Мұқағали оқуларының шарттары

Жүргізуші сөзі

Атырау облысы, Индер ауданы, М.Әуезов атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі — Досанова Гүлзар. Бүгінгі аудандық Мұқағали оқуларының жүргізушісі ретінде баршаңызды жыр мерекесіне қош келдіңіздер деп қарсы аламын.

Қош келдіңіздер!

Үй тұрар шумақтарын қойсаң қалап,
Өлеңдері өзіндей жайсаң ғажап.
Азамат, ірі ақын боп, ұлы ақын боп,
Қайта туған ұлыңды қарсы ал, қазақ!

Қайырлы күн, құрметті өлеңсүйер, өнерсүйер оқушылар мен ұстаздар! Бүгін аудандық жалпы білім беретін мектеп оқушылары арасында өтетін Мұқағали Мақатаев оқуларына қош келдіңіздер!

Қарасаз, қара шалғын өлеңде өстім,
Жыр жазсам, жұртым оған елеңдестің.
Өлсе өлер, Мұқағали Мақатаев,
Өлтіре алмас, алайда өлеңді ешкім!

Ақынның өзі жырлағандай, оның өлеңі ақынның ғұмырымен шектелмей, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді.

Бүгін біз қазақтың қара өлеңінің құдіретін терең сезінген, поэзия атты тұңғиық теңізде еркін жүзген, жауһар жырларын жас ұрпақтың жүрегіне жақын еткен мәңгілік жырдың марғасқасы — Мұқағали Мақатаев әлеміне сапар шегеміз.

Оқулардың мақсаты мен міндеттері

  • Насихат

    Аудан мектептері оқушылары арасында М. Мақатаев шығармаларын кеңінен таныту, оқуға қызығушылықты арттыру.

  • Дарынды анықтау

    Оқушылардың шығармашылық қабілетін, эстетикалық талғамын, табиғи дарынын айқындау.

  • Поэзия мәдениеті

    Поэзияға құштарлықты күшейту; өлең сөздің құдіретін жүрекпен сезініп, санамен түсінуге баулу. Өз ойын жүйелі, дәлелді жеткізу дағдысын дамыту.

  • Рухани қолдау

    Жас ақындарға әлеуметтік-рухани қолдау көрсету, шығармашылық жұмысты жандандыру, өмірге көзқарас пен тарихи танымды қалыптастыру.

Байқау шарттары

  1. 1) «Менің пірім — Мұқағали»

    Қатысушы Мұқағалидің бір өлеңін ой кестесіне сай көркем оқиды. Сахна мәдениеті, жүріс-тұрысы, өзін ұстауы үлгілі болуы тиіс. (5–10 балл)

  2. 2) «Жауқазын жыр жанымды жүр мазалап…»

    Қатысушы өз төл туындысын оқиды. Көркемдігі, ой тереңдігі, оқу мәнері және жатқа оқу деңгейі ескеріледі. (5–10 балл)

  3. 3) «Жыр эстафетасы»

    Үміткерлер «Аққулар ұйықтағанда» немесе «Райымбек, Райымбек» поэмасын жеребе бойынша таңдап, жатқа айтады.

  4. 4) Берілген ұйқасқа өлең құрау

    Дайын ұйқасты пайдалана отырып, тұжырымды әрі түйінді бір шумақ өлең шығару. Ұтымды, тыңдарман көңілінен шығатындай болуы маңызды. (5–10 балл)

  5. 5) «Өлеңмен өрілген ой»

    Үміткер Мұқағали өлеңінен үзінділер бойынша тақырыптық мазмұнын ашады, көркем ой кестесімен тақырыпты дамытады. Шешендік, ой жүйелілігі және нақты жауап бағаланады. (5–10 балл)

  6. 6) «Мұқағали мұрасын кім көп біледі?»

    Сұрақ-жауап ойыны. 1 минут ішінде Мұқағали өмірі мен шығармашылығына қатысты 10 сұрақ қойылады. Әр дұрыс жауап — 1 ұпай.

