Етістікке сұрақ қой

Сабақ туралы мәлімет

Ақмола облысы, Степногорск қаласы, Бестобе кенті №2 орта мектебі. Бастауыш сынып мұғалімі: Салменова Жұмабике Амантайқызы. Пәні: Қазақ тілі. Тақырыбы: Етістік.

Сабақтың типі

Білімді тиянақтау

Сабақтың түрі

Дәстүрлі

Пәнаралық байланыс

Әдебиеттік оқу, дүниетану

Сабақтың мақсаты

Білімділік

Етістік туралы білімді ойындар мен дидактикалық материалдар арқылы еске түсіру, талдау және тиянақтау.

Дамытушылық

Өз ойын еркін әрі ашық жеткізу дағдысын, тілін, сыни көзқарасын және шығармашылық қабілетін дамыту.

Тәрбиелік

Әдептілікке, мейірімділікке, жылдам ойлауға тәрбиелеу; сауатты, көркем жазуға баулу.

Әдіс-тәсілдер мен көрнекіліктер

Әдіс-тәсілдер

  • Талдау, салыстыра ажырату
  • Сұрақ-жауап
  • Ойын, сәйкестендіру, топтастыру
  • Деңгейлік тапсырмалар

Көрнекі құралдар

  • Суреттер, карточкалар, белгілер
  • Интерактивті тақта

Сабақтың барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

Сабақтың басталуы (өлең жолдары)

Қазақ тілім – өз тілім – ана тілім, Абай, Мұхтар сөйлеген дана тілім. Қастерлейді ұл-қызың мәңгі сені — Болашағым, бақытым, дара тілім!

Бүгін сабағымызға қонақтар қатысып отыр. Оларды тәртіппен, білімімізбен қарсы алайық. Көңіл-күйлерің қалай?

Үй жұмысын тексеру

6-жаттығу тексеріледі (1–2 оқушыдан сұралады). Қайталау сұрақтары қол көтеріп, орнынан тұрмай жауап беру тәртібімен жүргізіледі.

  1. 1.Қандай сөз таптарын білеміз?
  2. 2.Қай сөз табын өттік?
  3. 3.Зат есім дегеніміз не?
  4. 4.Адамға қатысты сөздерге қандай сұрақ қоямыз?
  5. 5.Зат есімнің қандай түрлерін өттік?
  6. 6.Жекеше түрі қандай сұраққа, көпше түрі қандай сұраққа жауап береді?
  7. 7.Зат есімнің көпше түрі қандай жалғаулар арқылы жасалады?

Сөзжұмбақ арқылы тақырыпты ашу

Сабағымызды бастамас бұрын сөзжұмбақ шешіп, жасырынған сөзді табайық:

  1. 1.Мал өнімі: ет
  2. 2.Жыл мезгілі: көктем
  3. 3.Сүттен жасалатын тағам: ірімшік
  4. 4.Уақыт бірлігі: сағат
  5. 5.Әкенің әкесі: ата
  6. 6.Ауруды емдеуші: дәрігер
  7. 7.Өз атын шақыратын құс: көкек

Қандай сөз шықты? Етістік. Бір-бірімізге сәттілік тілеп, сабағымызды жақсы көңіл күймен бастайық.

Ереже

Етістік — заттың қимылын, іс-әрекетін білдіретін сөз табы. Не істеді? Не қылды? Қайтті? деген сұрақтарға жауап береді.

Сабақ ұраны

Сөйлейміз, оқимыз, жазамыз — бәрін білуге ұмтыламыз!

Негізгі жұмыс түрлері

Суретпен жұмыс

Суретке қарап, балалардың не істеп жатқанын және қандай қимыл-қозғалыстарды байқап тұрғанын айту.

Дәптермен жұмыс

Дәптерді ашып, бүгінгі күнді жазу. Таза жазу: Ее — емен, есік, ешкі.

Оқулықпен жұмыс

  • 1-жаттығудағы өлеңді жатқа жазу.
  • Өлеңнен етістіктерді тауып, астын сызу.
  • Етістіктерге сұрақ қою.
  • Дәрігер мамандығы туралы қысқаша әңгімелесу.

