Біздің тәжірибемізде қазақ тілі - бай тіл

Қанатты сөздер жинағы

Ұстаз, білім және ана тілі туралы ойлар

Төмендегі нақыл сөздер мен дәйексөздер ұстаздықтың қадірін, білімнің мәнін және тілдің ұлт өміріндегі орнын айқындайды. Мәтін редакциялық өңдеуден өткізіліп, емле мен тыныс белгілері біріздендірілді.

Ұстаз және тәрбие

«Кімде-кім халқынан тәлім алмаса, оны ешбір мұғалім үйрете алмайды».
Жүсіп Баласағұн
«Басқаларды үйрете жүріп, біз өзіміз де үйренеміз».
Сенека
«Ештеңе туралы сұрамайтын адам ештеңе үйренбейді».
Т. Фуллер
«Өзіңді қарапайым, жылы лебізіңмен сыйлата білмесең, құр қаталдықтан түк те шықпайды».
А. П. Чехов
«Мен ешқашан оқушыларыма бір нәрсені “үйретпеймін” — тек олардың оқуы үшін жағдай жасаймын».
Альберт Эйнштейн
«Халықтың кемеліне келіп, өркендеп өсуі үшін ең алдымен азаттық пен білім қажет».
Шоқан Уәлиханов
«Адамды тәрбиелеу — демек, оның ертеңгі қуанышқа ие болатын келешек жолын тәрбиелеу».
А. С. Макаренко
«Мұғалім ісі сырттай қарапайым болғанымен, тарихтағы ең ұлы істердің бірі».
К. Д. Ушинский

Ұстаз туралы мақал-мәтелдер

  • «Бір әріп үйреткенге — қырық жыл сәлем».
  • «Ұстаз — анаңдай ұлы».
  • «Ұстаз ұстаз емес — өз шәкірті үшін күймесе; шәкірт шәкірт емес — өз ұстазын сүймесе».
  • «Ана мейірімі мен ұстаз мейірімі — егіз».
  • «Ұстазы жақсының — ұстамы жақсы».
  • «Мектеп — кеме, білім — теңіз: барар жерге тез жетеміз».
«Құт-берекең — атаң қымбат, аймалайтын анаң қымбат. Мейірімді апаң қымбат. Асқар тауың — әкең қымбат».
Қазыбек би

Сөз, ой және парасат

«Адамның адамшылығы — ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады. Адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады».
Нақыл сөз
«Жұмысы жоқтық, тамағы тоқтық — аздырар адам баласын».
Абай
«Тіл жүректің айтқанына көнсе, жалған шықпайды».
Нақыл сөз
«Ақылмен ойлап білген сөз бойына жұқпас, сырғанар. Ынталы жүрек сезген сөз бар тамырды қуалар».
Абай
«Біліп айтқан сөзге құн жетпейді, тауып айтқан сөзге шын жетпейді. Өзің білмесең, білгендерден үйрен — үйренгеннен ештеңең кетпейді».
Төле би
«Ел бастау қиын емес — қонатын жерден көл табылады. Қол бастау қиын емес — шабатын жерден ел табылады. Шаршы топта сөз бастаудан қиынды көргем жоқ».
Бұқар жырау
«Кісінің көркі — жүз, жүздің көркі — көз, ойдың көркі — тіл, тілдің көркі — сөз».
Мақал-мәтел
«Сөз сайыста жеңілген де бір — тілі кесілген де бір».
Тоқсары
«Адамға екі нәрсе тірек: бірі — тіл, бірі — жүректегі діл».
Нақыл сөз
«Тіл — елшінің қылышы, тіл қылыштан да өткір».
Нақыл сөз
«Шешеннің тілі — шебердің бізі».
Абай Құнанбайұлы
«Жомарттық пен мәрттіктің негізінде үш нәрсе бар: бірі — өз айтқан сөзіңді өзің орындау; екіншісі — әділдік пен туралыққа нұқсан келтірмеу; үшіншісі — қайырымдылықты есіңе ұстап, ұмытпау. Егер мәрттік пен жомарттық жолында жүрмек болсаң, әр уақытта үш нәрседен сақтан: көзді — жаман назардан, қолды — жаман істен, тілді — жаман сөзден».
«Қабуснама»
«Елдіктің өзегі — білік, кілті — тіл, қадір-қасиеті — кісілік».
Жүсіп Баласағұн
«Игі істің басы — тіл, тәрбие басы — тіл».
Махмұд Қашқари
«Әдеп басы — тіл».
Нақыл сөз
«Ердің жүзін күйдіретін нәрсе — тіл».
Ахмет Йүгінеки

Қорытынды ой

Ұстазға құрмет — ұрпаққа қамқорлық, білімге ұмтылыс — еркіндікке бастар жол, ал ана тілі — ұлттың жаны мен жадын сақтайтын ең қуатты тірек. Осы дәйексөздер әр буынға ортақ бір аманатты еске салады: білімді қадірлеу, сөзді орнықты айту, тілді көздің қарашығындай сақтау.