Құстарды топқа бөлу
Сабақ туралы жалпы ақпарат
Тақырыбы
§56. Құстарды топқа бөлу
Сыныбы
7
Сабақтың түрі
Аралас
Сабақтың типі
Жаңа сабақты меңгерту
Әдіс-тәсілдер
Түсіндіру, сұрақ-жауап, ойын элементтері, тірек-сызба
Көрнекіліктер
- Құстардың суреттері
- Құстардың тұлыптары
- Құс жұмыртқасы
- Мамық, қауырсын
- Құстар туралы видеороликтер
Сабақтың мақсаттары
Білімділік
Оқушыларға құстардың топтарға бөлінуін, қыртөссіздер мен қыртөстілер қаңқасының басты ерекшелігін, құстардың жануарлар дүниесіндегі маңызды топ екенін түсіндіру. Құстардың тіршілігі, адамға пайдасы, жыл маусымдарына байланысты жіктелуі, Қызыл кітапқа енген түрлер және саятшылық туралы жалпы түсінік қалыптастыру.
Тәрбиелік
Құстарды қорғауға, оларға қамқор болуға баулу; құстардың адам өміріндегі маңызын дәріптеу. Ұқыптылыққа, нақтылыққа және жауапкершілікке тәрбиелеу.
Дамытушылық
Құстарды топтарға бөлу және әр топтың ерекшеліктерін жүйелеу арқылы оқушылардың қызығушылығын арттыру. Білімді қорытындылау, жүйелі сөйлеу дағдысын және ой-өрісін дамыту.
Сабақтың барысы
Ұйымдастыру кезеңі
- Оқушылармен сәлемдесу, түгелдеу.
- Сабаққа дайындығын тексеру.
- Назарын жаңа сабаққа бейімдеу.
Үй тапсырмасын тексеру
§55. Қауырсын жабынды жануарлар тақырыбын еске түсіру.
Ойын форматы
«Кім жылдам?» және «Ағаштар бүршік жарғанда» ойыны: ағаштағы «жапырақтар» мен «құстарды» орнына қайтару үшін сұрақтарға жауап беріледі.
Қайталау сұрақтары (сұрақ-жауап)
Терідегі бездер
Құстардың терісінде қандай бездер бар және олар қандай қызмет атқарады?
Қанайналым
Құстардың қан тарату жүйесінің ерекшелігі неде?
Омыртқа жотасы
Құстың омыртқа жотасының бөлімдерін ата.
Тыныс алу
Құстар қалай тыныс алады?
Жақ сүйегі
Құстардың жақ сүйегі неге айналған?
Балапандар
Ширақ балапан және қызылшақа балапан дегеніміз не?
Зәр шығару
Құстардың зәр шығару жүйесі қандай?
Дене бөлімдері
Құстардың денесі қандай бөлімдерге бөлінеді?
Қаңқа
Құстардың қаңқасы қандай бөлімдерге бөлінеді?
Асқорыту
Құстардың асқорыту жүйесінде өзіне тән қандай ерекшеліктер бар?
«Ойлан, тап» (қысқа сұрақтар)
- Құстардың дүниежүзінде таралған түр саны қанша?
- Құстарды зерттейтін ғылым қалай аталады?
- Қауырсын жабынды жануарлар дегеніміз не?
- Құстарды неліктен жылы қандылар деп атайды?
- Құстар қалай ұрықтанады?
- Жемсау дегеніміз не?
- Қосарланып тыныс алу дегеніміз не?
Жаңа сабақ: Құстарды топқа бөлу
Құстар — омыртқалы жануарлардың ішінде жер шарында кең таралған топ. Дене құрылысы мен тіршілік әрекетіне қарай құстарды үш негізгі топқа бөлуге болады:
-
Қыртөссіздер
Жүгіретін құстар
-
Жүзетін құстар
Пингвиндер
-
Қыртөстілер
Ұшатын құстар
1) Қыртөссіздер (жүгіретін құстар)
Негізгі ерекшеліктері
- Төс сүйегі жалпақ, қыры болмайды.
- Ұша алмайды, бірақ құрлықта өте жылдам жүгіреді.
- Қанат қауырсындары доғал, аяқтары жақсы жетілген.
Мысалдар
Африкалық түйеқұс
Ең ірі түйеқұс; салмағы 90 кг-ға дейін жетеді. Ерекшелігі — аяқтарында екі ғана саусақ болады. Еті мен жұмыртқасы тағамға, қауырсыны әсемдікке пайдаланылады. Қазақстанда Қостанай облысында алғаш қолдан өсіріле бастады; қазір Алматы облысы (Есік маңы) және Шымкент маңында фермалар бар.
