Топпен жұмыс жасату
Сөздің дәлдігі – ойдың айқындылығы
Мұғалім
Канатбаева Жанат Оналбековна
Қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі
Мектеп
№92 орта мектеп
Қ.Күлетов атындағы
Аймақ
Қызылорда облысы
Қазалы ауданы
Мақсаты
- Сөз қолданысындағы дәлдік туралы ұғым қалыптастырып, сөйлей білудің шеберлік екенін ұғындыру.
- Шешен сөйлеу мәнерін игеруге ынталандыру.
- Ой белсенділігін дамыту, шығармашылық ізденіске бағыттау, сөйлеу мәдениетін жетілдіру.
- Ой бөлісу арқылы пікір айтуға, сөз еркіндігіне баулу.
Күтілетін нәтиже
Сөз қолданысындағы дәлдік туралы түсінік қалыптасады, ой белсенділігі артады.
Құрал-жабдықтар
Слайд, маркерлер, интерактивті тақта, стикерлер, смайликтер.
Қолданылатын әдіс-тәсілдер
Жеке ойлану, жұпта талқылау, топта бөлісу арқылы дәлелді пікір айтуға үйретеді.
Мәтін мен сөйлем құрылымын зерделеп, мағына дәлдігін анықтайды.
Алдын ала білімді белсендіріп, тақырыпқа кіріспе жасайды.
Оқушы жауабын нақтылап, ойды жүйелеуге көмектеседі.
Сабақ барысы (мұғалім әрекеті)
1) Ұйымдастыру кезеңі
- Оқушыларды сөйлем түрлері арқылы топқа бөлу.
- «Мадақтау» ойыны арқылы психологиялық ахуалды жақсарту.
2) Үй тапсырмасын бекіту
- Миға шабуыл.
- Интерактивті тақтадағы «Қайталау – оқу айнасы» сұрақтарына кезекпен жауап беру.
3) Мағынаны тану: «Ұтымды пікір – ұтқыр ой»
Тапсырма
Мәтін құрастырып, тақырыпты қорғау.
Ұйымдастыру
Жаңа материалға байланысты ресурстар беріліп, өз бетімен дайындық жасалады. Топтық жұмыс ұйымдастырылып, жұмыстар қорғалады.
Кері байланыс
«Екі жұлдыз, бір тілек» әдісі арқылы пікір білдіру.
4) Кейінгі тапсырмалар: «Даналық сөзден дән ізде»
Бұл кезеңдегі жұмыс оқушылардың сыни ойлауын күшейтіп, әр баланың өз ойын айтуына және шығармашылығын дамытуына мүмкіндік береді.
Фразеологизм сыңарын табу (қазіргі шешендік үлгілері)
Берілген сөйлемдердегі тұрақты тіркестердің жетіспейтін сыңарын тауып, орнына қойып жазыңдар.
I топ
- Талайға дейін естерін жиып, ... жаба алмайды.
- Алайда ондай адамдар өзі сенетін мұраттарды көздің ... қалуға тырысқанымен, қорғап қала алмады.
- Ештеңеге де құлақ ... саясаты батыстың тарапынан социализмді етектен ..., былай лақтырып тастау саясатын туғызды.
- Алайда тарих дариясының жағасында алыстан көз ..., құр бақылап отырғаннан да ештеңе бітпейді.
II топ
- Ондай даңғойлар әбден уланып біткен Семей жерін көрмейді. Қарадай қыршынынан ... жатқан жазықсыз жандардың тауқыметін түсінбейді.
- Анық стратегия мен айқын мақсаттар керек. Басты мақсат тайға ... айқын көрініп тұруы қажет.
- Ол мәселені шешуге бастапқы кезде Қазақстанның мемлекеттік басқару жүйесінің барлық органдары ат ...
- Бір ғасыр бойы халықты ашса ... ұстаған өктемдік үрдістің алдындағы қорқыныш алғаш рет еңсерілді.
«Көркем сөзім – көрікті ойым» (топтық тапсырма)
Әр топқа мәтін таратылады. Мәтінді негізге ала отырып, «Ал мен былай дер едім...» деп, жауаптың өзге де нұсқаларын іздестіріп көріңдер.
Сергіту сәті
«Не жақын?»
- Оқушыға кітап жақын, қасапшыға (пышақ) жақын.
- Ойыншыға доп жақын, мергенге (оқ) жақын.
- Бағбанға бақша жақын, саудагерге (ақша) жақын.
- Арбакешке қамыт жақын, батырға (сауыт) жақын.
- Асабаға той жақын, қойшыға (қой) жақын.
- Тігіншіге бөз жақын, шешенге (сөз) жақын.
«Кім жетім?»
- Халқы болмаса әкім жетім, ұстазы болмаса (шәкірт) жетім.
- Базары болмаса сатушы жетім, кітабы болмаса (оқушы) жетім.
- Жауабы болмаса сұрақ жетім, бәдік сөз тыңдаса (құлақ) жетім.
- Иманы болмаса намаз жетім, қадірсіз сызылған (қағаз) жетім.
Талдау (жеке жұмыс)
Берілген тапсырма бойынша сөйлемге талдау жасау.
Бағалау
Әр топ тапсырмалар соңында формативті бағалау жүргізеді. Сабақ соңында мұғалім сумативті (жиынтық) бағаларды есептейді.
Қорытынды ой
«Барлық қазына — бабалардың даналық сөздерінде. Әр халық өздерінің асыл мұраларын бағаламай, әлемдік мәдениетке жете алмайды», — деген екен ғұлама жазушы М. Әуезов.
Сөз құдіретінің мәнін түсініп, әдемі әрі әдепті сөйлеу — бүгінгі күннің талабы. Шешен адам «тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін» тауып, дәл айтуы керек.
Дәл сөйлеу үшін ой айқын болуы қажет. Ойдың айқындығы — терең білімнің нәтижесі. Терең білім көп оқумен келеді; көп оқу үшін ізденіс керек; ізденіс үшін рух мықты болуы тиіс. Рух мықты болса ғана жолда кездескен кедергілерді жеңуге болады.
Рефлексия
Оқушылар бүгінгі сабақ туралы ойын стикерге жазып, тақтаға іледі. (2 минут)
Үй тапсырмасы
«Шынайы шешен — жарқын тұлға» тақырыбында шағын шығарма-ойтолғау жазу.