Тұрсын ханның бүлігі

Сабақ тақырыбы: Есім хан тұсындағы Қазақ хандығы

Сабақтың мақсаты

  • Білімдік:

    Есім ханның Қазақ хандығы тарихындағы тәжірибелі қолбасшы әрі білікті саясаткер ретіндегі рөлін ашып көрсету.

  • Дамытушылық:

    Тірек-сызба арқылы білімді толықтыру және жүйелеу; картамен жұмыс істеу; мәтіндегі негізгі ойды табу; өз бетінше қорытынды жасау; тапсырмалар арқылы есте сақтау қабілетін дамыту.

  • Тәрбиелік:

    Еркін ойлау, топпен жұмыс, сабырлылық, өз пікірін мәдени түрде жеткізу және өзгені тыңдау дағдыларын қалыптастыру; Есім ханның іс-әрекеттерін талдау арқылы ерлікке, батылдыққа тәрбиелеу.

Сабақтың форматы

Түрі:
Аралас сабақ
Әдісі:
Дамыта оқыту, тірек-сызба арқылы оқыту, топтық және жеке жұмыс, мәтінмен жұмыс
Пәнаралық байланыс:
Математика, музыка, қазақ тілі

Көрнекіліктер

  • Тірек-сызба
  • Тәуекел және Есім хандардың суреттері
  • Саяси карта

Сабақтың барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

Оқушылармен амандасу, түгелдеу, сабаққа дайындықтарын бақылау.

Сабақ барысында екі топ «ертегілер еліне» саяхат жасайды. Әр топқа бөлек плакатқа салынған суреттер ілінеді. Әр топ төрт кезеңнен өтеді.

1-топ кезеңдері

  1. 1-кезең: Үй тапсырмасын айту
  2. 2-кезең: «Мергеншілер» — тақтадағы шарларды дәлдеп атып, ішіндегі сұрақтарға жауап беру
  3. 3-кезең: «Әндер әлемі» — әуенді тыңдап, әнді табу және жасырын сұраққа жауап беру
  4. 4-кезең: «Алтын сандық» — сандықтағы жылдарды қосып, сол жылы не болғанын айту

2-топ кезеңдері

  1. 1-кезең: Үй тапсырмасын айту
  2. 2-кезең: «Алма теру» — алманы алып, ішіндегі сұрақтарға жауап беру
  3. 3-кезең: «Әндер әлемі» — әуенді тыңдап, әнді табу және жасырын сұраққа жауап беру
  4. 4-кезең: «Мыстан кемпірден құтылу» — айнаның артындағы жылдарды қосып, сол жылы не болғанын айту

II. Үй тапсырмасын сұрау

1-кезең

Екі топтан бір-бір оқушы тақтаға шығып, үй тапсырмасын айтады.

1-топ — 2-кезең: «Мергеншілер»

  1. 1) 1580 жылы Хақназар хан қайтыс болған соң хан тағына кім отырды? (Шығай хан)
  2. 2) 1582 жылы Тәуекел сұлтан бастаған қазақ әскерлері кімді өлтірді? (Баба сұлтанды)
  3. 3) Өзбек пен қазақ әскерлері кімді өкшелей қуды? (Баба сұлтанды)
  4. 4) Шығай хан мен Тәуекел сұлтанға Абдаллах хан риза болып қай жерді сыйға берді? (Ходжент)
  5. 5) Қай өзен бойындағы қалалар Абдаллах ханға тізе бүгіп, бағынышты болды? (Сырдария)

2-топ — 2-кезең: «Алма теру»

  1. 1) Шығай ханның баласы кім? (Тәуекел)
  2. 2) Бұхараның ханы кім? (Абдаллах)
  3. 3) Тәуекел хан көп әскермен Абдаллах хандығына шабуыл жасап, қай қалаларды басып алды және қай қалаға қатер төндірді? (Сауран, Түркістан, Отырар, Сайрам; Ташкентке қатер төнді)
  4. 4) Шайбани әулетінің орнына кімдер келді және қандай заңдастыру шарты жасалды? (Аштарханилер; қазақ әміршілерімен арада қазақ хандығына қосылған жерлерді мойындауға қатысты шарттар жасалды)
  5. 5) Ресейден Сібірге аттанған жасақ кімнің жасағы? (Ермактың жасағы)

III. Жаңа сабақ: Есім хан дәуіріндегі Қазақ хандығы

Есім ханға мінездеме және ішкі саясат

Тәуекел хан қайтыс болғаннан кейін оның інісі Есім (1598–1628) мұрагерлік жолмен ресми түрде хан тағына отырды. «Еңсегей бойлы Ер Есім» атанған хан — тәжірибелі қолбасшы әрі білікті саясаткер ретінде танылды.

