Мамандығым - мақтанышым

Мамандығым — мақтанышым!

Тәрбиеші — ең алдымен балаға білім нәрін құятын ізгілік иесі, өмірлік тәжірибені үйрететін тәлімгер, адамгершілікке баулитын психолог-тәрбиеші. Халқымыздың ата-бабадан келе жатқан салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы, жақсы қасиеттері, бүгінгі заманның озық жетістіктері — бәрі де жас ұрпаққа ұстаздың тәлімді сөзі мен өнегелі ісі арқылы дариды. Ал бұл міндеттің қашанда қиын әрі жауапты екені белгілі.

Негізгі ой

Тәрбиеші болу — бала жүрегіне жол табу, әр күнді мейірім мен сабыр, білім мен жауапкершілікке сүйеніп құру.

Мамандыққа келу жолым

Мен тәрбиеші мамандығын таңдаудан бұрын балабақшада өзге қызмет атқардым. Балабақша өмірі тәрбиешінің еңбегімен тікелей байланысты екенін сол кезде айқын сезіндім. Жұмыс барысында тәрбиешілермен күнделікті қарым-қатынаста болып, бұл мамандықтың қаншалықты күрделі тұстары барын көрдім. Соған қарамастан, дәл осы кәсіпке қызығушылығым арта түсті.

Тәрбиешілердің ортасында жүріп, тәжірибе жинап, осы жолды таңдауға нық бел будым. Өзім еңбек еткен балабақшадағы әріптестерімнен үйренгенім көп. Бүгінде тәрбиешілер әлемнің әр түкпірінде балалардың сауатын ашып, ізденіп, тәжірибе жасап, биік нәтижелерге жетіп жүр. Бұл — мамандықтың қадірі мен құдіретін дәлелдейтін шындық.

Бала — пәктіктің айнасы

Мен балаларды жанымдай жақсы көремін. Өйткені бала — тазалық пен пәктіктің, шынайылық пен туралықтың айнасы. Олар қуанса — шын қуанады, ренжісе — шын ренжиді. Баланың жаны жалғандықты да, жасандылықты да қабылдамайды: не айтса да әділ, шындықты айтады.

Шынайылық

Баланың көңілі — мөлдір. Сезімі мен сөзі көбіне тура, ал ниеті адал.

Әлемнің әсем шағы

Балалық шақ — адам жанының ең нәзік, ең таза кезі. Әр бала — өзінше бір әлем.

Көздері мөлдіреген, жүздерінде күлкі ойнаған балаларға қарасаңызшы… Адам баласы бала күнінде қандай сұлу, қандай аңғал, қандай таза еді. Әр бала жақсылыққа құмар, арманшыл келеді. Тәрбиеші мамандығының киесі де, қиындығы да — осы періштелерді үлкен өмірге қанаты қайырылмайтындай етіп дайындауда емес пе?!

Киелі орта және мамандыққа адалдық

Жасыратыны жоқ, кейбір жандар бұл кәсіптің қиындығын айтып, көңілі толмай жатады. Бірақ мамандығын түбегейлі өзгертетіндер сирек. Себебі балалардың сүйкімді, киелі ортасы тәрбиешіні көзге көрінбес нәзік жіппен өзіне тартып тұратындай.

Төрт жылдық тәжірибе

Мен балабақшада тәрбиеші болып төртінші жыл еңбек етіп келемін. Бұл жұмыстан бір сәт те жалыққан емеспін. Өйткені бүлдіршіндерге арнаған уақытым — өмірімдегі ең бағалы, ең бақытты сәттерім.

Күн сайынғы қуат пен жауапкершілік

Күн сайын таңертең балабақшада балаларды қарсы алып, олардың жағымды үнін, сыңғырлаған күлкісін, «Сәлеметсіз бе?», «Қайырлы таң!» деген жылы сөздерін естігенде, бойым сергіп сала береді. Балалармен өткен әрбір сәт мені жаңа бір әлемге жетелегендей.

Олардың маған деген ықыласын, үмітке толы жанарын, білсем деген құштарлығын, сұраулы көзқарасын әрдайым байқаймын. Сол сәттерде олар менен көп нәрсе күтетінін айқын сеземін.

Күнделікті сұрақтарым

  • Бүгін кішкентай достарым қандай көңіл күймен келеді?
  • Күніміз қызықты өтуі үшін оқу іс-әрекетін қалай ұйымдастырсам болады?
  • Ойын түрлерін балалардың жас ерекшелігіне сай қалай түрлендірсем екен?

Әрине, әрбір оқу іс-әрекетіме жауапкершілікпен қарап, алдын ала тыңғылықты дайындалуды ешқашан жадымнан шығарған емеспін. Өйткені тәрбиеші еңбегінің нәтижесі — баланың ертеңгі болмысы, мінезі, дүниетанымы.

Тәрбиеші: Төлтаева Назерке Өмірзаққызы