Қосалқа күйінің шығу тарихы
Сабақтың барысы
I. Ұйымдастыру кезеңі
Оқушының сабаққа әзірлігін тексеру, назарын сабаққа аудару.
II. Үй тапсырмасын тексеру
- А. Даргомыжский — «Казачок»
- Халық күйі — «Тепең көк»
III. Актуалдау: күй туралы қысқаша түсінік
Күй — қазақтың ертеден келе жатқан аспаптық музыкалық жанры. Қазақ халқы өз көңіл-күйі мен арманын, қоғамға деген көзқарасын домбыраның қос ішегінен төгілген «сиқырлы» үн арқылы білдіріп отырған.
Күй XIV ғасырда жанр ретінде қалыптасып, ұлттық күй дәстүрі аңыз-әңгімелерге және нақты тарихи оқиғаларға сүйеніп дамыды.
Орындау тәсілі бойынша
Екіге бөлінеді: шертпе және төкпе.
Тақырыбы мен мазмұны бойынша
Түрлі жанрларға бөлінеді: халық, тарихи, аңыз, жыр, лирикалық, арнау.
Жаңа ғана орындалған «Тепең көк» күйі — осы жанрлардың ішіндегі халық күйіне жатады. Халық күйлері халықтың тұрмыс-салт көріністерін, адамның тағдырын, өмір болмысын суреттейді. Олар ұрпақтан-ұрпаққа жеткенімен, автор есімдері ұмыт қалғандықтан «халық күйі» деп аталған.
IV. Жаңа сабақ: арнау күйімен жұмыс
Халық күйшілері қоршаған ортаның үнін, табиғат пен жан-жануарлар әлемін нәзік сезіне білген. Олар өз дәуірінің ойлы-қилы кезеңдерін, қоғамдық қайшылыққа толы өмірді көріп, оны күй тілімен шынайы бейнелеген.
Бүгінгі шығарма
Дәулеткерей — «Қосалқа»
Үйрену және талдау
Дәулеткерей Шығайұлы туралы
Дәулеткерей Шығайұлы 1820 жылы бұрынғы Бөкей ордасының Қарамола өңірінде дүниеге келген. Домбырашылық өнерінің қалыптасуына атақты Мүсірәлі ықпал еткен. Ол Соқыр Есжан, Байжұма, Мүсірәлі сияқты күйші-домбырашылардың күйлерін жастайынан жаттап өскен.
Алғашқы күйлері: «Қыз Ақжелең» және «Қосалқа». Оның шығармалары адамды талғам мен сұлулыққа тәрбиелеп, табиғаттың сыршыл сезімі мен әсем сазын ұғындырады.
«Қосалқа» күйінің шығу тарихы
Бір күні Дәулеткерейге Құрманғазы қонаққа келеді. Сыртқа демалуға шыққанда, құдық басынан су әкеліп келе жатқан Саржан келіні көзге түседі. Сонда Құрманғазы: «Сіздің сыршыл да сезімтал күйлеріңізді естіп жүрміз. Саржан келініңіздің жүрісіне, сылдыр қаққан сырғасы мен алқасына арнап бір күй шығарыңызшы» — дейді.
Сол сәтте Дәулеткерей домбырасын қолына алып, жаңа күй тартады. Бұл шығарма ел ішінде «Қосалқа» деген атпен тарайды.
Күйді орындау және талдау
Авторы: Дәулеткерей Шығайұлы
Тональдігі: C-dur
Екпіні: орташа
Орындалу түрі: төкпе
Жанры: арнау күй
Музыкалық сипаты: көңілді
Қағысы
P V P V; P V P; V V
Дыбыс күші (динамика)
pp, p, mf, f, ff
Қосымша белгі
Лига; Нұсқа (II түрі)
V. Дамыту
«Қосалқа» күйін нота бойынша талдау. Тактілермен жұмыс жасау.
VI. Сергіту сәті: «Ойлан, тап!» ойыны
Музыкалық сауатты шыңдау. Дыбыс ұзақтығы мен динамикалық белгілерді карточкалар арқылы көрсету.
VII. Бекіту сұрақтары
- 1 Арнау күйі дегеніміз не?
- 2 Дәулеткерей қай жылы, қай жерде дүниеге келген?
- 3 Дәулеткерейдің алғаш шығарған күйлерін ата.
- 4 Күй орындау түріне қарай нешеге бөлінеді?
- 5 «Қосалқа» күйі қай күй жанрына жатады?
VIII. Қорытынды
Қазақ халқының бүгінгі күнге дейін сақталып келген асыл мұраларының бірі — күй өнері. Бармағынан бал тамған күйшілер жеткізген ғажайып күйлер халқымыздың музыкалық мұрасы ғана емес, мәдени байлығы әрі рухани азығы. Сондықтан бабалардан қалған күй өнерін жалғастыру — біздің ортақ міндетіміз.
IX. Үйге тапсырма
«Қосалқа» күйін сағаға дейін нота бойынша ойнау.