жылдың басы, адамның өлшенеді өмір жасы. Қазақтың пейіліне жарасады: әр үйде дастарханға толған асы.

Жыл алмасу көрінісі: жылан жылын шығарып салу

Диалог

1-жүргізуші: Құрметті халайық! Өткен жылан жылына еш өкпеміз жоқ, солай ма?
Көпшілік: Иә, өкпеміз жоқ.
2-жүргізуші: Ендеше, «өткенге — салауат, болашаққа — аманат» дегендей, жылан жылын шығарып салайық.

Жылан жылының қоштасуы

Ел іргесі бүлінбей, бейбіт тыныштық сақталды. Лайым солай болғай. Өзімнің орнымды басар жылқы жылына да тілерім сол: әрдайым бақыт, бейбіт өмір болсын. Бөбектеріміздің жүзінен күлкі арылмасын. Аманшылықта жолығайық!

Жаңа жыл — Жылқы жылы

Айтқаныңыз келсін, жылан! Мен де бір қонақпын: он екі айда оралар. Үлкендерден ақ ниет, тілек айтсын балалар. Уа, Құдайым оңдасын, Қыдыр бабам қолдасын. Жаңа жыл бізді жарылқа! Әумин.

2-жүргізуші: Төрлет, Наурыз — елімнің бақ-береке, ырыс мейрамы! Жаңа жыл есігімізге жақсылық болып енсін! Қадамыңа нұр жаусын, Жылқы жылы!

Наурыз келді: шашу, тілек, көрісу

Өлең жолдары

Альмира: Жасасын деп шіркін — Наурыз, құтты болсын, айтқан атамыз. Барлық үйге кіріп-шығып, барлық үйден дәм татамыз.

6-оқушы (Сағыныш): Наурыз келсе — құт келгені, халайық! Есік ашып, шашу шашып, ел болып қарсы алайық!

Наурыздың батасы

Наурыз: Жайнатамын бар гүлді, сайратамын бұлбұлды. Мейрам етіп бұл күнді — көрісейік біз енді.

7-оқушы: Қош келіпсің, Наурыз! Арман тойы халықтың, қуанышы халықтың. Құтты болсын қадамың! Сәлем бердік біз сізге!

Наурыз туралы қысқаша

Наурыз — Ұлыстың ұлы мерекесі, жыл басы. Бұл — күн мен түн теңелетін шақ. Парсы тілінен аударғанда «нау» — жаңа, «руз» — күн деген мағына береді.

Айтыс: жыл санау және жылқы жылы

Мұғалім

Жез таңдай, күміс көмей ақындарсыз қазақтың қай тойы өтіп еді?! Бүгінгі думанға айтыскерлерімізді шақырдық.

Айтыс үзіндісі

1-айтыскер (Алишер)

Мінгені сылқымдардың берен екен, өнері талаптының өлең екен. Сұрайын, қайыруын айтып берші: бірінші жылға кірген немене екен?

2-айтыскер

Айтайын сұрағыңа анық жауап: бірінші жылға кірген — тышқан екен.

1-айтыскер (Алишер)

Биылғы жылдың атын айтып берші, білгеннен соң тағы да ой толады.

2-айтыскер

Біліп ал, мен айтайын мұның жайын: биылғы кірген жыл — жылқы болар.

Екеуі бірге: Айтысты аяқтайық осыменен. Сау болып тұрыңыздар, халқым менің!

Өлең шумақтары

8-оқушы

Наурыз мейрам жүректерге нұр сепкен, маңдайымнан сүйеп жатыр күн — көктем. Жарығымен, шуағымен Күн-Ана алып келдің жер бетіне гүл көктем.

9-оқушы

Қош келдің, Наурызым ардақты, халқым саған бар үмітін арнапты. Жылда осылай келе бергін жасарып, гүлге бөлеп, нұрға бөлеп аймақты.

10-оқушы

Күн мен түн теңелді, жер шуаққа кенелді, қуанышта ел енді. Наурыз келді — салтымыз: көгерсін деп халқымыз көшеге тал егеді.

Күн мен түн теңелер шақ

Жүргізушілер сөзі

Қазақ халқы Наурызды 22 наурыз күні қарсы алады. Бұл — күн мен түн теңелетін мезет, табиғаттың жаңаратын кезеңі.

Көрініс: Күн мен Түн

Күн: Сәулесі мол Күнмін.
Түн: Жұлдызы көп түнмін.
Екеуі бірге: Бүгін біздер бірдей боп теңелеміз.
Түн: Ал ертең күн ұзақ.
Күн: Түн қысқарар, бірақ.
Екеуі бірге: Ұйқы қанбай қалып жүрмеңдер тек, шырақ.

Наурыз думаны

Наурызда ән айтылып, күй төгіліп, би биленеді. Бұл — елді жақындастыратын, қуаныш пен ырысты ортақтастыратын мереке.

Қазақ биі: мерекелік би қойылымы.

