Әкесі баласынан
Тақырыбы: Менің отбасым
Мақсаты
Отбасындағы сыйластыққа, адамгершілікке, инабаттылыққа тәрбиелеу. Үлкенді үлгі тұтып, кішіні мақтан етуге үйрету. Отбасының бірлігін сақтап, ата-ана алдындағы парызды өтеуге, еліміздің жақсы азаматы болып өсуге және жанұяның мақтаны болуға баулу.
Жүру барысы
I. Психологиялық дайындық
Қайырлы күн! Армысыз, мейірімді Жер-Ана.
Бәріміз дос болайық!
Бәріміз тату болайық!
Бүгін біз ғажайып бір әлемге саяхатқа шығамыз. Ол қандай әлем болуы мүмкін?
Ол — кішкентай ғана шағын мемлекет. Ал бұл мемлекеттің аты — Отбасы.
Ол мемлекет қандай болуы мүмкін?
-
Бақытты
-
Тату
-
Өнерлі
-
Үлгілі
Ойлануға сұрақ: Сенің отбасындағы орның қандай?
Әке туралы әңгіме
Саябақта әкесі мен баласы серуендеп жүреді. Әкесі баласынан: «Балам, мынау ненің даусы?» — деп сұрайды. Бала: «Құстың даусы», — деп жауап береді.
Сәлден соң әкесі сол сұрақты қайта қояды. Бала тағы да дәл солай жауап береді. Үшінші рет сұрағанда, бала шаршағанын жасыра алмай: «Ол — құс, құс! Өзім шаршап келе жатырмын, неге қайта-қайта сұрай бересіз?» — деп ренжиді.
Сонда әкесі сабырмен: «Балам, сен кішкентай кезіңде мен ауыр тірліктен шаршап келсем де, сенің “Анау не? Мынау не?” деп күніне жүз рет сұраған сұрақтарыңа жалықпай жауап беретінмін», — дейді.
Талқылау сұрақтары:
- Әке баласына неге ренжіді?
- Сен әкеңе не деп жауап берер едің?
- «Әкемді ренжітіп алған жоқпын ба?» деген ой мазалай ма?
Отбасының ұйытқысы, берекесі, мейір-шапағаттың бір көзі — әке. Халқымыз «Әке — асқар тау» дейді.
Ұсыныс: Әке туралы мақал-мәтелдер айтып көрейік.
Ана туралы жұмбақ-әңгіме
Бірде көп балалы ана ұлдарына былай дейді: «Балапандарым, сендерге бір жұмбақ жасырайын. Егер бір адам сендерді тоғыз ай бойы “абақтыға” жауып қойса, одан соң аузыңа өкпе тықса, арқаңды ағашқа таңып қойса, сол адамға не істер едің?»
Балалардың болжамы
- Тұңғышы: «Оның басын балтамен шабар едім».
- Екіншісі: «Мен оны мылтықпен атар едім».
- Үшіншісі: «Оның мұрнын бұзар едім».
Кенже баласының жауабы
«Жоқ, ана. Бұлардың айтқаны — ақымақтың ісі. Мен ол адамды аялап, өлгенше алақаныма салып бағар едім. Өйткені ол — мені жаратушы, жарық дүниеге әкелуші адам. Сіз бізді тоғыз ай көтердіңіз, өмір сыйладыңыз. Таза жатсын деп ағаш бесікке бөледіңіз».
Бұл жұмбақтың шешуі — ана.
Ұсыныс: Ана туралы мақал-мәтелдер айтып көрейік.
Халқымыз: «Ана — сая бағың, әке — асқар тауың» дейді. Сондықтан жанұяның екі тірегі — әлпештеген әже мен аялаған ана, қорған болған әке. Оларды құрметтеу — әр баланың борышы.
Қорытынды
Жанұяның қуанышы — бала.
Жанұяның бәйтерегі — ата, әже, әке, ана.
Бала — тәлім-тәрбие мен өнеге алушы ұрпақ.
«Жүректен жүрекке» шеңбері
Шеңберге тұрып, әрқайсымыз өз отбасымыздың жақсы қасиеттерін айтып шығайық. Айтылған ақ тілектер әр шаңыраққа дари берсін.
Отбасыларыңның шамшырағы болып жана беріңдер.