Соғыс балалары

Астана қаласы, Қазтұтынуодағының Сауда-экономикалық колледжі. Тарих және қоғамдық пәндер оқытушысы: Құндызбекова С. М.

Өтеген Оралбайұлы

Адалдыққа болыстың,

Құлатпадың туын туған қоныстың,

Сен ұқтырдың не екенін борыштың,

Жандарыңда жарасы бар сол істің.

Тағзым етем алдарыңда сендердің,

Балалары соғыстың!

Жайсаң жігер, жанымды жетеледің,

Оттан шыққан отаншыл от-өренім.

Балалары соғыстың,

Басымды иіп, мәртебеңді мәңгілік көтеремін.

Сабақтың тақырыбы: «Балалары соғыстың…»

Жас тарихшы үйірмесі аясындағы қосымша сабақ.

Мақсаты

Ұлы Отан соғысы кезеңіндегі халықтың ауыр тағдырын және ерлігін түсіндіру; ел басына күн туған шақтағы балалардың өмірі мен тағдыры туралы әңгімелеу; отаншылдық сезімге тәрбиелеу.

Сабақ форматы

Түрі:
ізденіс
Әдісі:
топтық, жеке

Пайдаланылған дереккөздер

  • Ч. Мусин, «Қазақстан тарихы» оқулығы
  • Жазушылардың әңгімелері мен көркем шығармаларынан үзінділер
  • Ғаламтор материалдары
  • Тест тапсырмалары
  • Фильмдер және қосымша материалдар

Сабақтың барысы

  1. Мұғалімнің кіріспе сөзі
  2. Тест жұмысы
  3. Қазақстандықтардың ерлігі (слайдтармен жұмыс)
  4. Мұғалімнің түсіндірмесі
  5. «Соғыс және балалық» тақырыбындағы эсселерден үзінді оқу
  6. Қорытынды
  7. Бағалау (тест қорытындысы, эссе жұмыстары, слайд бойынша жұмыс)
  8. Үй тапсырмасы: тест жұмыстарының файлдарын жинақтау

Мұғалімнің сөзі

Сабақ басында ойымызды жинақтау үшін тест тапсырмаларын орындаймыз. Ұлы Отан соғысы тақырыбындағы тесттер ноутбукте орналасқан. Сұрақтарға жауап беріңіздер.

Тест жұмысы

1) Кеңес Одағының Батыры Т. Тоқтаров қай шайқаста қаза тапты?

  • А) Берлинді алуда
  • Ә) Мәскеу үшін шайқаста
  • Б) Ленинград қоршауында
  • В) Жау тылында

2) Соғыс жылдарында әр гектардан 260 пұттан күріш жинаған атақты күрішшінің есімі:

  • А) Ш. Берсиев
  • Ә) Ы. Жақаев
  • Б) З. Тамшыбаева
  • В) Ы. Нұров

3) 1943 жылы әр гектардан 201 центнер тары алып, дүниежүзілік рекорд жасаған кім?

  • А) Ш. Берсиев
  • Ә) Ким Ман Сам
  • Б) Ы. Жақаев
  • В) Ы. Нұров

4) Қазақстанға қай майдан жақын болды?

  • А) Мәскеу
  • Ә) Ленинград
  • Б) Сталинград
  • В) Курск

5) Сталинград үшін шайқаста өшпес ерлік жасап, қаза тапқан минометші қазақ жігіті кім?

  • А) С. Баймағамбетов
  • Ә) Т. Тоқтаров
  • Б) Қ. Аманжолов
  • В) Қ. Сыпатаев

Қазақстандықтардың ерлігі (слайдтар бойынша)

Слайд 1: Мәскеу түбіндегі ерлік

Москва бағытындағы негізгі жолдардың бірі — Волоколамск тас жолын қорғауда Алматыда жасақталған 316-атқыштар дивизиясы генерал-майор И. В. Панфиловтың басшылығымен теңдесі жоқ ерлік танытты. Қысқа уақыт ішінде дивизия жаудың танк, моторлы және екі жаяу әскер дивизияларын талқандады.

Москва түбіндегі шайқаста саяси жетекші В. Г. Клочков басқарған бөлімше — 28 панфиловшы жаудың 50 танкісіне тойтарыс беріп, асқан ерлік көрсетті. 1941 жылғы 17 қарашада дивизияға 8-ші гвардиялық атағы берілді.

Волоколамск түбінде қаза тапқан И. В. Панфиловке Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Панфиловшы Б. Момышұлы өз батальонымен жау қоршауын үш рет бұзып шыққан. Оның ерлігі туралы А. Бектің «Волоколамское шоссе» повесінде баяндалады. Б. Момышұлына Кеңес Одағының Батыры атағы 1990 жылы берілді.

