Ару қыздар
Сабақ жоспары • Қазақ әдебиеті
Елінің ардақтаған Ақаны еді...
Бұл сабақ Ақан сері Қорамсаұлының ертегіге бергісіз, жұмбаққа толы өмірін, әсем де әуезді әндерін және шығармашылық мұрасын талдауға арналады. Сабақ құрылымы оқушының ойлауын дамытып, дерекпен жұмыс істеу дағдысын қалыптастыруға, өз пікірін дәлелді жеткізуге бағытталған.
Білімділік
Сал-серілердің падишасы Ақан сері Қорамсаұлы туралы білімді тексеру, тереңдету, талдау.
Дамытушылық
Оқулық, электронды материал, интернет және ғылыми-зерттеу деректерін тиімді пайдалану; салыстыру; шығармашылық белсенділікті арттыру.
Тәрбиелік
Өнер адамына құрмет, кейіпкер тағдырына ортақтасу, өз ойын тұжырымдау және өзгенің көзқарасын сыйлау мәдениетін қалыптастыру.
Сабақ форматы мен құралдары
- Сабақ түрі
- Дамыта оқыту
- Сабақ типі
- Бекіту сабағы
- Сабақ әдістері
- Сұрақ-жауап, ассоциация, сын тұрғысынан ойлау
- Пәнаралық байланыс
- Ән
Көрнекілік
- Компьютердегі слайд-кестелер
- Бүктеме материалдар
- Көркем шығармалар
- Үлестірмелі қағаздар
Сабақтың басталуы: ой шақыру
Ұйымдастыру кезеңінде «ән-жұмбақ» тәсілі қолданылады: Ақанның «Балқадиша» әні орындалып, оқушыларға: «Бұл кімнің әні? Қандай ән?» деген сұрақтар қойылады.
Мұғалімнің кіріспе сөзі
Бүгінгі сабақ — тау мен тасты шабыт қылып, қазақ даласын ән мен күйге бөлеген ақиық ақын, сал-серілердің падишасы, елінің ардақтаған аяулы ұлы Ақан Қорамсаұлының ғажайып сырға толы өмірі мен әсем, сазды әндері туралы.
Сол Ақан, жүрген жері сайран Ақан,
Жүрегін махаббатқа жайған Ақан.
Өзі жылап өтсе де, қалың елін,
Әнімен әлдилеген қайран Ақан!
Үй тапсырмасын тексеру және талқылау
1) «Ақанды кім деп танисың?»
Оқушылар Ақан серінің тұлғасын сипаттап, оның ақындық және әншілік қырларын дәлелдермен айтуға талпынады.
Поэзия минуты
Оқушылар Ақанның өлеңдерін мәнерлеп жатқа оқиды және мазмұнына қысқаша түсініктеме береді.
2) «Суреттер сыр шертеді»
Көрсетілген суреттер арқылы оқушылар Ақан өмірі мен шығармашылық әлемін ассоциациялау әдісімен әңгімелейді.
Табиғат пен мекен
Көкшетау, Ерейментау
Сал-серілік болмыс
Сал-серілер, ару қыздар
Саятшылық, жүйріктік
Қаршыға, қыран құс, тазы, жүйрік ат
Әдеби байланыстар
І. Жансүгіров, М. Жұмабаев, Ғ. Мүсірепов, С. Жүнісов портреттері
3) «Сурет-жұмбақ»: пьесаға шолу
Оқушылар Ғ. Мүсіреповтың «Ақан сері — Ақтоқты» пьесасы (1942) жайлы мәлімет айтып, кейіпкерлер жүйесін талқылайды.
Талқылауға арналған сұрақтар
- Пьесаның тұсаукесерінде Ақан мен Ақтоқты рөлін кімдер сомдады?
- Ақан Ақтоқтыдай аруға арнап қандай өлеңдер жазды?
- Ақан неге сүйікті Ақтоқтысына қосыла алмады?
Пьесаның алғашқы қойылымында қос ғашықтың бейнесін Шәкен Айманов пен Шолпан Жандарбекова сомдағаны атап өтіледі.
Осы талқылау нәтижесінде оқушылар Ақан шығармашылығындағы өзекті арналардың бірі — дала арулары мен сұлу қыздар тақырыбы екенін түйіндейді.
