Аналар алтын

Мерекелік кештің мазмұны

Тақырыбы

Ана — өмірдің шуағы

Мақсаты

  • 8 наурыз — Халықаралық әйелдер күнін атап өту.
  • Анаға деген мейірім мен сүйіспеншілікті арттыру, үлкенге құрмет, кішіге үлгі болуға баулу.
  • Оқушылар бойында ізгілік, инабаттылық, биязылық секілді қазақ қызына тән көркем қасиеттерді қалыптастыру.

Көрнекілігі

Зал мерекеге сай әсем безендіріледі: шарлар, слайд-презентация.

Мұғалімнің құттықтау сөзі

Армысыздар, бақытты балалық шағымыздың шат-шадыман өтуіне барлық жағдай жасап отырған аяулы да ардақты аналар! Сіздерді 8 наурыз — Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймыз!

Адам бойындағы жақсы қасиет күннің нұрынан, ананың ақ сүтінен жаралған. Сондықтан, құрметті асыл аналар мен қадірлі әжелер, «Ана — өмірдің шуағы» атты мерекелік кешіміз сіздердің құрметтеріңізге арналады.

Жүргізушілер сөзі

Арайлым • Ерасыл

Арайлым

Қош келіпсіз, құрметті ата-аналар,
Жүздеріңнен мейіріммен нұр тамар.
Алдарыңда жауқазындай құлпырған —
Балғын шақты біз, бақытты балалар!

Ерасыл

Мереке құтты болсын, аналарым,
Мәпелеп, еркелеттің, аяладың.
Лебізіңе алғысымды айта келе,
Ән-жырымды қабыл ал, аналарым!

Арайлым: Қымбатты ұстаз-аналар, аяулы арулар! Көңілдеріңізге көктем шуағындай сезім мен нұр құйып, тағы да 8 наурыз мерекесі келді.

Ерасыл: Бұл көркем мерекенің орны әрқашан бөлек. Өйткені аналарға деген ыстық сезім, алғыс пен құрмет ешқашан сөнбейді.

Арайлым: Аналар — өмірдің гүлі, көңілдің жыры, әр отбасының алтын діңгегі. Тынымсыз тіршілік пен кең дүниенің өзі аналармен ғана ажарлы.

Ерасыл: Бүгінгі нұрлы таңмен бірге әрбір сәби жүрегі «өзім» деп соқса, бүгінгі мерекелік кешіміз де аналарға арналады.

Оқушылардың жыр-шумақтары

Елназар

Сіздерден өскен балалар —
Батырлар мен даналар.
Құттықтаймыз мерекемен,
Құрметті абзал аналар!

Эльдар

Құтты болсын аналардың мерекесі,
Жарқыраңдар жаз күніндей жайдары.
Көктемнің алғашқы мейрамы —
Бақыт әкелсін әр айлары.

Аяулым

Дүниеде ең кемеңгер дананы
Ана табады, аялайды, бағады.
Сол үшін де құдіретіңе бас иіп,
Құрметтейік қасиетті ананы.

Айжан

Мерейлі сәт мерекеге ұласып,
8 наурыз келді қыр асып.
Нәзік жандар мерекесі —
Көктемімнің шапағатын тұр шашып.

Ән

«Аналар алтын»

Оқушылар аналарға ашықхаттарын табыстайды.

Алғыс пен құрметке толы тілектер

Мадина

Құрметтейік, о адамдар, аналарды,
Бізді өмірге әкелген даналарды.
Ана — асыл жан, сондықтан
Әр қадамды оймен басайық.

Мақсат

Ақ сүтінен жаралған,
Ақ сүтінен нәр алған —
Анаға бас иеміз!
Туған елдің тілі деп,
Туған жердің үні деп —
Анаға бас иеміз!

Аружан

Адам бар ма ана сүтін татпаған,
Алуан түрлі ауыр сыннан аттаған?
Адалдықты, ар-намысты сақтаған —
Мен ананың сол қасиетіне мақтанам.

Би: «Көктем вальсі»

Ерасыл: Теңіздей тербелген көл бетінде бишілер қалықтайды. Аққудай әсем қимылымен өнер көрсететін келесі кезекті «Көктем вальсі» биіне береміз.

Қорытынды арнаулар

Даяна

«Ана» дейміз бәріміз де аңқылдап,
«Ана» дейді жас сәби де жарқылдап.
Ана — өмірдің бәйтерегі,
Ана — алтын қазық, алтын бақ.

Алиби

Ана — асыл жан, болаттай,
Ана — мөлдір жан, бұлақтай.
Уа, адамдар, қадірлей біл ананы,
Жат қылыққа ақыл-ойды тонатпай.

Арайлым

Сан мың шәкірт өзіңнен тәлім алды.
Аяулы ұстаз-ана, ісіңнің бәрі ұнамды.
Әр күн сайын атыңды қайталаймын,
Таң сайын еске алғандай әнұранды.