Желтоқсан жаңғырығы
Желтоқсан жаңғырығы
Мақсаты: балалардың бойында елжандылық сезімдерін қалыптастыру, туған елі мен жеріне деген сүйіспеншілігін тәрбиелеу, тіліміз бен тарихымызға құрметпен қарауға баулу.
Жүргізуші:
Тәуелсіздік бақытына оранып,
Елім жатыр шаттығына қуанып.
Желбірейді көкте туы әдемі,
Қазақ елін — туған жерді сүйемін.
Армысыздар, құрметті ата-аналар, ұстаздар және бүлдіршіндер! Бүгінгі «Желтоқсан жаңғырығы» атты мерекелік ертеңгілігімізге қош келдіңіздер!
Қазақ халқы сан мың жылдар бойы армандаған, бірнеше ғасырға жалғасқан бостандық үшін күресті. Соның нәтижесінде, Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен 1991 жылдың 16 желтоқсаны заңды түрде Тәуелсіздік күні болып жарияланды. Биылғы мереке құтты болсын!
Құттықтау сөзі
Құттықтау сөз балабақшамыздың директоры Сарбиназ Талапқалиқызына беріледі.
Жүргізуші:
Әнұраным — жанұраным,
Айтар әнім, сөйлер сөзім.
Туған жерім — сағынарым,
Мәңгі бақи шырқалады,
Республикам Әнұраны!
Осылайша, мерекелік кешімізді Қазақстан Республикасының Әнұранын орындаудан бастаймыз.
Тарихқа тағзым
Өз жерім — өзім ие болған күн,
Тілім таза бостандық алған күн.
Елтаңбам мен көк байрағым желбіреп,
Тарихыма өшпес белгі салған күн.
Желтоқсан көтерілісінде есімдері тарихта қалған Қайрат Рысқұлбеков, Ербол Сыпатаев, Ләззат Асанова, Сабира Мұхамеджанова сияқты аға-апаларымыздың ерлігі ешқашан ұмытылмайды.
Еске алу сәті
«Ағалардың орны бізбен толсын, сәбилер ағалардың жолын қусын. Бір минут үнсіздікпен еске алайық, аруақтары разы болсын».
(1 минут үнсіздік жарияланады. Слайд көрсетіледі. С. Тұрысбековтың «Көңіл толқыны» күйі жаймен орындалады.)
Жүргізуші:
Тасысын шалқып әніміз,
Жадырасын жанымыз.
Мерекеңмен құттықтап,
Би билейміз бәріміз.
«Көгершін» тобының балаларының «Тәуелсіз Қазақстаным» биімен қарсы алыңыздар.
Жүргізуші:
Бейбіт өмір тілеймін мен халқыма,
Туған тілім жарқырап тұрсын әрқашан.
Тарихымызды танытар таланттар көбейсін,
Бас иемін ата-баба рухына.
Ендеше «Қарлығаш» пен «Көгершін» топтарының Тәуелсіздікке арналған шағын көрінісін тамашалаңыздар.
Шағын көрініс: Желтоқсан жаңғырығы
Көрініс басталады
(Көрініс көрсетіледі.)
Қайрат: Естідіңдер ме? Д. Қонаевтың орнына белгісіз біреу сайланыпты. Бұл не деген масқара!
Жастар: Неге халықпен санаспайды? Орталық Комитеттің шешіміне қарсымыз. Қазақстанды тек қазақ басқаруы керек. Ұлтымыздың намысын аяққа таптатпаймыз.
Абылай
Дүр сілкінді қойдан да қоңыр аймақ,
Бағы жанбай қала ма, соры қайнап.
Хамза
Ұран жазып қып-қызыл ту көтерген,
Біз де шықтық алаңға «Елім-ай!»лап.
Айбек
Демократияны бұғаудан босатыңыздар, әр халыққа өз көсемі керек.
Қарақат
Сүрмейтұғын болдық қой күймей ғұмыр,
Көлеңке күннен де тимейді нұр.
Колбин деген кім екен, қайдан келген?
Нұрай
Уа, сыртымыздан қашанғы билейді бұл?
Өгей қозы біз болдық енемізге.
Келімсектер шықты ғой төбемізге.
Ақиқат жоқ маңайыңның толған аңыз —
Жүр екенбіз тұманды жолда нағыз.
Қайрат: Қазақстанда бір қазақтың болмағаны ма? Колбин деген кім?
(Осы сәтте милиционерлер келеді.)
1-милиция: Жастар, жастар, тараңдар!
Қайрат: Біз пленум шешіміне қарсымыз.
2-милиция: Қайтыңдар, жатақханаларыңа!
Жастар: Орталықтың озбырлығы жойылсын!
3-милиция: Тараңдар, әйтпесе күш қолданамыз.
Жастар: Әр халыққа өз басшысы!
4-милиция: Сендерге «қайт» деп тұрмыз ғой, неге түсінбейсіңдер?
(Жастар тарайды. «Көңіл толқыны» күйі жаймен орындалып тұрады.)
Үй көрінісі
Қайрат үйде жеңгесімен шай ішіп отырады. Үйге екі милиция кіріп келеді.
Милиция: Біз органнан келдік. Қ. Рысқұлбековты тұтқындаймыз. Қолымызда прокурордың бұйрығы бар. Тез жинал!
Жеңгесі: Ойбай-ау, қаршадай баланың не жазығы бар еді? Әке-шешесіне не бетімізді айтамыз?
Милиция: Сабыр етіңіз, жеңгеше! Бұл бала көшеде төбелеске қатысқан. Оны сот шешімінен кейін білесіздер.
Сот залынан көрініс
Тергеуші: Иә, Рысқұлбеков, сен 18 желтоқсан күні сағат 10:00-де қайда болдың?
Қайрат: Жолдастарыммен бірге Фурманов көшесінде болдым.
Тергеуші: Жоқ, сен өтірік айтпа! Сен Сәтпаев пен Бейбітшілік көшесінің қиылысында Савицкийді соққыға жықтың. Соның салдарынан ол қайтыс болды. Өліміне сен кінәлісің! Оны сен өлтірдің.
Қайрат: Мен ешкімді де өлтірген жоқпын.
Тергеуші: Бұдан ешқандай пайда жоқ. Ісің сотқа жіберіледі.
Сот: Айыпкер Қ. Рысқұлбеков қылмыскер деп танылып, жазалаудың ең ауыр түрі — өлім жазасына кесілсін.
Тергеуші: Ал, Рысқұлбеков, ақтық сөзіңді айт.
Қайраттың ақтық сөзі
Күнәдан таза басым бар,
Жиырма бірде жасым бар.
Қасқалдақтай қаным бар,
Бозторғайдай жаным бар.
Алам десең — алыңдар,
Қайрат деген атым бар.
Қазақ деген затым бар.
Ерке тоқты — құрбандық,
Атам десең — атыңдар!
Қорытынды
Жүргізуші: Қайрат Рысқұлбеков өмір бойына бас бостандығынан айырылып, сол түрмеде белгісіз себептермен қаза табады. Бұл — Желтоқсан жаңғырығының жүректе қалған қасіреті мен қайраты.