Менің ұстаздық ұстаным Мақсаты
Эссе: бес сауал арқылы ой түю
Өзімнің осы уақытқа дейін атқарған тәрбие жұмысым мен педагогикалық ұстанымымды бес сауал аясында жүйелеуді жөн көрдім.
Мен кіммін?
Мен — Түешиева Меруерт Қуандыққызы. 1993 жылдың 18 ақпанында Маңғыстау облысы, Қарақия ауданы, Жетібай кентінде дүниеге келдім.
1999 жылдың 1 қыркүйегінде Мұнайшы елді мекеніндегі №7 орта мектептің табалдырығын аттадым.
2008 жылы Ақтау қаласындағы Маңғыстау гуманитарлық колледжіне оқуға түсіп, 2012 жылдың 20 маусымында «Бастауыш сыныптың ағылшын тілі пәні мұғалімі» мамандығы бойынша диплом алдым.
2012 жылдың 1 қыркүйегінде өзім білім алып, тәлім-тәрбие көрген алтын ұям — №7 орта мектебіне жұмысқа орналастым.
Не үшін мұғалім болдым?
Педагогикалық мамандық бойынша төрт жыл білім алу барысында мұғалімдіктің қыр-сырына терең бойладым. Педагог — тек білім беруші ғана емес, ең алдымен тәрбиеші.
Сондықтан мен шәкірттеріме білім берумен шектелмей, тәрбиелік ықпалы күшті, педагогикалық шеберлігі жоғары, әдебі мен үлгісі жарасқан тұлға болуға ұмтыламын.
Мен не үшін оқытамын және не үшін тәрбие беремін?
- Әрбір баланың жеке тұлға болып қалыптасуы үшін.
- Әрбір шәкірттің сауатты болуы үшін.
- Әрбір оқушының терең білім алып, ой-өрісін кеңейтуі үшін.
- Еліміздің ертеңі — бүгінгі оқушылар екенін сезіндіру үшін.
Кімді үйретемін?
Менің мақсатым — алдыма келген әрбір оқушыны оқытып, жетелеу. Табиғи заңдылық бойынша меңгеру деңгейі әртүрлі болуы мүмкін, бірақ әрбір бала белгілі бір деңгейде білім мен дағдыны игеруі тиіс.
Осы мақсатқа жету үшін мен бар күш-жігерімді салып, оқушы мүмкіндігіне сай қолайлы әдістер мен тәсілдерді қолдануға міндеттімін.
Әл-Фарабидің «Тәрбиесіз берілген білім — адамзаттың қас жауы» деген қанатты сөзі мен үшін әрдайым бағдар. Себебі тәрбие мен білім егіз ұғым: тәрбиесіз білім қоғам дамуына кедергі келтіруі мүмкін.
Қалай үйретемін?
Ұстаз оқушыны жан-жақты тани білуі керек: педагог ретінде, психолог ретінде, ата-анадай қамқоршы ретінде, қажет кезде дос ретінде. Оқушыны терең зерттеу — дұрыс әдісті таңдаудың кілті.
Менің мақсатым — қандай әдісті қолдансам да, оқушы жадында қалатын білім беріп, санасына жететін тәрбие ұялату.
Тәрбие сағаты: «Мемлекеттік рәміздер — ұлт мақтанышы»
6-сыныпта өткізген алғашқы тәрбие сағатымда Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері — Ту, Елтаңба, Әнұран туралы толық мәлімет берілді. Оқушыларға рәміздер авторлары жайлы ақпарат жинақтау тапсырмасы ұсынылды.
Нәтиже: оқушыларды өз бетінше ізденуге, жауапкершілікпен жұмыс істеуге баули отырып, патриоттық, рухани-адамгершілік және азаматтық-құқықтық тәрбие бағытындағы мақсатқа қол жеткізілді.
Тәрбие сағаты: «Тіл — ұлттың сүйенетін тамыры, сыйынатын тәңірі»
Келесі тәрбие сағатында тілдің ұлт өміріндегі орны, ана тілін құрметтеу, сөз мәдениеті мен ұлттық құндылықтарды сақтау тақырыптары негізге алынды.
Мақсат: оқушылардың тілге деген құрметін арттыру, ұлттық сана-сезімін күшейту және мәдени құндылықтарға жауапкершілікпен қарауға тәрбиелеу.
Қорытынды
Мен үшін ұстаздық — білім беру мен тәрбие беруді қатар алып жүретін жауапты әрі қадірлі жол. Әрбір шәкірттің бойына имандылық пен ізгілікті дарытып, ұлттық құндылықтарды сіңіре отырып, еліміздің болашағына қызмет ететін тұлға тәрбиелеу — басты мұратым.
Маңғыстау облысы, Қарақия ауданы, Мұнайшы кенті, №7 орта мектебінің ағылшын тілі пәні мұғалімі — Түешиева Меруерт.