Ғанидың өмірінен көрініс

Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Қазалы ауылы, №100 орта мектебі

Бастауыш сынып мұғалімі: Бердешева Жадыра

Тақырып: «Ғани Мұратбаев туралы білеміз бе?»

Мақсаты

  • Шығыс жастарының ақылшысы әрі жетекшісі болған Ғани Мұратбаевтың өмірімен таныстыру.

  • Жас ұрпақты оқуға, ізденуге, үйренуге баулу; үлгі тұтар тұлғаның қасиеттерін бойға сіңіруге тәрбиелеу.

  • Оқушылардың өз ұлтына деген құрметі мен мақтаныш сезімдерін ояту.

Көрнекілігі

Ғани Мұратбаевтың суреттері

Тұлғаның келбеті мен дәуір тынысын таныту

Буклет

Негізгі деректер мен хронология

Кітап бұрышы

Оқу, дерек, естелік көздері

Слайд-шоу

Көрнекі таныстырылым

Сабақ барысы

  1. I. Ұйымдастыру

    Оқушыларды сабаққа дайындау.

  2. II. Жоспар

    1-бөлім: Кіріспе

    2-бөлім: Өмірінен көрініс

    3-бөлім: Өмір жолы

    4-бөлім: Поэзия минуты

    5-бөлім: Слайд-шоу

    6-бөлім: Қорытынды

1-бөлім. Кіріспе

Мұғалім сөзі

Тұман еді… Түн еді, ертең еді…

Түнек еді, өскенге дерт — өлеңі…

Өзгертті де дүниені ел шемені,

Өр сапарға шақырды ерте мені.

Жасынның жарқ еткеніндей ғана ғұмыр кешкен Ғани жиырма үшке толмай өмірден өтті. Ол күлімсірей жүріп-ақ ХХ ғасырдың табалдырығын аттады. Ғани — ғұмыр. Ғани — ғасыр. Ғани кім еді? Бір сәт өткенге көз жіберейік.

2-бөлім. Ғанидың өмірінен көрініс

Көрініс: дүниеге келуі

Бала: Мұратбай аға, Бәтима жеңгем ұл тапты. Сіз әке атандыңыз. Сүйінші, сүйінші!

Мұратбай: Айналайын, сүйіншің дайын. Қалағаныңды ал. Бұл нәресте — көптен күткен қуанышым. Татар тамырыма құрмет ретінде атын Ғанибай қоямын.

Түсіндірме

Бұл қуаныш 1902 жылдың 3 маусымында болды. Қазалының киелі топырағында айналаны шаттыққа бөлеп, Ғани дүниеге келді. Ол кезде оның шығыстың болашақ жалынды ұланы боларын ешкім білген жоқ.

Алаулаған таңның арайы төңірекке нұр шашқандай, Табиғат-Ананың өзі мейірлене көз салғандай әсер қалдырады.

Көрініс: оқуға ұмтылыс

Бала: Апа, оқығым келеді. Әкем менің оқып, азамат болғанымды қалапты ғой.

Анасы: Иә, құлыным, әкең сенің оқығаныңды армандап кетті. Оқу жасынан өтіп те кеткендейсің. Биыл күзден бастап оқуға берем. Қазақ баласының саны жетпей тұр дейді.

Түсіндірме

Бұл — 1911 жыл. Әкесі қайтыс болған соң, тоғыз жасар Ғаниды анасы уезд орталығы — Қазалы қаласына әкеліп, орыс-қазақ мектебіне оқуға береді. Оны бітіргеннен кейін бастауыш училищеде білімін жалғастырады.

Ғани он бес жасқа толғанша едәуір білім алып, сауатын ашады. Кейін бір жылдай уездік комитетте қызмет атқарады. Жүрегі асаудай тулаған сергек сезімді жас жігіт алыс армандарға ұмтылады.

3-бөлім. Ғанидың өмір жолы

1

Шығыс жастарының көсемі атанған Ғани Мұратбаев 1902 жылы 3 маусымда Қазалы өңірінде, қазіргі өз атымен аталатын ауылда, Мұратбай болыстың шаңырағында дүниеге келді.

2

1917–1918 жылдары Қазалыда Кеңес өкіметі алғаш құрылған тұста ревком мүшесі болып қызмет атқарды.

3

1919 жылы жастар ұйымына мүше болып қабылданды.

4

1920 жылы Верный қаласында педагогикалық курста сабақ берді.

5

1921 жылдың 22 наурызында оның бастамасымен «Жас Алаш» газетінің алғашқы саны жарық көрді. Редакторы — Ғани Мұратбаев.

6

1922 жылы партия мүшелігіне қабылданды.

7

1924 жылдың қыркүйегінен өмірінің соңына дейін Коммунистік Жастар комитетінің мүшелігіне сайланып, шығыс елдері жастары бөліміне жетекшілік етті.

Мұғалім түйіні

1925 жылдың 16 сәуірінде Ғанидың денесі Шығыс еңбекшілері коммунистік университетінің залына қойылды. 23 жыл ғұмыр кешкен Ғани рухани мол мұра қалдырды.

Оның от-жалынға оранған қайрат-жігері, болашақты болжаған көрегендігі, іскерлігі, табандылығы, асқан жауапкершілігі, адалдығы мен әділдігі — ұрпаққа ұлағат болатын мәңгілік мұра.

4-бөлім. Поэзия минуты

Жарқын іске бастап Шығыс ұл-қызын,

Қараңғыда жарық берген жұлдызым!

Сен аңсаған азат, ашық аспанда

Ұшырамын өзіңе арнап жыр-құсын!

Бұл бөлімде ақын-жазушылардың Ғани туралы жазған өлеңдері оқылады.

5-бөлім. Слайд-шоу және музыкалық нөмірлер

Слайд-шоу

Ғани Мұратбаевтың суреттері негізінде слайд-шоу көрсетіліп, қысқаша таныстырылым жасалады.

Әндер

«Қазақтың қара баласы»
Орындайтын: Махамбетұлы Дамир
«Қазақ осы»
Орындайтын: Әбдуали Ғалым

6-бөлім. Қорытынды

Мұғалім сөзі

Халқымыздың ардақты азаматы, аққан жұлдыздай аз жасап, артына мол мұра қалдырған, Қазақстан мен Орталық Азия жастарының жалынды жетекшісі, көрнекті қоғам қайраткері, ағартушы-демократ Ғани Мұратбаевтың ел мүддесі үшін жасаған жанқиярлық еңбегі — бүгінгі ұрпаққа үлгі-өнеге.

Әр заманның лайықты иесі болады. Өз заманының қадірін біліп, мақсатын терең түсіну — кез келген адамның қолынан келе бермейді. Ғани өз дәуірінің тілін түсініп, уақыт толқынына ілесе білген асқақ ойлы, өр мінезді өрен еді. Елдің жоғын жоқтады, болашаққа сенді, ізінде өнегелі із қалдырды.

Сендер де өз заманыңның жалынды күрескері, тәуелсіз еліміздің тірегі, қайтпас қайсар қорғаушысы боласыңдар деп сенемін.

Хор

«Ғанидай боламыз»

Қорытынды шумақ

Өшпес ісің кеткен артқа қалдырып,

Жасай бермек әр күн сайын жаңғырып.

Миллиондаған жүректердің төрінде,

Жарқын бейнең жасай бермек мәңгілік!

Осымен Ғани Мұратбаевтың 110 жылдық мерейтойына арналып өткізілген «Ғани Мұратбаев туралы білеміз бе?» тақырыбындағы лекция сабағы аяқталды.

Көріп, тамашалағандарыңызға рахмет!