Тарих - ұлтымыздың мақтаны

Сабақтың тақырыбы

Тәуелсіз ел — тұғырлы.

Сабақтың түрі мен типі

Түрі
Практикалық (семинарлық сабақ)
Типі
Білімді бекіту (қайталау сабағы)

Оқыту әдістері

  • Оқу мен жазу арқылы сын тұрғысынан ойлау технологиясының стратегиялары
  • Талдау, ой қозғау
  • Сұрақ–жауап, ауызша баяндау

Көрнекілік және жабдық

  • Интерактивті тақта, слайдтар және фотосуреттер
  • Буклеттер, ҚР рәміздерінің суреттері
  • ҚР Президентінің Жолдаулары, «Қазақстан–2030» стратегиясы

Пәнаралық байланыс

Саясаттану, әлеуметтану, дүниежүзі тарихы, қоғамтану, мәдениеттану, экономика негіздері, география.

Сабақтың мақсаты

Білімділік

Оқушылардың алған білімдерін жүйелеу, білімге деген құштарлығын арттыру, зияткерлік қабілетін дамыту. Өткен тақырыптар бойынша білімін тереңдету, толықтыру және қорытындылау.

Тәрбиелік

Оқушыларды отаншылдыққа және демократизм идеяларына баулу; болашақ Қазақстанды өркендететін өздері екенін сезіндіру.

Дамытушылық

Алған білімдеріне сүйене отырып, негізгі ұғымдарды қайта еске түсіру және түрлі сұрақтар арқылы ой-өрісін кеңейту.

Сабақтың барысы

  1. 1 Оқушылармен сәлемдесу, түгелдеу, дәрісхана тазалығын ретке келтіру.
  2. 2 Сабақтың мақсатын хабарлап, оқушылардың назарын сабаққа аудару.
  3. 3 Оқушыларды үш топқа бөлу, топ лидерлерін сайлау, эксперттер тобын құру.

I-топ

Атамекен

II-топ

Бәйтерек

III-топ

Елорда

Сайыс жоспары

Кезеңдер

  1. 1. «Кім жылдам?» (капитандар жарысы)
  2. 2. «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» (мақал-мәтел жалғасы + аударма)
  3. 3. «Тәуелсіздік шежіресі» (семантикалық карта)
  4. 4. «Алтын қақпа» (кемеңгер тұлғаларды тану және сипаттау)
  5. 5. «Тарихи криптограмма» (шифрды шешіп, өлең оқу)
  6. 6. «Бас қатырғылар базары» (ребус + хронологиялық рет)
  7. 7. «Тендер ойыны» (20 жылдан кейінгі Қазақстанды суретпен бейнелеу)

Сабақтағы негізгі әрекеттер

  • Топқа бөлу, рөлдерді анықтау
  • Слайдтар және фотосуреттермен жұмыс
  • Пысықтау және бекіту: топтық сұрақ–жауап
  • Шығармашылық жұмыстарды таныстыру
  • Эксперттер тобы: сараптау және бағалау
  • Оқытушының қорытынды сөзі

Оқытушының кіріспе сөзі

Құрметті ұстаздар мен оқушылар! Еліміздің тәуелсіздік алуы халқымыздың тарихында жаңа дәуірдің бетін ашып, қоғамдық өмірімізге тың серпін әкелді. Тәуелсіздіктің ең басты жетістігі — еркіндік. Бүгінгі табыстардың бәрі де сол еркіндіктің нәтижесі.

Тәуелсіздік бір сәтте, бір ғана құжатқа қол қою рәсімімен келген жоқ. Ел басына қауіп төнген қилы кезеңдер, отаршылдыққа қарсы ұлт-азаттық қозғалыстар — бәрі де тәуелсіздікке бастар ұзақ жолдың белестері.

I кезең: «Кім жылдам?»

Бұл кезең — капитандар сайысы. Әр топ басшысына 10 сұрақ қойылады. Дұрыс әрі жылдам жауап үшін әр сұрақ 5 ұпаймен бағаланады.

