Тірек сөздер. Жеті жұрттың тілін біл
Сабақтың мазмұны
Бұл материал «Мақал – сөздің мәйегі» тақырыбындағы интеллектуалды сайыс сабағының жоспары мен барысын ұсынады. Мақсат — халық ауыз әдебиетін орынды қолдануға үйрету, көпшілік алдында сөйлеу мәдениетін дамыту және ұлттық құндылықтарды құрметтеуге тәрбиелеу.
Мақсаты
- Білімділік: халық ауыз әдебиетін пайдаланып, оны орынды қолдануға; шаршы топ алдында сөз жүйесін таба білуге үйрету.
- Дамытушылық: оқушылардың халық ауыз әдебиетіне сүйіспеншілігін, қызығушылығын және ойлау қабілеттерін дамыту.
- Тәрбиелік: ауыз әдебиетін құрметтеуге, тіл мәдениетіне, достық қарым-қатынасқа, тапқырлыққа, өз ұлтын сүюге және халық мәдениетін жалғастыруға тәрбиелеу.
Әдісі мен түрі
Әдісі: сұрақ-жауап, талдау.
Түрі: интеллектуалды сайыс сабағы.
Көрнекілігі
Мақал-мәтелдер жинағы, қосымша таратпа материалдар және тапсырма парақтары.
Сайыс барысы
Кіріспе сөз
Мұғалім: «Армысыздар, құрметті ұстаздар мен оқушылар! Бүгінгі жастар — халқымыздың болашағы, еліміздің ертеңі. Оқушылардың ой-өрісін кеңейтіп, есте сақтау қабілетін шыңдайтын, білімді жастарды анықтап, білімге қызығушылығын арттыратын “Мақал – сөздің мәйегі” сайысымызға қош келдіңіздер!»
«Білімді адам ешнәрседен қорықпайды, мазаланбайды. Әрқашан батыл болады».
«Өмірдің өзі адамды тірестірген, бірі — жаңа жарыстың, бірі — ескірген. Айнала отырып ап иісі қазақ азаматын өзара күрестірген», — дей отырып, бүгінгі сайысымызды бастаймыз.
Топтар
- I топ: Білгір
- II топ: Алғыр
- III топ: Тапқыр
Сайыс құрылымы
- Таныстыру
- Мықты болсаң тауып көр
- Ойлан тап
- Жеті жұрттың тілін біл
- Жалғасын тап
Турлар
I тур — Таныстыру
Әр топ өздерін таныстырады. Таныстыру мәтінінде міндетті түрде мақал-мәтелдер қолданылуы керек.
II тур — Мықты болсаң тауып көр
Тақтада берілген тірек сөздерді қатыстырып мақал-мәтел құрастырылады. Қолындағы таяқшаны бірінші көтерген топ қана жауап береді.
Тірек сөздер
- 1) Қой, қойшы, қозы
- 2) Арпа, бидай
- 3) Бірлік, тірлік
- 4) Жер
- 5) Ит
Тірек сөздер
- 6) Еріншек
- 7) Білім
- 8) Отан
- 9) Әке-шеше
- 10) Жылқы
Тірек сөздер
- 11) Тіл
- 12) Өтірік
- 13) Гүл
- 14) Нан
- 15) Еңбек
Мақал-мәтелдер — ата-бабамыздан қалған өшпес мұра. Көлемі шағын болғанымен, уақыт өткен сайын мағынасы тереңдеп, құны артып, қымбат қазынаға айналады.
