Білгірлер тобының ұраны

Сабақтың мақсаты мен міндеттері

  • Анықтамалық құралдармен және сөздіктермен жұмыс істеу білігін дамыту.
  • Кітапқа ұқыптылықпен және құрметпен қарау мәдениетін қалыптастыру.
  • Білімге және кітап оқуға қызығушылықты арттыру.
  • Тез шешім қабылдау қабілетін және тіл байлығын дамыту.

Сабақ түрі

Сайыс-сабақ

Көрнекілігі

Кітапхана іші шарлармен және кітап туралы нақыл сөздермен әсем безендіріледі.

Нақыл сөздер мен негізгі ой

«Тек кітап қана алға жылжуды, адамдық шыңына шығуды үйретеді».
Н. Ә. Назарбаев

Кітап — жан айнасы.

Кітап — таусылмайтын азық.

Кітап — оқу құралы, білім сандығы.

Кітап — ойдың талмас қанаты.

Сайыс кезеңдері

  1. 1-кезең

    «Кітапхана — кітап үйі» сұрақ-жауап

  2. 2-кезең

    Кітапты ұқыпты ұстау бойынша көріністер

  3. 3-кезең

    «Кітап — біздің досымыз» тақырыбында шығарма

  4. 4-кезең

    Кітап тарихына байланысты сауалнама сұрақтары

Сабақ барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

Кітапханашы: Сәлеметсіздер ме, құрметті қонақтар мен оқушылар! Бүгінгі «Білім көзі — кітапта» атты кітапханалық ашық сабаққа қош келдіңіздер. Абай атамыз айтқандай:

«Талап қыл артық білуге, Артық білім — кітап».

Ілім-білімнің сарқылмас қазынасын кітаптан аламыз. Адамзат баласының ежелден келе жатқан үш құндылығы бар: білім, ғылым және өнер. Осы құндылықтардың қыр-сырын түсінуге, түрлі жаңалықтарды ашуға жетелейтін бірден-бір орта — кітапхана.

Сабақ ойын түрінде өтеді. Қазір алдарыңызға екі топ шығады: «Тапқырлар» және «Білгірлер». Әр топ өз ұранын айтады.

II. Топтарды таныстыру

1-топ

«Тапқырлар»

Ұраны: «Талап қыл артық білуге, артық білім ғылымда». — Абай

2-топ

«Білгірлер»

Ұраны: «Оқу — білім қазығы, адамның азығы. Оқу — өмірдің сәні, тіршіліктің шамы». — С. Сейфуллин

III. Әділқазылар алқасы

Әділқазылар алқасы сайыс кезеңдерінде жауаптардың толықтығын, дәлдігін және топтық жұмыстың үйлесімділігін бағалайды.

1-кезең: «Кітапхана — кітап үйі» сұрақ-жауап

Екі топқа кезекпен сұрақ қойылады. Бірінші топ жауап бере алмаса, екінші топ жауап береді. Толық жауапқа 2 ұпай, толық емес жауапқа 1 ұпай беріледі.

1

Таусылмас байлық, сарқылмас қазына — кітап.

2

Кітап үйі — кітапхана.

3

Кітап құрылысы: мұқаба (кітап сырты), титулдық бет, форзац және т.б.

4

Титулдық бетте авторы, кітаптың атауы, баспаның аты, шыққан жылы көрсетіледі.

5

Аннотация — кітап туралы қысқаша мәлімет.

6

Аннотациядан бөлек кітап туралы мәліметтер: алғы сөз, безендірілуі, мазмұны.

7

Анықтамалық әдебиеттер: сөздіктер, анықтамалықтар, энциклопедиялар.

8

Біздің кітапханада әр пән бойынша түрлі анықтамалық әдебиеттер бар.

2-кезең: Кітапты ұқыпты ұстау бойынша көріністер

Тапқырлар тобы

«Кітап күнтізбе емес»

Көрініс

Үшінші сыныпта оқитын інісінің ана тілі кітабын көрген ағасы таңданып: «Берік, бері келші!» — деді.

«Ана тілі кітабыңның бас жағындағы алпыс бетін кім жыртып тастаған?» — деп сұрады. «Мен», — деді Берік.

«Неге?» — «Керегі жоқ қой. Өтіп кеткен сабақтар… Күнде өткен сабақты жыртып тастаймын. Әйтпесе қай тақырыпты өттік, қай тақырыпты өтпедік білмей шатасамын», — деді ол.

Ағасы қабағын түйіп: «Бұлай етуге болмайды. Кітапты жыртуға болмайды. Кітап — біздің досымыз», — деді.

Берік бұл сөзді түсініп, содан кейін кітаптарын жыртпайтын болды.

Білгірлер тобы

«Ескі кітап»

Көрініс

Жаңа оқу жылы басталып, оқушылар мектеп кітапханасынан оқулық ала бастады. Ләйлә үшінші сыныпқа өтті.

Үйіне келгенде анасы оның қабағындағы кірбіңді байқап: «Қызым, не болды?» — деп сұрады. Ләйлә: «Маған мұқабасы мыж-мыж ескі кітаптар берді. Мұндай кітапты оқығым келмейді», — деп көзіне жас алды.

Анасы: «Қызым, кітаптың сыртына емес, ішіне үңіл. Ақылы бар бала жыртылған жерін желімдеп, тысын қаптап, қайта жаңартады. Кітап — әр адамның сырлас досы. Оны күтіп ұстап, кейінгі іні-сіңлілеріңе берген дұрыс», — деді.

Анасының сөзін мұқият тыңдаған Ләйлә кітаптарын желімдеп, ретке келтіре бастады.

3-кезең: «Кітап — біздің досымыз» тақырыбында шығарма

Бұл кезең — топтық жұмыс. Екі топқа да таза парақ беріледі. Бірінші оқушы бір сөйлем жазып бастайды, келесі оқушы жалғастырады. Әр қатысушы бір сөйлемнен жазуы тиіс. Соңында мағыналық тұрғыдан байланысқан мәтін құралады.

4-кезең: Кітап тарихына байланысты сауалнама

Сұрақтар кезек-кезек қойылады. Бір топ жауап бере алмаса, келесі топ жауап беруге мүмкіндік алады.

1

Папирус — өсімдік жапырағынан жасалған жазу материалы.

2

Ертеде адамдар жазуға тас, балшық, қағаз, папирус, пергамент қолданған.

3

Баспа станогын алғаш ойлап тапқан — Иоганн Гутенберг (XV ғасыр, Германия).

4

Русьте кітап басуды алғаш жолға қойған — Иван Федоров.

5

Қазақстандағы кітап баспалары: Атамұра, Рауан, Мектеп, Аруна, Шакура, Алматыкітап және т.б.

6

Ежелгі Египеттегі ең үлкен кітапхана Александрия қаласында орналасқан. Онда папирусқа жазылған 70 мыңнан астам түтікке оралған ленталар сақталған.

Қорытынды

Кітапханашы: Осымен «Білім көзі — кітапта» атты сабағымыз аяқталды. Сайыстың қорытындысын шығару үшін сөзді әділқазылар алқасына береміз. (Қорытынды жарияланып, марапаттау рәсімі өтеді.)

Сабаққа белсене қатысқандарыңыз үшін рахмет! Келесі кездескенше, сау болыңыздар!