Кішкентай қыз

Музыкалық театрлық қойылым туралы

Бұл қойылым қазіргі заманға сай әзірленген ортаңғы және ересектер топтарының балаларына арналған музыкалық театрландырылған ертегі. Мазмұны балалардың табиғатқа жанашырлығын күшейтіп, мейірімділік пен ізгі әрекетке жетелейді.

Тәрбиелік мақсаты

  • Қоршаған ортаға қамқорлық сезімін арттыру.
  • Табиғатты қорғауға, елін және жерін құрметтеуге тәрбиелеу.
  • Мейірімділікке, ізгі іс жасауға баулу.
  • Экологияны ластамауға, Табиғат-Анаға сүйіспеншілікпен қарауға жетелеу.

Дамытушылық мақсаты

  • Шығармашылық қабілеттерін дамыту.
  • Жақсылық жасауға, достыққа және өз ойын еркін жеткізуге дағдыландыру.
  • Көпшіл болуға, бойындағы ұяңдықтан арылуға баулу.

Қатысушы кейіпкерлер

  1. 1 Кішкентай қыз
  2. 2 Анасы
  3. 3 Гүлдер
  4. 4 Көбелектер
  5. 5 Құстар (бұлбұлдар)

Көрнекі құралдар

Үй ішінің көрінісі

  • Кітап оқитын үстел, үстел үстіндегі кітаптар және үстел шамы.
  • Кішкентай қыздың төсегі.
  • Қабырғаға ілінген сағат пен күнтізбе.
  • Қонжық ойыншық.

Орман көрінісі

  • Қурап-солған ағаштар және жеміс-жидекке толы ағаштар (екі жақты декорация).
  • Бұлақ (көгілдір түсті мата).
  • Тау-тастар (жұмсақ губкалардан әртүрлі пішінде жасап, бояумен әрлеу).
  • Ағаш түбі (томар), ширмалар.
I

I көрініс — Үй

Өте мейірімді әрі ақылды кішкентай қыз үстел басында ертегі оқып отырады. Бір мезетте сырт жақтан анасының дауысы естіледі:

Анасы: Қызым-ау, уақыт болып қалды. Ұйықтасаңшы.
Қыз: Қазір, анашым.

Анасының сөзін жерге тастамай, қыз бірден жинақталып, төсегінің жанына келеді. Төсек үстіндегі әдемі аппақ қонжығын құшақтап:

Қыз: Қайырлы түн, қонжығым.

Ол қонжығын төсегіне жатқызып, үстіне жұмсақ жамылғы жабады. Күнтізбеге көзі түсіп кеткенде қыздың ойы алаң болады:

Қыз: Ой, ертең жексенбі екен ғой — анамның туған күні! Мүлде есімнен шығып кетіпті. Енді анама не сыйласам екен?

Сәл ойланып отырып:

Қыз: Таңертең ерте орманға барып, анама арнап гүл мен жидек теріп келемін. Бірақ сен анама айта көрме, қонжығым. Әйтпесе анам мені жалғыз орманға жібермей қояды.

Осылайша кішкентай қыз төсегіне жатып, тәтті ұйқыға кетеді. Ширма жабылады.

II

II көрініс — Қураған орман

Сахналық орналасым

Сахнаның оң жағында — қураған ағаштар, томардың үстінде — бұлбұл құс кейпіндегі балалар. Сол жақ тұста — тау-тастар мен бұлақ.

Қолында себеті бар кішкентай қыз орманға гүл мен жидек теруге келеді. Бірақ ол көргеніне сенбей, жан-жағына таңырқай қарайды: ағаштар солып, жер қурап қалған.

Ағаштармен диалог

Қыз: Ағаштар, сендерге не болған? Жемістерің қайда?

1-ағаш: Бізге су керек. Шөлдеп, қурап тұрмыз.

2-ағаш: Сол себепті жеміс беруге шамамыз келмей тұр.

Құстармен диалог

Қыз: Ой, бұлбұлдар, сендер неге сайрамайсыңдар?

1-бұлбұл: Көңіл-күйіміз жоқ.

2-бұлбұл: Сайрайтындай сәніміз қалмады — жеріміз қурап кетті.

Қыздың жүрегі ауырып, ол бұлаққа қарай асығады:

Бұлақпен диалог

Қыз: Бұлақ, бұлақ, маған суыңнан берші.

Бұлақ: О, кішкентай қыз! Мейірімсіз адамдардың кесірінен көзім бітеліп, аға алмай жатырмын. Маған көмектесші.

Қыз: Жарайды, бұлақ. Мен саған көмектесемін.

Әрекет

Қыз бұлақтың көзін ашуға кіріседі: ауыр тастарды әрлі-берлі қозғағандай қимыл жасайды. Бір мезетте су сылдырлап, бұлақ қайта аға бастайды.

Қыз: Алақай, алақай!

Бұлақ: Рахмет, мейірімді қыз. Менен шөліңді қандырып ал.

Қыз: Суың қандай дәмді еді. Рахмет!

Бұлақ: Ағаштарды да суаруды ұмытпа, мейірімді қыз.

Қыз себетімен ағаштарды суарады. Лезде қураған ағаштар жасыл желекке айналады. Қыз қуанып, орманды одан әрі көркейтуге бел буады:

Қыз: Мен жай ғана үйге қайтып кете алмаймын. Одан да бұл жерді саялы баққа айналдырайын.

Дән сұрау

Қыз: Бұлбұлдар, маған көмектесіңдерші. Дән әкеп беріңдерші.

1-бұлбұл: Ол дәнді не істемексің?

Қыз: Осы жерге гүл егіп, баққа айналдырғым келеді.

Бұлбұл: Жарайды, талабың таудай екен. Бізді осы жерден күт, қазір келеміз.

Қимыл-қозғалыс (әуенмен)

  • Аяқтың ұшымен жүгіре басып келіп, бір айналып отырып қалады.
  • Екі қолын біріктіріп, ортадан сыртқа қарай «ашу» қимылын жасайды; басты оңға және солға қимылмен бірге қозғайды.
  • Қимылдарды әуен ырғағымен 4 рет қайталап, сахнаның 4 бұрышына және соңында ортаға келіп орындайды.
  • Шаршау қимылы: оң қолмен маңдайын 1–2 санағымен сүртеді, сол қолмен де 1–2 санағымен қайталайды.

Құстардың оралуы

1-құс: Міне, ала ғой, дәнің.

2-құс: Сүйкімді қыз, біз де саған көмектесейік.

Қыз: Жарайды, достарым. Қане, бәріміз бірігіп іске кірісейік. Мен жерге дән себемін, ал сендер су құйыңдар.