I-топ: Атамекен

  1. 1) Астананың символы Бәйтеректің биіктігі — 97 м.
  2. 2) 1991 ж. 10 желтоқсаннан бастап Қазақ КСР-і Қазақстан Республикасы деп атала бастады.
  3. 3) «Мәдениетті қолдау жылы» — 2000 ж.
  4. 4) ҚР-ның заң шығарушы органы — Парламент.
  5. 5) Н.Ә. Назарбаевтың 1999 ж. шыққан кітабы — «Тарих толқынында».
  6. 6) ТЖМК құрамына 8 адам енді.
  7. 7) Қазақстанды тәуелсіз ел ретінде алғаш таныған мемлекет — Түркия.
  8. 8) Абайдың 150 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде 1995 ж. аталып өтті.
  9. 9) Дүниежүзі қазақтарының алғашқы құрылтайы 1992 ж. қазанда Алматыда өтті.
  10. 10) ҚР-ның алғашқы мемлекеттік әнұраны мәтіні 1992 ж. 11 желтоқсанда бекітілді.

II-топ: Бәйтерек

  1. 1) ҚР тұңғыш Конституциясы 1993 ж. 28 қаңтарда қабылданды (4 бөлім, 21 тарау, 131 бап).
  2. 2) Туларды зерттейтін ғылым — вексиллология.
  3. 3) Түркістанның 1500 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде 2000 ж. аталып өтті.
  4. 4) Дүниежүзі қазақтарының III құрылтайы 2005 ж. 28–29 қыркүйекте Астанада өтті.
  5. 5) КСРО президенті М.С. Горбачев 1991 ж. 25 желтоқсанда қызметінен босатылды.
  6. 6) Н.Ә. Назарбаевтың 1993 ж. 9 қазанда шыққан еңбегі — «Қазақстанның болашағы — қоғамның идеялық бірлігінде».
  7. 7) Қазақстан халқы Ассамблеясын құру туралы жарлық 1995 ж. 1 наурызда шықты.
  8. 8) Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы, «Ғасыр адамы» атанған ғарышкер — Т. Әубәкіров.
  9. 9) 2003–2007 жж. ҚР Премьер-министрі — Д.Қ. Ахметов.
  10. 10) Назарбаевтың өкілеттігін 2000 жылға дейін ұзарту туралы референдум 1995 ж. 29 сәуірде өтті.

III-топ: Елорда

  1. 1) Қазіргі Қазақстанда 14 облыс бар.
  2. 2) Н.Ә. Назарбаев 1993 ж. Лиссабон хаттамасына қол қойды.
  3. 3) 1999–2002 жж. ҚР Премьер-министрі — Қ.Қ. Тоқаев.
  4. 4) «Отан» партиясы 1999 ж. қаңтарда құрылды.
  5. 5) Елтаңбаларды зерттейтін ғылым — геральдика.
  6. 6) Дүниежүзі қазақтарының II құрылтайы 2002 ж. қазанда Түркістанда өтті.
  7. 7) КСРО-ның өмір сүруі тоқтағаны туралы декларация 1991 ж. 26 желтоқсанда жарияланды.
  8. 8) Тараздың 2000 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде 2002 ж. аталып өтті.
  9. 9) Н.Ә. Назарбаевтың 2003 ж. шыққан кітабы — «Сындарлы он жыл».
  10. 10) Тудың авторы — Шәкен Ниязбеков.

Бүгін «тәуелсіз ел» дегенде біз Отанымыздың иесі болуды, ана тіліміздің қадірлі болуын, ата тарихымыздың жүйелі түрде танылуын түсінеміз. Ұлттар мен ұлыстар арасындағы ынтымақ сақталса ғана тәуелсіздігімізді нығайта аламыз.

Орыс тілін түсінемін, білемін,
Шет тілін де жаттап оқып жүремін.
Ата-бабам қастерлеген жанындай,
Ана тілім — менің нағыз жүрегім.