Хан тағына отырған соң Есім хан Бұхар хандығымен бітім жасап, Орта Азия қалаларымен бейбіт экономикалық байланыс орнатуға ұмтылды. Оның басты мақсаты — Қазақ хандығын бір орталыққа бағынған, қуатты мемлекет ретінде нығайту болды.

Есім хан әскери күш-қуатты арттыруға ерекше көңіл бөлді, сұлтандар мен төрелерге белгілі бір дәрежеде еркіндік пен билік берді. Алайда XVII ғасырдың басында ішкі саяси өмір біршама тұрақтанғанымен, бұрыннан келе жатқан қайшылықтар толық шешілмеді. Феодалдық талас-тартыстар күшейіп, хандық барған сайын бөлшектене түсті.

Оңтүстікте іс жүзінде екі ханның билігі қатар жүрді: Есім хан Түркістанды астана етсе, Тұрсын хан өзін тәуелсіз хан жариялап, Ташкентті астана етті. Бұл кезеңде өңірлерде дара билік жүргізген әмірлер де болды: Ташкентте — Келді Мұхаммед сұлтан, Әндіжанда — Абылай сұлтан, Тұрфанда — Әбд-ар-Рахым хан, Жаркентте — Абақ хан және басқалар.

Негізгі ұғым

«Есім ханның ескі жолы» — Есім хан тұсында қалыптасқан далалық заңдар жүйесі. Әсіресе жаугершілік заманда елдің қорғаныс қабілетін күшейтуге бағытталған нормалары Есім ханның ірі мемлекет қайраткері екенін айқындайды.

Бұхар–қазақ қатынастары және соғыстар (1603–1624)

Қазақ хандығының ішкі жағдайын мұқият бақылаған Бұхар ханы бұрынғы бітім шартын бұзып, Қазақ хандығы жеріне жаңа жорықтар ұйымдастырды. Оның мақсаты — Тәуекел хан тұсында қолдан кеткен Ташкент, Сайрам, Әндіжан өңірлерін қайтарып алу және қазақтарды Сырдарияның арғы бетіне ығыстыру болды.

1603: Айғыржар шайқасы

Бірінші қазақ–бұхар шайқасы Айғыржарда өтті. Бұхар әскері жеңіліп, Самарқан бекінісіне шегінді. Қазақ жасақтары мол олжамен Ташкентке қайтты.

1611: Ташкент түбіндегі ұрыс

Бұхар әскерін Имамқұли хан өзі басқарды. Қазақ қолын Есім хан бастап, шайқаста қарсыласты жеңіп, келісімге келтірді.

1613 және 1620–1621

1613 жылы Есім хан Самарқанға жорық жасап, Бұхар әскерін ойсырата жеңді. 1620–1621 жылдары болған кезекті соғыстарда қазақтар толық жеңіске жетті.

1627 жылғы ең соңғы, жетінші қанды шайқаста Есім хан әскерді өзі бастап, жеңіске жетті. Осылайша оңтүстік шекараны берік нығайтты, ал Имамқұли хан жеңілісті мойындады.

Тұрсын ханның бүлігі және «Қатаған қырғыны»

Тұрсын сұлтан — Жалым сұлтанның ұлы. 1598 жылғы хан сайлауда Есімнің жолы үлкен болғандықтан, Тұрсынның таққа таласуының негізі әлсіз еді. Дегенмен Өзбек хандығына қарсы күресте қазақ әскерін бастап, бірнеше рет жеңіске жетуі оның беделін өсірді.

