Оқушылардың білімдерін тексеру, алған білімдерін саралауға және тез шешім қабылдауға үйрету

Оқушы құзіреттілігін арттыруда модульдік технологияның тиімділігі

Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңында білім беру жүйесінің басты міндеті – ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке тұлғаны қалыптастыруға және кәсіби шыңдауға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау екені көрсетілген. Осы мақсатқа жету үшін оқытудың жаңа технологияларын енгізу, білім беруді ақпараттандыру, халықаралық коммуникациялық желілерге шығу маңызды.

Қазіргі мектеп жағдайындағы ұлттық білім беру моделі мұғалімнен соңғы әдіс-тәсілдерді және инновациялық технологияларды меңгеруді, психологиялық-педагогикалық жұмысқа жүйелі дайындықты, ескі сүрлеуден тез арылуды, нақты іс-әрекет үстінде өзіндік бағыт қалыптастыруды талап етеді. Оқушылардың білімге қызығуын арттыру үшін мұғалімдерге жаңа талаптар қойылып, әртүрлі оқыту технологиялары мектеп тәжірибесіне енгізілуде.

Негізгі ой

Технология – белгілі бір істегі адамның әдісі мен шеберлігі. Мұғалім шығармашылықпен, тұрақты ізденіспен жұмыс істесе, жаңашылдыққа жақындай түседі; өзгенің озық тәжірибесін тиімді пайдаланып, оған өзіндік қолтаңбасын қоса алса, оқушыны тәрбиелеу мен білім берудегі нәтижесі де соғұрлым жоғары болады.

Мұғалім миссиясы және ұлттық құндылық

Педагогикалық әдебиеттерде 50-ден астам оқыту технологиясы қолданыста екені айтылады. Елдің өркениетті болашағын қалыптастыруға белсене қатысатын, Қазақстанның байлығын игеретін – бүгінгі мектеп қабырғасындағы оқушылар. Сондықтан мұғалімнің мақсаты ұлттық педагогикалық тәрбие мен білім берумен қатар, оқушылардың шығармашылық қабілетін дамыту болуы тиіс.

Сабақты ғылыми негізде, өмірмен байланысты ұйымдастыру; оқушының қызығуын, білімге құштарлығын ояту; әр сабақта ойлануға, өздігінен ізденуге баулу; ойын ауызша және жазбаша жүйелі жеткізе білуге, мәдениетті сөйлеуге үйрету – ұстаздың абыройлы борышы. Бұл тұста ғасырлар бойы сұрыпталған салт-дәстүрлеріміз педагогикалық әдіс-тәсіл ретінде тиімді қолданылады.

Модульдік оқыту технологиясы: не үшін тиімді?

Мен 2006–2007 оқу жылынан бастап сабақтарымда модульдік оқыту технологиясының элементтерін қолдана бастадым. Бұл тәсіл оқушылардың құзіреттілігін арттыруға елеулі әсер етті: оқушы алған білімін терең жинақтап түсінеді, білімін жаңғырта отырып, өткен материалды берік есте сақтайды.

Нәтижесі

  • Өткен материалды жүйелі қайталау арқылы білім тұрақтанады.
  • Теорияны ойын түрлері арқылы тәжірибеде қолдану дағдысы қалыптасады.
  • Сауаттылық артып, фонетикалық, лексикалық, морфологиялық, синтаксистік талдау дағдылары дамиды.

Бағыттылығы

  • Танымдық қабілет пен танымдық үдерістерді арнайы оқу жағдайлары арқылы дамыту.
  • Оқушы қажеттілігін қанағаттандыратын белсенді оқу әрекетін ұйымдастыру.
  • Белсенді сөздік қорды кеңейту және коммуникация мәдениетін жетілдіру.

Осындай әдіс-тәсілдерді дұрыс қолдану арқылы оқушыны нәтижеге жетелеп, еліміздің өркениетті болашағын қалыптастыруға үлес қосамыз.

Сабақ үлгісі: «Бақытты сәт» ойыны (қазақ тілі)

Тақырып: Стильдер

Сабақ түрі: қайталау сабағы

Негізгі мақсат

Білімді тексеру, саралау және тез шешім қабылдауға үйрету.