II кезең: «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте»

Бұл кезеңде оқушылар мақал-мәтелдің жалғасын табады және жалғастың ішінен бір сөзді орыс және ағылшын тілдеріне аударады.

  • 30 ұпай — жалғасы дұрыс + екі тілге аударма дұрыс
  • 20 ұпай — жалғасы дұрыс + бір тілге аударма дұрыс
  • 10 ұпай — тек жалғасы дұрыс

Әр топқа 3 мақалдан беріледі.

I-топ: Мақал-мәтелдер

  1. Отанын сүйген — отқа жанбайды, суға батпайды.
  2. Орағың өткір болса, қарың талмайды; Отаның берік болса, жауың алмайды.
  3. Отансыз адам — ормансыз бұлбұл.

II-топ: Мақал-мәтелдер

  1. Ел жаусыз болмас, жер таусыз болмас.
  2. Өзге елдің оты — өз еліңнің түтініне татымас.
  3. Елінен безген ер болмас, көлінен безген қаз болмас.

III-топ: Мақал-мәтелдер

  1. Ел ағасыз болмас, тон жағасыз болмас.
  2. Опасызда Отан жоқ.
  3. Жат елдің қаршығасынан — өз еліңнің қарғасы артық.

III кезең: «Тәуелсіздік шежіресі»

Оқушылар семантикалық картаны толтырады: дұрыс жауаптарға «+» белгісін қояды.

IV кезең: «Алтын қақпа»

Көз алдымда көсіледі білім мінген көк дүниенің шапқаны,
Тарих — ұлтымыздың мақтаны!
Ойыншының өзіне жақсы білгені — бізге жақсы тапқаны!
Бірге ашайық біздің Алтын қақпаны!

Тақтада үш қақпа болады. Әр қақпаның артында Қазақстан тарихында елеулі із қалдырған кемеңгер тұлғалардың портреттері жасырылған. Оқушылар тұлғаның аты-жөнін, тарихи рөлін, қызмет еткен кезеңін атап, қысқаша сипаттама береді.

Топ ішіндегі талдау уақыты — 5 минуттан аспайды. Жауапты бір оқушы қорғайды. Толық әрі нақты жауап ұпаймен бағаланады.

V кезең: «Тарихи криптограмма»

Көп оқыған, көп тоқыған, білімі мол адам ғана намысқор, әділетті, айбынды қоғам қайраткері бола алады. Қоғам тағдыры мен мемлекет тағдыры — білімді ұрпақтың қолында.

Білімнен асқан қазына жоқ. Қазына құпиясы ақыл мен білім арқылы ашылады. Бұл бөлімде криптограммаларды шешу арқылы төрт шумақ өлең оқылады (өлең жолдары әртүрлі болуы мүмкін, сұрақтары бірдей).

Сұрақтар (шифрмен)

  1. 1) Тұңғыш қазақ әліпбиінің негізін салушы — 4.17.20.11.30.19.21.15.3.7.☺.
  2. 2) Тұңғыш қазақ ғарышкері — 25.24.4.25.12.6.19.7.☺.
  3. 3) Тұңғыш қазақ суретшісі — 13.17.21.11.2.2.☺.
  4. 4) Тұңғыш қазақ академигі — 21.25.11.23.17.2.☺.
  5. 5) «Қалың мал» романының авторы — 12.18.4.2.2.☺.
  6. 6) Олимпиада чемпионы атанған тұңғыш қазақ палуаны — 28.9.12.2.1.23.6.19.7.☺.