Нанду
Үш саусақты, қанаты жақсы дамығанымен ұша алмайды, жылдам жүгіреді. Оңтүстік Американың далалы және шөлейтті аймақтарында таралған. Қоразы жұмыртқа басып, ұрпағына қамқорлық жасайды. Салмағы шамамен 25 кг.
Қазуар және эму
Қазуардың қауырсыны ірі қылшықты, басында мүйіз текті айдары болады; салмағы 80–90 кг. Жаңа Гвинея мен Австралияда кездеседі. Эму Австралияның құрғақ далалы өңірлерінде таралған; салмағы 45–50 кг, жұмыртқасын қоразы басады.
2) Жүзетін құстар (пингвиндер)
Пингвиндер — құстардың ерекше тобы. Олар тек оңтүстік жарты шарда таралған, әсіресе Антарктида жағалауында жиі кездеседі. Жұп құрып тіршілік етеді және жұбын өмір бойы сақтайды. Көбею кезінде мыңдап топтасып, тастақты жерге ұя салады.
Көбеюі
Көбіне 1–2 жұмыртқа. Қоразы мен мекиені кезектесіп басады.
Қалтасы
Көп түрлерінде құрсағында тері қатпарлы қалта болып, жұмыртқаны жауып тұрады.
Мысал
Үлкен пингвин — ең ірісі (110–120 см, 45 кг), жұмыртқасын қыста басады. Корольдік пингвин — сәл кіші.
Кең таралған түрлер: қоршаукөз, алтыншашты, галапагостық, көзілдірікті пингвиндер. Пингвиндердің кәсіптік мәні жоқ.
3) Қыртөстілер (ұшатын құстар)
Қыртөстілер — қазіргі құстардың ең көптүрлі тобы. Тіршілік ететін ортасына қарай бірнеше экологиялық топқа бөлінеді.
Сулы және батпақты жер құстары
- Саусақтарының арасында жүзу жарғағы болады; жақсы жүзіп, сүңгиді.
- Көпшілігінің тұмсығы жалпақ, жиектерінде майда «тісшелер» болады (қоректі сүзіп ұстауға бейім).
Мысалдар
Дауылпаздар, шағалалар, сұқсырлар; қаздар, бірқазандар, дегелектер, қоқиқаздар, тырналар.
Орман құстары
Денелері көбіне шағын, қанаттары сүйірлеу келеді. Бұл топқа тоқылдақтар, көкектер, жапалақтар, тотықұстар және торғайлардың көпшілігі жатады.
Тоқылдақтардың бейімделуі
- Мықты, үшкір тұмсық.
- Екі саусақ алға, екі саусақ артқа бағытталып, ағашқа өрмелеуге көмектеседі.
- Қатты құйрық қауырсындары тірек қызметін атқарады.
- Ұзын, үшкір тіл арқылы қабық астындағы жәндіктерді теріп жейді.
Ашық далалы алқап құстары
Қанаттары кең, қалықтап ұшуға бейім. Кейбір түрлерінің аяқтары жақсы жетілгендіктен жылдам жүгіре алады. Тұмсығы қысқа, доғал немесе иіліп келген өткір болады.
Күндізгі жыртқыштар
Тазқара, бүркіт, жұртшы.
Тауықтәріздестер
Бөдене, кекілік, ұлар, қырғауыл.
Дала-қуаң аймақ түрлері
Дуадақтар (безгелдек, жорға дуадақ), бұлдырықтар, бозторғайлар.
Жыл маусымына байланысты құстардың топтары
Жыл мезгілдерінің ауысуы құстардың тіршілігіне елеулі әсер етеді: көбею, қоныс аудару (жылыстау) сияқты өзгерістер байқалады. Осыған байланысты құстарды үш топқа бөледі.
Жыл құстары
Күзде оңтүстіктегі жылы аймақтарға қоныс аударып, көктемде қайта оралады. Жұп құрып, ұя салып, балапан өргізіп көбейеді.
Халықтық таным
Көктемнің алғашқы айында жауған соңғы қарды «құс қанатының ызғары» деп есептейді.
Көшпелі құстар
Күзде және қыста ауа райы қолайсызданғанда солтүстіктен оңтүстікке қарай жылыстайды.
Мысал
Полюстік үкі, кейбір жыртқыш құстар.
Қыстап шығатын құстар
Жыл бойы бір аймақта тіршілік етеді, көбейеді және ешқайда қоныс аудармайды.