III тур — Ойлан тап
Қойылған сұрақтарға мақал-мәтелдермен жауап беріледі.
| Сұрақ | Жауап (мақал-мәтел) |
|---|---|
| 1) Жыланды қалай інінен шығарамыз? | Жылы-жылы сөйлесең, жылан інінен шығады. |
| 2) Инемен құдық қазуға бола ма? | Білім инемен құдық қазғандай. |
| 3) Аппақ қарға бола ма? | Қарға баласын «аппағым» дейді. |
| 4) Ең тәтті не? | Ананың сүті тәтті, баланың тілі тәтті. |
| 5) Қар жана ма? | Қалауын тапса, қар жанады. |
| 6) Оттан да не ыстық? | Отан оттан да ыстық. |
| 7) Тауық түс көре ме? | Тауықтың түсіне тары кіреді. |
| 8) Кімнен кім жаман? | Олақтан салақ жаман. |
| 9) Шашу мен жинаудың қайсысы оңай? | Шашу оңай, жинау қиын. |
| 10) Білгенің қанша, білмегенің қанша? | Білгенің бір тоғыз, білмегенің тоқсан тоғыз. |
| 11) Адамның қай мүшесі қорқақ, қай мүшесі батыр? | Көз қорқақ, қол батыр. |
| 12) Отқа түсіп күймеуге бола ма? | Отан үшін отқа түс — күймейсің. |
| 13) «Көрдім», «көрмедім» деген неше сөз? | «Көрдім» деген көп сөз, «көрмедім» деген бір сөз. |
| 14) Етікті қонышынан басуға бола ма? | Қолыңнан келсе, қонышынан бас. |
IV тур — Жеті жұрттың тілін біл
Ғ. Мүсірепов «Ақыл-ой, алғыр сөз — адамның ең жоғарғы қасиеті» деген. Тіл — ұлттың жаны, халықтың үні. Қазіргі заман талабына сай бірнеше тілді білу маңызды.
Қазақтан шыққан ғұлама ғалым, тарихшы, әдебиетші, саяхатшы Ш. Уәлиханов сегіз тілде еркін сөйлеген. Бүгінгі дарынды жастар да бірнеше тілді меңгеруге талпынуда.
Шарты
Мақал-мәтелдің бір сөзі түсіп қалған. Сол сөзді тауып, орыс тіліне және ағылшын тіліне аударасыздар.
-
1) Мектеп — кеме, білім — ________.
Жауабы: теңіз — море — sea
-
2) Қорада малың болсын, көшеде ________.
Жауабы: талың — дерево — tree
-
3) Адам көркі — шүберек, ағаш көркі — ________.
Жауабы: жапырақ — лист — foliage
-
4) Құлан құдыққа құласа, құлағында ________ ойнайды.
Жауабы: құрбақа — жаба — frog
-
5) Жалғыз кірпіш қорған болмас, жалғыз ағаш ________ болмас.
Жауабы: орман — лес — forest
-
6) Бабалар еккен шынарды ________ саялар.
Жауабы: балалары — дети — children
-
7) Қыз өссе — елдің көркі, ________ өссе — жердің көркі.
Жауабы: гүл — цветок — flower
-
8) Біреуге мал қайғы, біреуге ________ қайғы.
Жауабы: жан — душа — soul
-
9) Мақтаның анасы — жер, атасы — ________.
Жауабы: су — вода — water
V тур — Жалғасын тап
Мақал-мәтелдердің жалғасын табу керек.
- Өз үйім... өлең төсегім.
- Батыр туса — ел ырысы,... жаңбыр жауса — жер ырысы.
- Асыл тастан шығады,... өнер жастан шығады.
- Отан... оттан да ыстық.
- Ғылым — теңіз, ... білім — кеме.
- Оқу инемен... құдық қазғандай.
- Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде... ұлтан бол.
Қорытынды
Қорытынды бөлімде жеңімпаз топ анықталып, мектеп әкімшілігі атынан мақтау қағазымен марапатталады. Сондай-ақ белсенділігімен ерекшеленген жеке оқушылардың аты аталып, мақтау қағаздары тапсырылады.
Негізгі ой
Мақал — сөздің мәйегі: қысқа болса да нұсқа, аз сөзге көп мағына сыйғызған халық даналығы.