Көрнекі құралдар

  • Сандықша
  • Сағат
  • Бағалау парағы
  • Фишкалар

Ұйымдастыру

  • Оқушылар екі топқа бөлінеді: I топ — «Білімділер», II топ — «Тапқырлар».
  • Сабақ 5 гейм арқылы өткізіледі.
  • Дұрыс жауапқа фишка беріледі.

I гейм: «Бой сергіту»

10 сұрақ
  1. 1.Қазақ тілінде стильдің неше түрі бар?
  2. 2.Ғылыми стиль дегеніміз не?
  3. 3.Ауызекі сөйлеу стилі туралы айт.
  4. 4.Көркем әдебиет стиліне нелер жатады?
  5. 5.Газет-журналдардағы мақалалар стильдің қай түріне жатады?
  6. 6.Ресми іс қағаздар стиліне нелер жатады?
  7. 7.Роман, әңгіме стильдердің қай түріне жатады?
  8. 8.«Өтініш» стильдің қай түріне жатады?
  9. 9.Ғылыми стильде қандай сөздер көп қолданылады?
  10. 10.Стилистика нені зерттейді?

II гейм: «Сандықшадағы жұмбақтар»

Стильді анықтау

Сандықшадан оралған кеспе қағаздарды алып, мәтіндердің қай стильге жататынын анықтайды.

Мәтін 1

Емен ұзақ жылдар бойы өсе береді. Ол 150–200 жылға дейін өмір сүреді. Жалпы емен жылу сүйгіш ағаштар қатарына жатады.

Мәтін 2

Ауруханаға бару үшін мені сабақтан босатуыңызды сұраймын.

Мәтін 3

– Мереке құтты болсын.

– Рахмет, саған да ұлыс құтты болсын.

– Саған табыс, сәттілік тілеймін.

– Тілегің үшін көп рахмет.

Мәтін 4

Заттың атын білдіретін сөз табын зат есім дейміз. Ол деректі, дерексіз, жалпы, жалқы болып бөлінеді.

III гейм: «Кім жылдам?»

Жылдам жауап

Үш сөйлем беріледі. Қай стильге жататынын кім тез тапса, фишка сол топқа беріледі.

  • Мен, Асанов Үсен, бұдан былай сабақтан кешікпеуге сөз беремін.
  • Емен өзінің иілмейтін менмендігімен, аяқ-қолы салбыраған қалыпта, күлімсіреген екі қайыңның ортасында тұр.
  • – Кеше неге сабаққа келмедің?

IV гейм: «Сен – маған, мен – саған»

Топаралық сұрақ

Екі топ бір-біріне сұрақ қояды. Дұрыс жауап берілсе, фишка беріледі. Егер жауап бере алмаса, фишка қарсы топта қалады.

V гейм: «Көсемдікке ұмтылу»

Жеке жұмыс

Бұл кезеңде топтық жұмыс тоқтап, әр оқушы жеке жауап береді. 12 сұрақ ұсынылады: оқушы фишка жинайды, ең көп фишка жинаған оқушы «көсем» атанады.

Қорытынды әсер

Осындай сабақтар арқылы оқушылар білімін шыңдап, материалды жылдам еске түсіруге, салыстыруға және дәлелдеуге үйренеді.

Тағы бір тиімді ойын: «Әдебиет лотосы»

Әдебиет сабағында «Әдебиет лотосы» ойыны оқушылардың алған білімін жаңғыртуға, еске түсіруге тиімді. Бұл ойынды мен аудандық қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен өткен семинарда «Айтыс – халық тарихы» атты сабағымда қолдандым. Аталған сабақ «Республикалық қазақ тілі мен әдебиеті» журналының 2008 жылғы №1 санында жарияланды.

Жалпы, жаңа технологияны білім беру үдерісінде орынды пайдалану оқушылардың өзіндік жұмысының сапасын арттыруға көмектеседі.

Қорытынды

Тәуелсіз Қазақстанның келешегі – жас ұрпақтың қолында, ал жас ұрпақ – ұлттың ұлт болып қалуының кепілі. Сондықтан еліміздің ертеңгі азаматтарының құзіреттілігін арттыру – мұғалімнің жауапты міндеті екенін әрдайым есте ұстауымыз керек.