Қыдыр ата және ақ бата

Наурыз түні туралы таным

Аңыз бойынша, 21 наурыз түні сағат 3 шамасында даланы Қыдыр ата аралайды. Үйге жаңа күн кіргенде «жарық көбейсін» деп қос шырақ жағылады. Ыдыс-аяқ атаулы ырысқа деп молынан толтырылады, жеті түрлі тағам әзірленіп, береке тіленеді.

Қыдыр атаның батасы

Сұрасаң бата берейін, үстем болсын мерейің. Ықыласпен қол жайсаң, ақ тілекті төгейін.

Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын, қайда барсаң жол болсын!

Ұлыс бақты болсын, төрт түлік ақты болсын!

Ұлыс береке берсін, бәле-жала жерге енсін!

Ұлы халқым тоқ болсын, көйлектерің көк болсын!

Уайым-қайғы жоқ болсын, қуаныштарың көп болсын!

Әумин.

Ән: «Қазағымның дәстүрлері-ай».

Тазша бала және үш би: өнеге мен өсиет

Көрініс: Тазша баланың келуі

Есік қағылып, өңі алау-далау, алқынып бір бала кіреді: басында кепеш, үстінде жамау-жамаулы ескі шапан, аяғында қазақы шоқайма етік.

Тазша бала: Оу, амансыңдар ма, балалар, қадірменді аға-әпкелер?! Ұлыстарың оң болсын, қуаныштарың мол болсын!

Оқушы: Рахмет тілегіңе. Бірақ сені танымай тұрмыз. Атыңды айт.
Тазша бала: Түптеп келсек, бәріңе таныс Тазшаның дәл өзі боламын. Наурыз тойы болып жатыр деген соң, тарих қойнауында жата алмай жеттім. Танымай қалар деп сүйікті киімдерімді киіп келдім.

Тазша бала: Жалғыз келді демеңдер: асаларына сүйеніп, үш абыз арттан келе жатыр. Енді табалдырықтан аттар.

Тарихи тұлғалар

Халықтың бірлігі мен тұтастығына еңбек сіңірген әз бабаларымыз — Төле би, Қаз дауысты Қазыбек би, Әйтеке би — жұртқа өнегелі өсиет айтуға келеді.

Билердің өсиеті

Төле би

Жаңбыр жаумаса жер жетім, басшысы болмаса ел жетім, ұқпасқа айтқан сөз жетім. Атың жақсы болса — ер жігіттің пырағы. Балаң жақсы болса — жан мен тәннің шырағы.

Қазыбек би

Тату болса — ағайын жақын, ақылшы болса — апайың жақын. Бауырмал болса — інің жақын. Алдыңа татқан адал асыңды қимас жақын — қарындасың.

Әйтеке би

Ашу бар жерде ақыл тұрмайды. Ашу — ағын су: алдын ашсаң арқырар. Ақыл — дария: алдын тоссаң тоқырар. Сөз қуған пәлеге жолығады, жол қуған олжаға жолығады.

Мұғалім: Даналарымыздың асыл сөздерін жадымызда сақтап, өмірімізге үлгі етейік.

Салт-дәстүр сабақтастығы: шілдехана, бесікке салу, тұсау кесу

Той жалғасы

Наурыз — салт-дәстүрімізді жаңғыртатын, берекемізді арттыратын мереке. Бүгін ауыл ішінде қуанышты хабар бар: әжеміз немерелі болыпты. Ендеше, шілдехана тойына атсалысайық.

Шілдехана

Қуаныштың бастауы — жаңа туған сәбиді жұрт болып қарсы алып, ақ тілек айту.

Бесікке салу

«Бөл, бөл, бөбек…» деген әлдиімен, баланы бесікке бөлеп, амандығын тілейтін ізгі рәсім.

Тұсау кесу

Баланың қадамы нық болсын деп, тұсауын кесіп, ақ жол тілейтін дәстүр.

Жаңғыртқан дәстүріме рақмет, елім. Тербетсін шаттық әні қазақ жерін. Той бастаған қадамың құтты болсын — жалғайтын дәстүрімді бөбектерім!

Қара жорға

Тәуелсіз биік халқымның желбіреп туы шалқысын. Көктем келіп еліме, Жер-Ана бойы балқысын. Жаңғырар дәстүр-салтымның — «Қара жорға» биі орындалады.

Бұл биге балалармен бірге ата-аналар мен қонақтар да қосылып, ортаға шығады.

Қорытынды: Наурыз құтты болсын!

Жүргізушілердің тілегі

Наурыз — шаттық әніміз, салтанатты сәніміз. Ән салып, би билейік бәріміз. Егін өңін толқытқан, елдің көңілін шалқытқан мереке — Наурызға бас иеміз!

Мұғалімнің баталы сөзі

Наурыз құтты болсын! Деніміз сау, күшіміз мықты болсын. Наурыз тойы келе берсін! Барша жұрт бақытты болсын, еліміздің несібесі мол болсын!

Мерекеміздің соңында Наурыз көжеден дәм татып, ақ дастарханның берекесін бірге бөлісейік.