Тәрбие берудің негізі - мейірім мен сүйіспеншілікте
Сабақтың тақырыбы
Тәрбие тал бесіктен басталады.
Сабақтың мақсаты
Халықтың ғасырлар бойы іріктеп, жинақтап алған озық тәжірибесін, дүниетанымын және өмірге деген көзқарасын оқушылардың бойына сіңіру; соған сай мінез-құлқын қалыптастыру.
Көрнекіліктер
- Тақтаға ұлағатты сөздер жазылған парақшалар:
Ұлағатты сөз
«Ел болам десең, бесігіңді түзе.»
Ұлағатты сөз
«Балаңды өз тәрбиеңмен тәрбиелеме, өз ұлтыңның тәрбиесімен тәрбиеле.»
Ұлағатты сөз
«Ұяда не көрсе, ұшқанда соны алады.»
Сонымен қатар: суреттер, тірек сызбалар және басқа да көрнекі материалдар қолданылады.
Сабақтың барысы
Мұғалімнің кіріспе сөзі
Тектілігі тереңге тамырланған қазақ халқы бала тәрбиесіне айрықша мән берген. Ұлтымыз қашан да баласының рухани жағынан бай болып өсуіне көңіл бөлген.
Сәби дүниеге келгеннен бастап, оның ой-өрісінің кеңеюіне, дене бітімінің дұрыс қалыптасуына, ақыл-ойының жетілуіне назар аударған. Бала бойына адалдық, әділдік, мейірімділік, адамгершілік сияқты ізгі қасиеттерді сіңіруді ерте жастан бастаған.
Халықтық педагогиканың маңызы зор. Әдептілік тәрбиесін жүйелі түрде беру арқылы баланы жақсыдан үйренуге, жаманнан жиренуге баулу — кішкентай кезден-ақ басталуы тиіс.
Оқиға: мейіріммен берілген тәрбие
Оқиға желісі
Бірде Мәдиналық бір кісі бақшасында өсіп тұрған құрмаға тас лақтырған баланы жетектеп, Пайғамбарымызға әкеледі. Бала — жасы кіші болса да Исламды қабылдаған Рафиғ ибн Амр еді. Әлгі кісі қатты кейіген: қабағы қатулы.
Пайғамбарымыз сабырлы қалпын сақтап: «Балапаным, құрма ағашына неге тас лақтырдың?» — деп сұрайды.
Бала: «Қарным қатты ашты. Құрма жегім келді» — деп жауап береді.
Сонда Мұхаммед (с.а.у.): «Жерге түскенін жесең же, бірақ бұдан былай құрмаға тас лақтырма, жарай ма?» — дейді.
Кейін баланың басынан сипап: «Уа, Алла Тағалам! Бұл баланың қарнын тойдыра гөр!» — деп дұға етеді.
Талқылауға сұрақтар
Бұл оқиғадан қандай тәлім-тәрбие негіздерін аңғаруға болады?
Неліктен Пайғамбарымыз кінәлі балаға ұрыспады?
Оқушылар пікірі
1-оқушы
Пайғамбарымыздың ұрыспауының себебі — баланы ұрсудан гөрі оған мейірім танытып, жақсы көретініңді білдіру маңызды. Тәрбие берудің өзегі — мейірім мен сүйіспеншілік. Әсіресе, кішкентай балалар үшін оның орны ерекше. Сүйіспеншілік — бала тәрбиесіндегі негізгі қағида.
2-оқушы
Ең алдымен, баланың пікіріне құлақ асу керек. Сөйлеген бала өзінің ішкі дүниесін ашады. Қандай қателік жасаса да, әуелі тыңдау маңызды. Оның ішкі жан дүниесіне үңілмей тұрып ұрысу не жазалау дұрыс емес.
3-оқушы
Баланы шектен тыс көп тыйып-тежеуге болмайды. Бұл оған түрлі жағынан зиян тигізіп, кейін жасқаншақ, ынжық болып өсуіне себеп болуы мүмкін.
4-оқушы
Ата-ана қашан да баласының тілеуін тілеп, әрдайым сүйеу болуы керек. Қолдау мен көмек — баланың жүрегіне сенім ұялатады.
Ұлағатты сөздер: ойды бекіту
Төмендегі нақылдарға назар аударып, кейбірінің авторын табу және кейбірін жалғастыру ұсынылады.
Нақыл сөз
«Адамның жақсы болуы тегінде емес, тәрбиесінде, ақылында, өнері мен білімінде.»
Нақыл сөз
«Адамға үш алуан адамнан мінез жұғады: ата-анадан, ұстазынан, құрбысынан. Әсіресе, олардың қайсысын жақсы көрсе, содан көп жұғады.»
Автор: Абай
Жалғастыр
«Тәрбиесіз берілген білім — адамзаттың қас жауы.»
Жалғастыр
«Ашу — дұшпан, ақыл — дос, ақылыңа ақыл қос.»
Жалғастыр
«Қызды қырық үйден тый.»
Қорытынды, бағалау және үй тапсырмасы
Қорытындылау
Тәрбие — мінездің өзегі. Балаға ықпал ететін ең қуатты құрал — мейірім, тыңдай білу, орынды шектеу және үзілмейтін қолдау. «Тәрбие тал бесіктен басталады» деген ой — осының айқын дәлелі.
Үйге тапсырма
Тәрбие туралы баяндама жазу.