Абайдың тоғызыншы қара сөзіТОҒЫЗЫНШЫ СӨЗОсы мен өзім - қазақпын
Тоғызыншы сөз
Осы мен өзім — қазақпын. Қазақты жақсы көрем бе, жек көрем бе?
Жақсы көру мен үміттің таразысы
Егер жақсы көрсем, қылықтарын қостасам керек еді. Әрине, бойларынан адам сүйерлік, көңілге тиянақ қыларлық бір нәрсе табуым керек болатын. Соған сүйеніп, не үмітімді үзбейін, не болмаса «мынасы болмаса да, мұнысы бар ғой» деп, көңілге қуат қылар едім. Бірақ ондайым жоқ.
Негізгі түйін
Жақсы көру — тек сезім емес, тірек болатын қасиет табу. Ал тірек табылмаса, үміт те әлсірейді.
Жек көрудің де жолы бар, бірақ ол мүмкін емес
Егер жек көрсем, сөйлеспей, мәжілістес те, сырлас та, кеңестес те болмауым керек еді. Тобына бармай, «не қылды, не болды?» демей, жата беруім керек еді. Ол мүмкін болмаса, бұлардың ортасынан көшіп кетуім керек еді.
Бірақ бұларды жөндеймін деуге де, «жөнделер, үйренер» деуге де үмітім жоқ. Осылардың біріне де бара алмадым. Бұл қалай? Айтылғанның бірін тұтпай болмас еді ғой.
Қақтығыс
Жақсы көруге негіз жетпейді, жек көруге мүмкіндік жоқ. Екі арадағы күй — жанның шаршауы.
Ішкі өлі тыныштық
Мен өзім тірі болсам да, анық тірі де емеспін. Мұның себебі осылардың ызасынан ба, әлде өзіме өзім ыза болғанымнан ба, яки бөтен бір себептен бе — білмеймін. Сыртым сау болса да, ішім өліп қалыпты.
-
Ашулансам — ызалана алмаймын.
-
Күлсем — қуана алмаймын.
-
Сөйлегенім — өз сөзім емес; күлгенім — өз күлкім емес, бәрі де әлдекімдікі.
Үміт үзілген соң, жалын да бәсеңдейді
Қайратты күнімде қазақты қиып, бөтен жаққа кетпек түгіл, өзін жақсы көріп, үміт етіп жүріппін. Ал қашан әбден біліп, үмітімді үзген кезде, өзге жаққа барып, жатты өз қылып, үйір боларлық қайрат пен жалынның өзі де сөніп қалған екен.
Сол себептен бір жүрген қуыс кеудемін.
Соңғы ой: қимастықсыз кетуге дайындық
Тегінде ойлаймын: бұл да жақсы. Өлер кезде «әттеген-ай, сондай-сондай қызықтарым қалды-ау» деп қайғырмай, алдыңғы тілеу болмаса да, артқа алаң болмай өлуге.
Ескертпе
Бұл мәтін — Абайдың қара сөздерінен. Мұнда адам мен қоғам арасындағы ішкі қайшылық, үміттің сөніп-бәсеңдеуі, және жанның күйзелісі айқын суреттеледі.