1613 жылы Тұрсын сұлтан өзін хан деп жариялап, Ташкентті астана етті және өз атынан ақша шығарды. Ол Есім ханмен бірнеше рет бітімге келсе де, серттен тайып отырды. Оның негізгі тірегі саны көп әрі айбарлы Қатаған руы болды.

Ел бір болғанымен, ханның екеу болуы мемлекеттің бірлігіне сызат түсірді. Есім ханның беделінің артуы Тұрсын ханның қарсы әрекеттерін күшейтті.

1627 жылы Есім хан жоңғарлардың жиілеген шапқыншылығына қарсы жорыққа аттанғанда, Тұрсын хан Түркістанға шабуыл жасап, бейбіт жұртты ойрандады. Есім ханның отбасы тұтқынға алынып, Ташкентке әкетілді.

Бүліктен хабар алған Есім хан сақтық жасап, Сайрам қамалының түбінде қарсы жақпен бетпе-бет келді. Жеңілген Тұрсын хан Ташкентке шегініп, ақыры тұтқынға түсіп, Есім ханның үкімімен жазаланды. Бұл оқиға тарихта «Қатаған қырғыны» деген атпен қалды.

Тарихи жырдан үзінді

Ей, Қатағанның ханы Тұрсын,

Кім арамды ант ұрсын!

Жазықсыз елді еңіретіп,

Жер тәңірісіп жатырсың.

Хан емессің, қасқырсың,

Қара албасты басқырсың.

Алтын тақта жатсаң да,

Ажалы кеткен пақырсың!

Еңсегей бойлы ер Есім,

Есігіңе келіп тұр:

Алғалы тұр жаныңды,

Шашқалы тұр қаныңды!

Топтық тапсырмалар

3-кезең: «Әндер әлемі» — сұрақтар

1-топ

  1. 1) Есім ханның ел билеген жылдары? (1598–1628)
  2. 2) Тұрсын хан астана деп жариялаған қала? (Ташкент)
  3. 3) 1611 жылы Бұхар әскерін кім басқарды? (Имамқұли хан)
  4. 4) Тұрсын хан кімнің ұлы? (Жалым сұлтанның ұлы)
  5. 5) Абақ хан қай өңірлерді биледі? (Жаркент пен Қашғарды)

2-топ

  1. 1) Есім хан шығарған заңның атауы? («Есім ханның ескі жолы»)
  2. 2) Тұрсын ханның бүлігі тарихта қалай аталды? (Қатаған қырғыны)
  3. 3) Есім ханның отбасы тұтқындалып қайда әкетілді? (Ташкентке)
  4. 4) Есім хан астана етіп жариялаған қала? (Түркістан)
  5. 5) Қай рудың адамдары Есім ханға бағынбады? (Қатаған)

4-кезең: Жылдармен жұмыс

1-топ — «Алтын сандық»

  1. 1443 + 160 = 1603: Айғыржарда бірінші қазақ–бұхар шайқасы өтті.
  2. 1921 − 308 = 1613: Есім хан қалың қолмен Самарқанға басып кірді.
  3. 1620–1621: 4–5–6 қазақ–бұхар соғыстары болды.
  4. XVII ғ.: Ішкі саяси өмір салыстырмалы тұрақтанғанымен, феодалдық тартыстар кең өріс алды.
  5. 1333 + 295 = 1628: Есім хан қайтыс болды.

2-топ — «Мыстан кемпірден құтылу»

  1. 1332 + 281 = 1613: Тұрсын хан Ташкентті астана деп жариялады.
  2. 1822 − 224 = 1598: Есім хан таққа отырды.
  3. 1219 + 408 = 1627: Ең соңғы ірі қанды шайқастардың бірі болды.
  4. XVI ғ.: Қуатты Моғолстан мемлекеті біржолата ыдырауға бет алды.
  5. 921 + 690 = 1611: Бұхар әскерін Имамқұли хан басқарды.

Қорытынды бөлім

V. Бағалау

Оқушылардың жұмысы бағаланып, жеңіске жеткен топ марапатталады.

VI. Үй тапсырмасы

  • Тақырыпты оқу
  • Тест құрастыру
  • «Егер мен хан болсам…» тақырыбында әңгіме жазу