Жалғасы

  1. 7) Қазақстанның тұңғыш Президенті — 3.17.22.17.19.4.17.2.☺.
  2. 8) ҰОС кезінде өз қаржысына ұшақ жасатқан атақты қазақ палуаны — 1.30.14.17.20.11.23.17.21.7.☺.
  3. 9) Екі мәрте Кеңес Одағының Батыры атағын алған ұшқыш — 4.29.16.2.5.8.29.3.7.☺.
  4. 10) Күріш өсіруде әлемдік рекорд жасаған атақты күрішші — 26.17.13.17.2.☺.
  5. 11) Кеңес Одағының Батыры атағын алған қазақтың батыр қыздарының бірі — 1.7.5.8.17.10.30.5.7.☺.17.

VI кезең: «Бас қатырғылар базары»

«Жан қиналмай жұмыс бітпес,
Талап қылмай мұратқа жетпес».

Бұл бөлімде ребустар шешіледі. Ребусты дұрыс шешкен жағдайда туған жер, оқу-білім, талап туралы халық мақал-мәтелдері мен нақыл сөздері оқылады. Сонымен бірге берілген даталарды хронологиялық ретпен орналастырып, сол жылдардағы оқиғаларды түсіндіреді.

I-топ: Даталар

  1. 1465–1466 — Қазақ хандығы құрылды.
  2. 1680–1718 — Тәуке ханның ел билеуі.
  3. 1723 — «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама».
  4. 1916 — Ұлт-азаттық көтеріліс.
  5. 1992, 2 наурыз — Қазақстан БҰҰ-ға мүше болды.

II-топ: Даталар

  1. 1538–1580 — Хақназар ханның ел билеуі.
  2. 1731, 10 қазан — Әбілхайыр ханның Ресей қоластына кіру туралы ант беруі.
  3. 1837–1847 — К. Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық көтеріліс.
  4. 1917 қазан – 1918 наурыз — Қазақстанда Кеңес өкіметінің орнауы.
  5. 2005, 4 желтоқсан — Президент сайлауы өтті.

III-топ: Даталар

  1. 1643 — Өрбұлақ шайқасы.
  2. 1771–1781 — Абылай ханның ел билеуі.
  3. 1836–1838 — М. Өтемісұлы мен И. Тайманов бастаған шаруалар көтерілісі.
  4. 1941–1945 — Ұлы Отан соғысы.
  5. 1993, 15 қараша — Ұлттық валюта — теңге айналымға енді.

Эксперттер тобы: сараптау және бағалау

Әр кезең бойынша жауаптардың толықтығы мен дәлдігі сарапталып, ұпайлар қойылады. Қорытынды нәтиже топтық жұмыс мәдениетін, дәлелді ой айту дағдысын және тарихи білімнің жүйелілігін көрсетеді.

Оқытушының қорытынды сөзі

Егеменді Қазақстанның тізгіні — жас ұрпақ, сіздердің қолдарыңызда. Халық жазушысы Ә. Нұршайықов: «Ұлттық тілдің, дәстүрдің, салт-сананың мызғымас тірегі — тәуелсіздік. Тәуелді ұлт бұл байлықтың бәрінен айырылып, бейшара болады», — деген.

Бұл ойды жүрекке түйіп, халқымыздың салт-дәстүрін, тілін, дінін қадір тұту — баршамыздың парызымыз. Тәуелсіздіктің тірегі — білім. «Білегі мықты бірді жығады, білімі мықты мыңды жығады» деген халық даналығының мәні де осында.

Қиялына қанат біткен, ойы ұшқыр, білімді жастар болатыныңызға сенемін. Адам елінен, жерінен тыс өмір сүре алмайды. Жас жүректеріңіз «Елім! Жерім!» деп соғып тұрсын. Ел үшін, халық үшін қызмет етіңіздер.

Тәуелсіздікке тағзым

Ту тігілді халқымның бүгін бағына,
Жас өрендер, желбіретіп нық ұста!
Ғасырларға жалғастырып елдікті,
Дақ түсірме ата-баба арына!

Ертеңге сенім

Үлгі бізге аталардың ерлігі,
Ұлағаты, өнегелі еңбегі.
Тәуелсіздік туын ұстап жоғары —
Бүгінгі ұрпақ болар елдің ертеңі!