Сабақтың тақырыбы. Аралас сабақ

Сабақтың тақырыбы

Ахмет Байтұрсынов: «Егіннің бастары» (презентациямен).

Сабақтың мақсаты

  • Білімділік: А. Байтұрсыновтың өмірі мен шығармашылығы туралы қысқаша мәлімет беру; «Егіннің бастары» өлеңінің тақырыбы мен идеясын ашу.
  • Дамытушылық: тыңдап түсіну, шапшаң ой қорыту дағдыларын қалыптастыру; өлең талдау машығын жетілдіру.
  • Тәрбиелік: өлеңдерді оқи отырып адамгершілікке баулу; жақсы және жаман әдет-қылықтарды ажырата білуге бағыттау.

Әдіс-тәсілдер

  • Сұрақ-жауап
  • Әңгімелеу
  • Талдау

Сабақ түрі

  • Аралас сабақ
  • Шығармашылық-ізденіс сабағы

Қамтылатын ресурстар

  • Пәнаралық байланыс: қазақ тілі, әдебиет теориясы, бейнелеу өнері
  • Көрнекілік: интерактивті тақта, слайдтар

Сабақтың барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

  • Оқушылармен сәлемдесу.
  • Кезекшінің мәліметі.
  • Оқушыларды түгендеу.
  • Назарды сабаққа аудару, жұмыс ырғағын қалыптастыру.

II. Үй жұмысын тексеру

Өткен тақырыпты бекіту мақсатында Абай Құнанбаевтың шығармашылығына қатысты сұрақтар қойылады.

Қайталау сұрақтары

  • Абай Құнанбаев кім?
  • Абай поэзиясының негізгі арқауы не? (ғылым, білім, еңбек)
  • 1890–1898 жылдар аралығында жазылған шығармалары қалай аталады? (Қара сөздер)
  • Қара сөз дегеніміз не? (еркін ой білдіру формасы; адамгершілік пен мораль мәселелеріне арналған өсиет, толғау)
  • Абайдың қанша қара сөзі бар? Үйге қай қара сөзден үзінді жаттау берілді? (38-қара сөз)

Тыңдалым және талқылау

  • 38-қара сөзден үзінді тыңдау.
  • С. Садиевтің «Абайдың қара сөздері» атты өлеңін тыңдап, қара сөздерге берілген бағаны анықтау.
  • Абай қандай жаман қасиеттерден аулақ болуды ескертеді? (надандық, білімсіздік, талапсыздық, жігерсіздік, ұятсыздық, еріншектік)
  • Ол қасиеттерден сақтану үшін не істеу керек? (білім алу, жақсы оқу, еңбек ету, тәрбиелі болу)

Абай халқымызды өнер-білімге, адамгершілікке үндесе, ХХ ғасыр басында осы ағартушылық бағытты жалғастырған көрнекті тұлғалардың бірі — Ахмет Байтұрсынов. Бүгінгі сабақ «Егіннің бастары» мысалы арқылы кішіпейілділік пен тәкаппарлық тақырыбын талдауға арналады.

Жұмыс: дәптерге тақырыпты жазу, сабақ мақсаттарын нақтылау.

III. Жаңа сабақты меңгерту және бекіту

Мұғалімнің кіріспе сөзі

Бүгін біз А. Байтұрсыновтың өмірі мен еңбектеріне қысқаша тоқталып, «Егіннің бастары» өлеңінің тақырыбы мен идеясын ашамыз. Интерактивті тақтадағы мәліметтер негізінде тұлғаға қатысты кластер құрастырамыз.

Ахмет Байтұрсынов туралы кластер

  • Халықты оқуға шақырған, ағартушылық қызмет атқарған; қазақ ауылдарында орысша-қазақша мектеп ашып, балаларға сабақ берген. (ағартушы, қоғам қайраткері, ұстаз)
  • Қазақ балаларына арналған оқулықтар жазды: «Оқу құралы» (1912), «Тіл құралы» (1914), «Әдебиет танытқыш». (жазушы)
  • Араб жазуы негізінде қазақ әліпбиін жүйеледі. (ғалым-лингвист)
  • «Маса» өлеңдер жинағының авторы (1911); өлеңдері: «Қазақ салты», «Қазақ қалпы», «Жиған-терген», «Досыма хат», т.б. (ақын)
  • Абай дәстүрін жалғастырып, мысал жанрында шығармалар жазды. (мысалшы)
  • И. А. Крылов мысалдарын қазақ тіліне аударып, «Қырық мысал» (1909) жинағын шығарды. (аудармашы)

Негізгі ұғымдар

Мысал — адамға сабақ болар өсиеті бар, шағын аллегориялық шығарма (көбіне өлең түрінде берілетін тәрбиелік әңгіме).

Әдетте мысалдың соңында түйінді ой (мораль) беріледі.

Аллегория — астарлау, тұспалдау, меңзеу арқылы суреттеу.

  • Астарлау: сөздің тура мағынасы емес, жасырын мағына беру.
  • Тұспалдау: жасырын ойды жанама түрде жеткізу.
  • Меңзеу: ишара ету, емеурін білдіру.

Бүгін біз А. Байтұрсыновтың И. И. Хемницерден аударған «Егіннің бастары» мысалын оқып, негізгі идеясын анықтаймыз.

Ескерту: И. И. Хемницер — орыс ақыны, мысалшы.

Жаңа сөздер

Сайран ету, қыдыру

гулять, прогуляться

Дән

зерно

Тағзым ету

поклоняться

Көкке қарау

смотреть на небо

Мән

значение

Қайран қалу

удивляться

Егінші

земледелец

Тәкаппар

высокомерный

Көпке балау

приравнивать со всеми

Шікірею

хвастаться, гордиться чем-либо

Мәтінмен жұмыс

  • Мұғалім мысалды мәнерлеп оқиды.
  • Оқушылар мәтінді тізбектей оқиды.
  • Рөлге бөліп оқу арқылы интонация мен мағынаны дәл жеткізу.
  • Тақырыпты анықтау: мәтінде қандай мәселе көтеріледі?
  • I шумақтағы негізгі ойды түсіндіру.

Сұрақ-жауап (талдау)

  1. Баласы мен әкесі қайда барды?
    Егін егілген жерге барды.
  2. Бидайлар қандай күйде суреттеледі?
    Бастары дәнге толы болғандықтан иіліп, тағзым етіп тұрғандай көрінеді.
  3. Бала неге таңданды?
    Жалғыз бір бидайдың басын тік ұстап, көкке қарап тұрғанына таңданды.
  4. Ол әкесінен нені сұрайды?
    «Бұл бидайдың дәні көбірек пе, әлде ол өзгелерді менсінбей тұр ма?» деген мазмұнда сұрақ қояды. (Мәтіннен тауып оқыту.)
  5. Әкесі қалай жауап береді?
    Түріне қарап алданбауды, иілген бастарды кем санамауды түсіндіреді. (Мәтіннен тауып оқыту.)
  6. Бидай бейнесі нені меңзейді? Мұндай адамдар өмірде кездесе ме?
    Салыстыру арқылы кішіпейілділік пен тәкаппарлықтың белгісін талдау.
  7. Мысалдың негізгі түйіні (моралі) қай жолдарда берілген?
    Қорытынды ойды білдіретін жолдарды мәтіннен тауып, дауыстап оқу.