Панфилов дивизиясы құрамында жаумен шайқасқан М. Ғабдуллин 1943 жылы Кеңес Одағының Батыры атанды. Москва түбіндегі шайқастарда Т. Тоқтаров, Р. Жанғозин, Р. Елебаев және басқа да қазақстандықтар ерлік көрсетті.

Дерек: тарихи-танымдық электрондық журнал

Слайд 2: Сталинград және Курск

1942 жылғы 19 желтоқсанда Боковская—Пономаревка ауданындағы әуе шайқасында қарағандылық ұшқыш Н. Әбдіров оқ тиіп, өртенген ұшағын жау танктері шоғырланған жерге бағыттап, экипажымен бірге ерлікпен қаза тапты.

Н. Әбдіров, минометші К. Сыпатаев және Р. Рамазанов Сталинградты қорғаудағы ерліктері үшін Батыр атағына ие болды. Сталинградта қазақстандықтардың құрметіне «Казахстанская» деп аталатын көше бар.

Бірнеше айға созылған Сталинград шайқасы 1943 жылдың басында жаудың жеңілуімен аяқталып, соғыстағы түбегейлі бетбұрысқа шешуші үлес қосты. 1943 жылы «Цитадель» операциясы аясындағы Курск шайқасы шілде айының соңында Кеңес әскерінің жеңісімен тәмамдалды. Курск иініндегі ерлігі үшін 123 қазақстандық Батыр атағын алды.

Дерек: тарихи-танымдық электрондық журнал

Слайд 3: Еуропаны азат ету және Берлин

Чехословакияны азат етуге қатысқан қазақстандық ұшқыштар 2, 8, 5-ші әуе армияларының бөлімдерінде шайқасты. Ерлігі үшін С. А. Батеньков пен П. Ф. Железняков соғыстан кейін Батыр атағына ие болды.

Ұшқыштар Т. Я. Бигелдинов, И. Павлов, С. Д. Луганский және Л. И. Беда — екі мәрте Кеңес Одағының Батыры. 1998 жылы Б. Бейсекбаевқа Ресей Батыры атағы берілді.

Берлин операциясына қазақстандық 118-ші, 313-ші атқыштар дивизиялары және 209-шы атқыштар полкі қатысты. Берлин ратушасын алуда К. Маденов, көше шайқастарында И. Б. Мадин, Рейхстагқа ту тігу кезінде Р. Қошқарбаев ерлік көрсетті. Берлин операциясында 27 қазақстандық Батыр атағын иеленді.

Дерек: тарихи-танымдық электрондық журнал

Соғыс және балалық: мұғалімнің ой-түйіні

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н. Ә. Назарбаев: «Біз — жеңімпаз әкелердің балаларымыз» деп көрсетеді.

Соғыс балалары — балалығы ерте үзілген буын. Олар әкесін майданнан күтіп, ауыр еңбек атқарды; ойынның орнына жауапкершілікті көтерді; кейде өз еркімен майданға сұранып, жаумен күреске араласты. Сондықтан бүгінгі сабақта әкелер ерлігін еске алып, соғыстың ауыр сабағын зерделеп, шығармашылық эсселерден үзінді тыңдаймыз.

Сабақтағы музыкалық үзіліс

Асылбек Еңсеповтің «Балалық шақ» күйі ойналады.

Үміт Жәлекенің «Күркіреп күндей өтті ғой соғыс…» мақаласынан

Ел басына күн туды. Ер етігімен су кешіп, ат ауыздығымен су ішті. Бейбіт күннің адамдары белін буып, сапқа тұрды.

Он сегізге енді толған өрімдей жас пен елуге жеткен егде еркек Отанды қорғау үшін майданға аттанды. Қыз дәуренін қызықтайтын бойжеткендер де қару асынып, талай батырлық көрсетті. Шығыстың қос шынары — Әлия мен Мәншүк, қазақтың қаһарман қызы Хиуаз Доспанова ерлігі елге белгілі.

Соғыс сан миллион адамның өмірін қиды. Одан да көп баланы жетім, әйелді жесір атандырды. Қалалар үйіндіге айналды, ел ішін аштық жайлады. Мыңдаған жауынгер тұтқынға түсіп, адам баласы көрмеген азапты бастан өткерді.

Дала поштасымен тұмарша хаттар туған жерге құстай ұшты. Ердің орнын есі кірмеген бала мен еңкейген қарт басты. Бұғанасы бекімеген бала ересек атанды. Келіншек кетпен-күрек ұстап, егін екті, мал бақты, арық қазды, шөп шапты. Қолдары қалт еткенде майдандағы жауынгерге жылы киім тігіп, шұлық тоқыды.

Жасөспірім балалардың өзі сабақ арасында солдаттың бір күндік тамағын табуға қарекет жасап, балық аулады, шаруаға араласты. Тылдағылар «Бәрі де майдан үшін!» деген ұранмен ұйқысыз түндерді бастан өткізді.