Жұмбақ шешу

Аю. Күн.

Тақтамен жұмыс

2-жаттығу: қимыл, іс-әрекетті білдіретін сөздерге Не істеді? Қайтеді? сұрақтары қойылатынын аңғарту.

II. «Тез ойла, сөз ойла» ойыны

Қой қоздайды.

Дәрігер емдейді.

Бие құлындады.

Мұғалім оқытады.

Ешкі лақтайды.

Ұшқыш ұшады.

Түйе боталайды.

Тігінші тігеді.

Сиыр бұзаулайды.

Жазушы жазады.

Талқылау: «Бұл қай сөз табы?» — Заттың атын білдіретін сөз табын зат есім дейміз. Ал қимылды білдіріп тұрған сөздер — етістіктер.

Оқулықпен жұмыс (3-жаттығу)

Көп нүктенің орнына тиісті етістіктерді қойып, сөйлемдерді көшіріп жазады. Етістіктердің астын сызып, қай сөз табымен байланысып тұрғанын сызба арқылы көрсетеді.

Сергіту сәті

Шаршасаңдар, балалар, Қолдарыңды созыңдар. Саусақтармен ойнаңдар, Қолдарыңды сермеңдер. Денелерің шынықсын, Саналарың тынықсын.

«Тез тауып, бөгелмей айт» ойыны

Жел …………

Найзағай …………

Күн …………

Асан …………

Жаңбыр …………

Әтеш …………

Қоңырау …………

Би …………

Әкем …………

Таң …………

Тапсырма …………

Қой …………

4-жаттығу

Берілген тақырыптық суреттер бойынша әңгіме құрастыру. Құрастырған мәтіннен етістіктерді тауып, астын сызу және етістіктердің қай сөз табымен байланысып тұрғанын сызба түрінде көрсету.

«Кім шапшаң?» ойыны

Берілген етістікке қарама-қарсы мағыналы етістікті тауып айт:

Кірді — …………

Келді — …………

Тұрды — …………

Алды — …………

Күлді — …………

Ауырды — …………

Еркін жазу стратегиясы: ұйқасын тап

Өлең жолдарын толықтырып жаз:

Сабақта мен ……………

Жаман бала ……………

Жақсылармен ……………

Айтқан серттен ……………

Үлкендерді ……………

Айтқандарын ……………

Көмектесем ……………

Көріңдер, мен ……………

Талқылау: Өлеңнен қандай ой түйдіңдер? Негізгі түйін — үлкенге көмектесу, әдепті болу.

Сөз таптарын талдау ойыны

Ереже: зат есім болса — сары, сын есім болса — жасыл, етістік болса — қызыл түсті көтеру. (Шапшаңдықты дамытады.)

1) Өзен, тау, қалам, ән, бала, киім

2) Тұрды, жазды, сызды, күлді, жауды

3) Биік, әдемі, үлкен, ақылды, таза

4) Ойланып отыр, ұшып келе бастады, сайрап отыр

IV. Бекіту (деңгейлік тапсырмалар)

I деңгей

  1. 1) Етістіктердің астын сыз:
    Доп, жазды, алды, дәптер, таза, әдемі, жуды, ұшты, барды.
  2. 2) Етістікке сұрақ қой:
    Аспан, ту, пісірді, қар, жазды, білгір, бірінші, апарды.

II деңгей

Дара етістіктерді күрделі етістікке айналдырып жаз:

Ойнады — …………

Жазды — …………

Оқыды — …………

III деңгей

Зат есімнің астын бір рет, етістіктің астын екі рет сыз:

Бірлігі жоқ ел тозады,
Бірлігі күшті ел озады.

V. Қорытындылау

Қайталау сұрақтары:

Етістік дегеніміз не?

Қандай сұрақтарға жауап береді?

VI. Үй тапсырмасы

5-жаттығу, 48-бет.

VII. Бағалау

Оқушылардың тапсырмаларды орындауына, белсенділігіне және сауатты жазуына қарай бағалау жүргізіледі.