Қатысушылар мен әділқазылар

Мұқағали оқуларына қатысушы түлектерді таныстырып өтеміз. (Аты аталған қатысушы орнынан тұрып, сахнаға шығады.) Баршаңызға сәттілік тілейміз! Үстелдегі нөмірді суырып, ретіңізді анықтап алыңыздар.

Әділқазылар алқасы

  • 1. Даулетова Роза Қабышқызы — қазылар алқасының төрағасы, әдістемелік кабинет меңгерушісі.
  • 2. Мусағалиева Арай — Бөдене мектебінің мұғалімі, мүше.
  • 3. Шүйінішқалиева Ж. — М. Сиранов атындағы орта мектептің мұғалімі, мүше.
  • 4. Ибаттола Г. — Аққала орта мектебінің мұғалімі, мүше.
  • 5. Жәрдемова Ә. — Қ. Абақанұлы атындағы орта мектептің мұғалімі, мүше.

Бөлімдердің басталуы

Мен сенің үніңменен үндесемін,
Мен сенің тіліңменен тілдесемін.
Сауық құрып бойында бір көшенің,
Болашағым, сен тұрсың — мен де өсемін.

Ақиық ақын болашаққа осылай сеніммен қараған. Ендеше, байқаудың алғашқы кезеңін бастайық.

«Менің пірім — Мұқағали»

Бұл бөлімде үміткерлер Мұқағали жырларын жатқа, мәнерлеп оқиды. Осы кезеңнен кейін «Өлеңмен өрілген ой» бөлімі бойынша оқылған өлеңге талдау жасалады.

Дүниеден өтті қанша ұлылар,
Ұлылар да уақытпен құбылар.
Сиқырыңды зерттеп бітпес біз үшін,
Бір өзің — бір құбылыссың, сыры бар.

Қанипа ақын Мұқағали ақынды осылай еске алған.

«Жауқазын жыр жанымды жүр мазалап…»

Бұл бөлімде оқушылар өз төл туындыларын оқиды.

Поэзия! Менімен егіз бе едің?
Сен мені сезесің бе? Неге іздедім?
Алауыртқан таңдардан сені іздедім,
Қарауытқан таңдардан сені іздедім.

«Жыр эстафетасы»

Үміткерлер үстел үстіндегі екі қағаздың біреуін суырып, берілген поэманы жатқа айтады.

Өлең деген тумайды жайшылықта,
Өлең деген тулайды қайшылықта.
Ақын болсаң, жарқыным, алысқа аттан,
Күнделікті тірлікке бой суытпа.

Берілген ұйқасқа өлең құрау

Бұл кезеңде де үстелден билет суырып, орныңызға отырып жазасыз. Жұмысыңызды әділқазыларға тапсырасыз.

Мұқағали Мақатаев — адамдар арасындағы, өмірдегі, табиғаттағы жарастық пен келісімнің жыршысы. Оның өлеңдері шын күйзелістен, шын қуаныштан, шын сағыныштан туған.

Тұманбай Молдағалиевтің бағасы.

«Мұқағали мұрасын кім көп біледі?»

1 минут ішінде Мұқағали өмірі мен шығармашылығына қатысты 10 сұрақ қойылады, жауаптар саны мен дәлдігі есепке алынады.

Үзіліс және қорытынды

Жыр додасы мәресіне жақындады. Әділқазылар алқасы әділ шешімін шығарғанша, 5 минут үзіліс жарияланады. Сөз әділқазылар алқасына беріледі.

Мәңгілік мұра

Тарих дөңгелегі алға жылжыған сайын Мұқағали өлеңдері ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып, егемен еліміздің аспанында, азат даласында қыран құстай самғап ұша береді.

Тірлігінде шекпен кимей, шен алмай,
Еңбегінің қызығын да көре алмай.
От боп жанып өтіп кеткен ақынға,
Мәңгілік қып өмір берген — өлең-ді-ай.

Айтақын ақын жырлағандай, өлең өлмейді. Демек, оны жазған ақын да өлмейді.

Тілек

Облыстық Мұқағали оқуларына жолдама алған түлекке аудан намысын абыроймен қорғап, жүлделі орынға жетуіне тілектеспіз. Қош болыңыздар! Кездескенше, күн нұрлы болсын.