Мысал
Қарға, торғай, шымшық, сауысқан.
Қоныс аударуды қалай анықтайды?
Құстардың жылыстауын аяқтарына сақина салу арқылы анықтайды. Қазақстанда құстарға сақина салу орталығы Жамбыл облысы, Жуалы ауданындағы Шақпақтас асуында орналасқан.
Қызыл кітап және құстарды қорғау
Қазақстанның Қызыл кітабына 1996 жылы 11 отрядқа жататын 56 құс түрі тіркелген. Олардың қатарында қараша қаз, қутұмсық қаз, сұңқылдақ аққу және кіші аққу, мәрмәр және шүрегей үйректер бар.
Аққу — киелі құс
Халық аққуды ерекше қасиетті құс санайды. Аққу туралы аңыздар, әңгімелер, күйлер кең тараған. Ол пәктіктің, адалдықтың, сұлулықтың белгісі ретінде құрметтеледі.
Қыран құстар және саятшылық
Сұңқартәріздестерге балықшы тұйғын, лашын, бүркіт, аққұйрықты субүркіт, ақсұңқар, ителгі, сақалтай, жұртшы, құмай жатады. Тұмсығы мен тырнағы өткір болып, жемтігін бүріп ұстауға бейімделген.
Атаулар
Қыран құстың қоразы — шәулі, мекиені — ұябасар, балапаны — ақүрпек.
Дәстүр
Саятшылық — қазақ халқының дәстүрлі өнері, аңды бүркітпен аулау. Қыран құсты қолға үйретіп баптау адамды табиғатпен етене жақындатады.
Қызыл кітаптағы кейбір түрлер туралы қысқаша
Реликті шағала
Қазақстанда тек Алакөлде таралған. Қорғау мақсатында 1998 жылы Алакөл қорығы ұйымдастырылды.
Үкі
Жапалақтәріздестерден Қызыл кітапқа тек үкі тіркелген. Үкінің қауырсынын қадірлеп, ұлттық бұйымдарға ілу дәстүрі бар.
Дуадақ
Ірі құс; салмағы кейде 16 кг-ға жетеді. Ертеректе далалы өңірде көп ауланған.
Торғайтәріздестер
Түрлері өте көп және кең таралған. Қазақстанда жорға торғай, көкқұс, үлкен құралай сирек кездеседі. Жорға торғай шөлейтті алқапта, сексеуіл арасында тіршілік етіп, жер бетінде жылдам жүгіретіндігі үшін осылай аталған.
Кекілік
Еуропа мен Азия тауларында кең таралған, тасты жерлерді мекендейді. Тұрғылықты құс: қысы-жазы бір өңірде болады, көбіне үйірімен жүреді. Дән, жеміс, бүршік және жәндіктермен қоректенеді.
Бүркіт ұялайтын өңірлер
Қазақстанда бүркіт ұясы көбіне Алтай, Тарбағатай, Алатау, Көкшетау, Шыңғыс сияқты сілемді тауларда және орманды алқаптарда, әсіресе биік қарағайлы, үйеңкілі жерлерде кездеседі. Осыған байланысты құсбегілер бүркітті «ой құсы» немесе «қыр құсы» деп те атайды.
Бекіту тапсырмалары
Биологиялық диктант
1) Түйеқұстардың ең ірісі — ____________ түйеқұс.
2) Пингвиндердің алдыңғы ____________ ескекке айналған.
3) Қазақ халқының ежелден келе жатқан дәстүрлі өнерінің бірі — ____________.
4) Орман құстарының денелері көбіне шағын, ____________ сүйірленіп келеді.
5) ____________ құстары күзде оңтүстіктегі жылы аймақтарға қоныс аударып, көктемде елімізге қайта оралады.
«Фильфорд» ойыны
Төмендегі әріптер ішінен құстардың атауларын тауып белгілеңіз.
Қ А Б К І Д К Л Р Ү Р Т Е І Ы Ғ Қ А Е Г Л Ш А И З Л К І Қ О Қ К Е Е К
Жауаптары
Қарлығаш, бүркіт, қоқиқаз, дегелек, кекілік.
Сергіту сәті
Н. Өнербаевтың орындауындағы «Құстар әні» видеоролигін көру.
Бағалау
Оқушылардың жауаптары мен белсенділігі бойынша бағалау жүргізіледі.
Үй тапсырмасы
- §56. «Құстарды топқа бөлу» тақырыбын оқу.
- Құстарға қатысты мақал-мәтелдер, аңыз-әңгімелер, өлеңдер немесе жұмбақтар жазып келу.