Қызыл Армия қатарына 1 200 000-ға жуық (1 196 164) қазақстандық аттанды. Олар соңғы демі үзілгенше туған жерін қорғады. Жау оғы қарша борады. Жүрек жұтқан ерлер кеудесін қалқан қылды.

Эсселерден үзінділер

Соғыс кезіндегі балалар… Соғыс балалары… Басына түскен аса ауыр жағдайдан ерте есейген, бұғанасы қатпай еңбекке араласқан, жетімдіктің зарын жаралы жүрегінде жылдар бойы сақтаған… Сәби қолдарымен ортақ Жеңістің туын көтеруге үлес қосқан… Балалық, бұл — саған тағзым.
Студент эссесінен
«Әке, есіңізде ме? Майданға кетерде менің маңдайымнан сүйіп тұрып: “Мә, құлыным, жоғалтпа”, — деп бір тал шашыңды жұлып беріп едіңіз… Мен сенің аманатыңды ұзақ сақтай алмадым… Бір тал шашың лып етіп жанып кетті, бірақ сен келмедің… Ендігі медетім — майданнан жазған хаттарың ғана».
М. Мағауин, «Бір атаның балалары» повесінен үзінді
Соғыс жылындағы балалар тылда тыным алған жоқ. Олар қалың жұртпен бірге Жеңісті сағат сайын жақындатты… «Сүйінші! Біз жеңдік!» деп жар сала жүгірген де — балалар еді… Уақыттың есте қалар белгісі — тарих. Ұлы Отан соғысы — сондай ұмытылмас кезең.
Студент эссесінен
«Бәрібір соғысқа мен бармай болмайды… Мен оларды жеңбей қайтпас едім… Арбаға мініп алдымнан шығасыңдар… Бәріміз де ағыл-тегіл болып жылайтын шығармыз…» Саянның сөздерінен үлкендерге тән ызғар, жауға деген өшпес өшпенділік сезіледі.
Т. Нұрмағамбетов, «Он төрт жасар жігіт» шығармасынан
Соғыс жылындағы балалар… Олар шаруашылық тұтқасын өз қолына алды: егін орды, жер жыртты, станокта тұрып оқ жонды, бомба жасады… «Бірімізден бір-бір батыр жасапты… Қаршадайдан қара шаруа атанған…»
М. Мақатаев, «Қырқыншы жылдар» өлеңімен үндес ой
«Қазір алдыңғы шепте тұрмыз. Хатты терең окопта отырып жазып отырмын… Басымда каска, белімде граната, қолымда винтовка бар…» Бұл — ержүрек Әлияның туыстарына жазған хаты.
Студент оқыған дерек-үзінді
«Мен о баста дәрігер болуды армандадым. Бірақ соғыс ол мақсатымды орындатпады. Өз тілегіммен майданға келдім… Небір жайсаң азаматтар қыршын кетіп жатқанда, менің жаным солардан артық па?! Бас сауғалауға арым бармайды…» Мәншүк Мәметованың алдыңғы шептен берген алғашқы сұхбатынан.
Студент оқыған дерек-үзінді
«Ленинград қаласын әуе шабуылынан қорғаған зенит зеңбірегі расчетінің командирі Әкима Ақжолаева есіне алады… Құжатым жоқ адамды майданға бірден жібереді дегенді естіп, құжаттарымды әдейі жойдым… Сол бойымен Ленинградтан бір-ақ шықтым…»
Естелік-үзінді
«Партизан отрядына мені де алыңдар, ағатайлар!» — дейді бала… Ильконың әкесін фашистер асып өлтірген, шешесі де жау қолынан мерт болған… Бір түні ол үйлеріне орналасқан неміс комендатурасын гранатамен жарып жіберіпті… «Әке-шешем маңдай терімен тұрғызған үйді фашистердің жын ойнағына қалай қалдырам?» — дейді Илько.
Қ. Қайсенов, «Ержүрек Илько» шығармасынан
Айбарлы туың, ақ балаң
Алысқа кетті дегейсің,
Ажалменен айқасқан,
Шабыста кетті дегейсің.
Он фашисті бір өзі
Қанға малды дегейсің.
Қайырылуға тынысы
Жетпей қалды дегейсің.
Ана, сенің атыңды
Ақтап өлді дегейсің,
Жүрегінде имандай
Сақтап өлді дегейсің!
Реферат материалдарынан

Осы материалдарды қайта оқыған сайын, олардың ерлігі жүрегімізде мәңгі сақталатынын терең сезінеміз.

Қорытынды және бағалау

Қорытынды бөлім

Соғыс туралы фильмнен үзінді көрсетіледі және сабақ қорытындыланады.

Бағалау

Тест қорытындысы, эссе жұмыстары және слайдтармен жұмыс нәтижелері бойынша бағаланады.

Үй тапсырмасы

Тест жұмыстарының файлдарын жинақтау.

Толық нұсқасын жүктеу (сілтеме берілсе, осы жерге орналастырылады).