Жас ұлан ұйымының қатарына мектеп оқушыларын қабылдау

Тақырыбы: «Ұланымыз — ұлы елдің»

Мақсаты

Оқушыларға еңсесі биік, егемен еліміздің айбынды да азат ұрпақтары екендігін терең ұғындыру. Патриоттық, отансүйгіштік сезімді дамыту, ел бейбітшілігін сақтау жолында үлес қосуға баулу. Мектеп оқушыларын «Жас ұлан» ұйымының қатарына қабылдау.

Көрнекілігі

  • Қазақстан Республикасының рәміздері
  • Қанатты сөздер
  • Гүл шоқтары
  • Стендтер және өзге де безендіру құралдары

Салтанатты жиынның барысы

Жүргізуші сөзі

Мен қазақпын — ұланымын елімнің,
Мен қазақпын — тірегімін жерімнің.
Ұланымын туын көкке көтерген,
Ертеңімін Егеменді елімнің.

Менің елім — Қазақстан, Отаным!
Жырлар жазып, өзіңді әнге қосамын.
Мәңгілікке қымбаттысың, туған ел,
Арта берсін абыройың, атағың!

2011 жылдың 6 шілдесінде еліміздің «Нұр Отан» ХДП қолдауымен тұңғыш рет біртұтас «Жас қыран» — балалар мен жасөспірімдер ұйымы ретінде республикалық қоғамдық бірлестік құрылды.

Жасөспірімдер мен балаларды бірыңғай «Жас ұлан» ұйымына қабылдау ерікті түрде жүргізіледі. Ұйым мүшелерін Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмейтін ортақ мақсат біріктіреді.

Елбасы құттықтауынан мән

Өз құттықтау сөзінде Н.Ә. Назарбаев «Жас ұлан» бүкіл Қазақстанға таралып, балалар мен жасөспірімдерді тәрбиелеуге, оқудың және тәртіптің үлгісін көрсетуге, Қазақстан тәуелсіздігін нығайтуға, еліміз үшін қызмет етуге, патриот болуға баулитын болсын!» — деп атап өткен.

Осы салмақты сөзден туындайтын міндетті терең сезіне отырып, бүгін — тәуелсіз ел аясында, бейбіт өмірдің, қамқор Отан-ананың құшағында бақытты балалық шақты кешіп жүрген жас достарымызды «Жас ұлан» ұйымының қатарына салтанатты қабылдау рәсіміне куә боламыз.

Рәсімнің ресми сәттері

Аға тәлімгер

Назар аударыңыздар! «Жас ұлан» Республикалық балалар мен жасөспірімдер қоғамдық бірлестігінің Туы енгізілсін!

Бүгінгі «Ұланымыз — ұлы елдің» атты салтанатты жиынымызды ашық деп жариялаймыз!

Қатысушылар туралы

  • 1–4 сыныптар арасынан «Жас қыран» ұйымына 36 оқушы қабылданады.
  • 5–10 сыныптар арасынан «Жас ұлан» ұйымына 76 оқушы қабылданады.

Ант беру рәсімі

Отанның ер ұланы, жер қайысқан қалың қол.
Тәуелсіз ел ұланы — ант беруге дайын бол!

Ант мәтіні

Мен — Республикалық бірыңғай «Жас ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымының қатарына кіре отырып: өз Отаным — Қазақстан Республикасының патриоты болуға; мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге және дәріптеуге; туған елімді, жерімді, Отанымды мақтан етуге; ата-анамды қадірлеуге; үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуге; білімге табандылықпен ұмтылуға; салауатты өмір салтын ұстануға; табиғатты аялауға; «Жас ұлан» ережесін бұлжытпай сақтауға және оны достарымнан талап етуге ант етемін!

Жерлестеріміздің даңқты ерлігі мен өнегесі негізінде ерлікке үйренуге және Отанға шексіз қызмет етуге салтанатты түрде ант етемін: ант етемін, ант етемін, ант етемін!

Ұран

Тәлімгер

Біз —

Оқушылар

Жас қыран!

Тәлімгер

Біздің ұранымыз —

Оқушылар

Парызымыз — адалдық,
Біз, Жас қыран, адалдықтан жаралдық!

Төсбелгі мен галстук тағу

«Жас ұлан» ұйымына қабылданған оқушыларға төсбелгі және галстук тағу үшін мектеп директоры, директордың орынбасары және ардақты ұстаздар ортаға шақырылады.

Оқуда, еңбекте, өнер мен спортта өжет те қайсар, адал әрі елгезек ұландарымызды біз әрдайым үлгі тұтамыз.

Әнұран және құттықтау

«Жас ұлан» ұйымының Гимні шырқалады.

Білімді — көкіректе нұр деп түсін,
Жігерді — жалынды, отты жыр деп түсін.
Аталған мақсат, талап, ережені —
Орындау — бәріңе де міндет ісің!

Құттықтау сөз мектеп директоры Әлішер Мәмбетовке беріледі.

Рәсімнің аяқталуы

Назар аударыңыздар! «Жас ұлан» Республикалық балалар мен жасөспірімдер қоғамдық бірлестігінің Туы шығарылсын!

Түйін сөз

Көз тойғысыз қазағымның жері бар — ну орманы, тауы, өзені, көлі бар.
Қазағымның жерін, елін қорғайтын — жас жеткіншек ұланы бар, елі бар.

Міне, осындай егеменді еліміз, кең жазира ұлан-байтақ жеріміз!
Туған елін, туған жерін сүйетін — біз қазақтың ұланымыз, еріміз.

Уәде

Біз — Тәуелсіз қазақ елінің ең жас ұландары — өз жерімізді, өз елімізді, өз Отанымызды қадірлеп-қастерлеуге, мәңгі сүюге, әрқашан қолдап-қорғауға уәде етеміз.

Бүгінгі «Жас ұлан» Республикалық балалар мен жасөспірімдер қоғамдық бірлестігіне салтанатты қабылдау рәсімі аяқталды. Салтанатты жиынымыз жабық деп жарияланады.

Бақытты күндер аясында қайта кездескенше, сау болыңыздар!