Оқушылардың сөз таптары туралы білімдерін кеңейту

Сабақтың мақсаты мен міндеттері

Мақсаты

Оқушылардың сөз таптары туралы білімін кеңейту.

Міндеттері

  1. Сөз таптарын ажырата білуге, тапсырмаларды дұрыс орындауға және сөйлемдегі сөздерді сөз таптарына талдай білуге үйрету.
  2. Ой-өрісті, сөздік қорды және белсенділікті арттыру; жеке тапсырмалар арқылы шығармашылық қабілетті дамыту.
  3. Сауаттылыққа, мәдениетті сөйлеуге, жылдамдыққа және еңбексүйгіштікке тәрбиелеу.

Сабақтың барысы

1) Ұйымдастыру және психологиялық дайындық

Парталас отырған көрші оқушылар бір-біріне қарама-қарсы қарап, сабаққа сәттілік тілейді.

2) Өткен сабақты қайталау

Сөз дегеніміз не?

Сөз — қандай да бір заттың, сапаның, санның, құбылыстың атауы.

Күрделі сөздердің түрлері қандай?

Біріккен сөз, қос сөз, қысқарған сөз.

3) Жаңа сабаққа кіріспе: сөзжұмбақ арқылы тақырыпты табу

Сөзжұмбақты шешіп, бүгінгі сабақтың тақырыбын анықтаймыз.

1. Балық түрі — сазан

2. Көру мүшесі — көз

3. Гүлдей нәзік жан — қыз

4. Асыл — тастан

5. Өнер — жастан

6. …, қара, сарымыз — ақпыз

7. Аңшы қаруы — мылтық

8. Қара емес — ақ

9. Өтірік емес — рас

10. Ақымақ емес — ақылды

Нәтиже: шыққан сөз — «Сөз таптары».

4) Оқулықпен жұмыс (1-жаттығу): сөздерді сөз таптарына ажырату

  1. Бірінші қатардағы сөздерді оқып, олардың қай сөз табына жататынын және қандай сұрақтарға жауап беретінін анықтау. (Зат есім: кім? не?)
  2. Екінші қатардағы сөздерге талдау жасау. (Етістік: не істеді? не қылды? қайтті?)
  3. Үшінші қатардағы сөздерге талдау жасау. (Сын есім: қандай? қай?)
  4. Төртінші қатардағы сөздерге талдау жасау. (Сан есім: қанша? неше? нешінші?)

Топтастыру

Сөз таптарын топтастырып, әрқайсысының қасына сұрақтарын орналастыру.

Зат есім — кім? не?

Етістік — не істеді? не қылды? қайтті?

Сын есім — қандай? қай?

Сан есім — қанша? неше? нешінші?

5) 2-жаттығу: жаңылтпашпен жұмыс

Жаңылтпаш

Үш ішік тыстадым,
Үш үскі ұштадым.

Ескерту: үскі — былғарыны, ағашты тесетін іші қуыс біз.

  • Сөздердің қай сөз табына жататынын анықтау, астын сызу, сұрақ қою.
  • Жазып болған соң, жұппен бірін-бірі тексеру және бағалау.

Тыстадым, ұштадым — етістік

Ішік, үскі — зат есім

Үш — сан есім

6) 3-жаттығу: мәтінмен жұмыс және талдау

Мәтін

Борсық — Қазақстанда кең таралған аң. Дене тұрқы 75 сантиметрден асады. Орманды, таулы, далалы, сулы жерлерде кездеседі.

Сөз таптарына талдау (мысалдар)

Таралған — етістік

Аң — зат есім

Кең — сын есім

Асады — етістік

Дене тұрқы — зат есім

75 — сан есім

Кездеседі — етістік

Орманды, таулы, сулы — сын есім

7) Сергіту және тақырыптық байланыс: мереке туралы әңгіме

Алда үлкен мереке келе жатыр. Ол қандай мереке? Жаңа жыл.

Біз 2012 жылды қарсы аламыз. Ал қазақша жаңа жылымызды қай айда қарсы аламыз? Наурыз айында.

Биыл қандай жыл келеді? Ұлу жылы.

2012 жылды үйде қалай қарсы аламыз? Үйде шырша құрамыз, дастархан әзірлейміз.

Ендеше сыныпта да шыршаны «құрып», оны ойыншықтармен әшекейлей отырып тапсырмалар орындаймыз.

8) 4-жаттығу: «Шырша» тапсырмасы

Тақтаға шырша ілінеді. Ойыншықтардың артында тапсырмалар жазылады: тапсырманы орындаған соң ойыншық шыршаға ілінеді.

Берілген сөздер

Тай, күн, аққу, тау, тауық, оқушы.

Тапсырма: осы зат есімдерді сын есім, сан есім, етістікпен тіркестіріп, сөйлем құрау.

Үлгі сөйлемдер

  • Екі асау тай шапты.
  • Бес күн жылы болды.
  • Көлге әдемі екі аққу қонды.
  • Алматыда биік тау көп екенін көрдім.
  • Тауық кішкентай бес балапанын ертіп шықты.
  • Біздің сыныпта бес үздік оқушы болды.

9) Шығармашылық тапсырма

Қазір жылдың қай мезгілі? Қыс мезгілі. Тапсырма: қыс туралы шағын әңгіме жазу.

10) 6-жаттығу: сөзжұмбаққа сұрақ құрастыру (сөздікпен жұмыс)

Оқушылар сөздікті пайдаланып, сөзжұмбаққа сұрақтар жазады.

Көлденеңінен

  • 1) «Жабағы» деген не?

    Жабағы — тайдан кіші, 5–6 айлық құлын.

  • 2) «Селдіреу» нені білдіреді?

    Заттың тозып қалуға жақын күйі. Киім тозған кезде селдірейді.

Тігінен

  • 1) «Ызақор» деген қандай адам?

    Ашуланшақ, тік мінезді адам.

  • 2) «Ырыс» нені білдіреді?

    Мол байлық, береке. Мысал: «Ырыс алды — береке».

11) Сабақты бекіту

Бүгінгі сабақта сөз таптарын қайталадық, жаңылтпаш арқылы сөздерді сөз таптарына ажыраттық, мәтіннің бастапқы сөйлемдерін көшіріп жазып талдадық, сөзжұмбаққа сұрақтар құрастырдық және қыс мезгілі туралы шағын әңгіме жаздық.

12) Бағалау және үй тапсырмасы

Бағалау

Сабаққа белсенді қатысқан оқушылар бағаланады.

Үй тапсырмасы

Үй тапсырмасы мұғалімнің нұсқауы бойынша беріледі.