Мағынаны тану: талдау және деңгейлік тапсырмалар
1) Өзіндік жұмыс
Өлеңді топ ішінде талдап, мазмұн, идея, көркемдік тәсіл және тарихи-әлеуметтік астар бойынша қорытынды жасап, кестені толтыру ұсынылады.
I деңгей
-
Неліктен Ақанның шын аты өзгерген?
Анасы көп қыздың ішіндегі жалғыз ұлын еркелетіп, Ақан деп атап кеткен.
-
Ақан тума дарын ба, әлде серілік дәстүрдің жемісі ме?
Ақан — тума дарын: ерте жастан өлең-жырға әуестеніп, қатарластарына арнап өлең шығарады. Серілік дәстүр уақыт өте көмескіленгенімен, халық жадында Ақан сері, Сегіз сері секілді өнерпаздар арқылы сақталған.
- «Құлагер» өлеңінің оқиға желісін баянда.
II деңгей
-
Ақанға қарсы қойылған тұлға кім? Оны әшкереле.
Шығармада Ақанға қарсы тұлға ретінде Ақмола өңіріндегі Қуандықтан шыққан бай — Жүсіп мырза көрінеді. Бәйгеде озбаған атының ашуын Ақаннан алмақ болып, қастандыққа барады. Сағынайдың асында оның жігіттері Құлагерді мерт қылады. Көреалмаушылық пен қызғаныш қылмысқа итермелейтіні айқындалады.
-
Құлагердің Ақан өміріндегі орны қандай?
Ел болып құнын ұсынғанда, Ақан: «Маған байлық қажет емес, Құлагермен бірге жаным да өлді», — деп жауап береді. Қайғысы тереңдеп, ол елден жырақ кетіп, тау мен тасты паналайды.
-
Өлеңдегі тарихи жағдайды сипатта.
Паң Нұрмағамбет — ел басқарған болыс, әкесі — Сағынай. Сағынайдың асы 1876 жылы өткен деп беріледі.
III деңгей
-
«Құлагердегі» өмір шындығы қай кезеңді көрсетеді?
ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ қоғамының саяси-әлеуметтік ахуалы көрініс табады.
-
Зарлаған жалғыз Ақан ба? Құлагер қазасына көзқарасың қандай?
Қайғыны жалғыз Ақан ғана тартпайды: әлеуметтік теңсіздік пен әділетсіздік сол дәуірдің талай жанын жаралаған. Құлагер өлімі Ақанға аса ауыр соққы болып, оның өміріндегі ең қасіретті сәттердің біріне айналады.
-
Ақан өнері бүгін жалғасты ма?
Ақанның әндері халық жадында сақталып, бүгін де кең тыңдалады; танымал әншілер репертуарынан берік орын алған.
Топтық жұмыс
Оқушылар қабілеті мен қызығушылығына сай үш топқа бөлініп, өнер мен мәтін талдауын ұштастыратын тапсырмаларды орындайды.
I топ — Әншілер
- Ақан әндерін орындаушыларды таныстыру
- Әндердің шығу тарихын айту
- Ақанның бір әнін орындау
II топ — Ақындар
- Өлеңдердің негізгі идеясын ашу
- Ақанға арнап 1 шумақ өлең құрастыру
III топ — Құлагер
- Құсбегілік, саятшылық, атбегілік туралы айту
- Ақанның «Құлагерін» Абайдың «Аттың сыны» өлеңімен салыстыру
Ой түю: тағдыр мен өнердің тоғысы
Отыз жасында-ақ жүрегі нәзік, арманы асқақ Ақан үшін Ақтоқтысынан көз жазып қалу жеңіл соқпады. Алайда опасыз жалған өмір оның маңдайына бұдан да ауыр сынақтарды жазды. Осы сабақта біз Ақан сері тағдыры арқылы өнердің қуатын, махаббаттың мұңын және қоғамдағы қайшылықтардың адам жанын қалай жаралайтынын пайымдаймыз.
Қызылорда облысы, Шиелі кенті, №219 Ы. Алтынсарин атындағы қазақ орта мектебі • Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі: Бимұратова Нұрсәуле Қалдыбекқызы