Төлеген жырлары - қуаныш жырлары
Кітапханалық поэзия кеші
Айбергенов жыр-көшімен сырласу
Бұл кеш Төлеген Айбергеновтің туғанына 80 жыл толуына арналады. Мақсаты — қазақ руханиятының ірі тұлғаларының бірі ақынның өмір жолы мен асыл мұрасын оқырманға танытып, жас ұрпақтың Отанға сүйіспеншілігін күшейту, туған тілге құрметін арттыру және патриоттық тәрбиенің негіздерін қалыптастыру.
Кештің ашылу сөзі
I жүргізуші
Бір тойым болатыны сөзсіз менің,
Дәл қай күні екенін айта алмаймын.
Бірақ… Бірақ… Ешкімді де билетпей қайтармаймын!
Қыз қуатын жігітке ат беремін!
Жаным деген жүрекке от беремін.
Мен, әйтеуір, бар жиған-тергенімді
Бір тамаша той қылып өткеремін?!
Ақын Төлеген Айбергеновтің туғанына 80 жыл толуына арналған «Құйма жырдың киесіндей ақын» немесе «Айбергенов жыр-көшімен сырласу» атты кітапханалық поэзия кешіне қош келдіңіздер!
II жүргізуші
Оның сол бір қиын-қыстау заманда бар жиған-тергенін ортаға салып, тамаша бір той ғып өткеретінін өзінен басқа ешкім аңғарған жоқ. Тіпті сол тойының қашан, қайда және қай күні болатынын да ақын ашып айта алмады. Соған қарамастан, ақын ерте ме, кеш пе, күндердің бір күнінде сол бір тамаша тойдың болатынын сезгендей еді.
I жүргізуші
Сол күннен бері «әне-міне» дегенше, арада елу жыл да зымырап өте шыққанын бүгін көріп отырмыз. Өз тойын осыдан 50 жыл бұрын армандаған тұлпар мінезді арғымақ ақын Айбергеновтің 80 жылдығына арналған поэзия кешін ашуға рұқсат етіңіздер!
Өлең туралы толғаныс
II жүргізуші
Өлең жазсам, тал бойым
Қорғасын боп балқиды.
Шертіп бір сырлы сан күйді,
Домбыра көңілім шалқиды.
Жақсы өлең туса құттықтап,
Жатады шулап ну орман —
Орындалғандай ну арман
Қалам бір шығып құмардан.
Бұл — ақынның өлең туралы толғанысы. Арамызда Айбергенов жоқ, бірақ оның жыры бар; шығармалары бар; жыр сүйген ұрпағы бар.
I жүргізуші
Төлеген жырлары — қуаныш жырлары. Бірақ бұл гүлге елтіген көбелек қуған серуеншінің қуанышы емес. Бұл — қиынды көрген, қайғы мен қасіреттің ащы дәмін татқан адамның жүзеге асқан мақсаты мен орындалған арманының қуанышы. Жібек баулы қырандай күй кештіріп, барша әлемді бауырына сыйдырғанша сыйдырып кеткен жас тұлғамыздың бірі, тіпті бірегейі десек те жарасады.
«Арал жырлары» — Сағынаев Сапар
Тамыр мен тағдыр: ата-мекенге аңсар
II жүргізуші
Арғы тегі Ақтөбе өңірін жайлаған жұрттың бірсыпырасы кейінгі кер заманда жан-жаққа тарыдай шашылды. Кеңес өкіметі қолдан жасаған аштықтың дүрбелеңінде ел басы ауған жаққа көшіп, ұрпақ ата-ананың көземелімен қайта тоғысып, енді-енді ес жия бастағандай. Соның белгісіндей болып, жан-жаққа шашыраған сананың сәулесі ізгі істермен өз ата-мекеніне ойыса бастады.
I жүргізуші
Осы жайдың бір куәгеріндей, туған жерін де, жүрген жерін де, ата-бабасының ата-мекенін де аңсап өткен Төлеген Айбергеновтің жөні бөлек еді. Ол Арал теңізінің солтүстігіне көзі жәудірей қарағанымен, оңтүстігінде дүниеге келді. Сағынышты елдімекенін көгертіп-көктетіп, әлсін-әлсін жыр арқауына айналдырып отырғаны барша қазаққа аян.
Диафильм
II жүргізуші
Ол ата-бабасының мәңгілік ірге тепкен Атамекенін де, адамға деген сүйіспеншілігін де ақындық жаралғысымен бірге ала келгендей. Енді сол жырларға құлақ түрейік:
- 1) «Адамдар» — Кальбина Гүлнара
- 2) «Ақындық» — Райс Таңшолпан
Әнге айналған жыр
I жүргізуші
Төлеген — жыр әлеміне өзіндік үнімен еніп, соңынан тұтас бір толқынды ерткен, қазақ поэзиясы тарихында бүтін бір дәуірдің кілті болған тұлға. Оның өлеңдерін ынтыға тыңдамаған иісі қазақ кемде-кем. Айбергеновтің «Қош сәулешім», «Есіңе ал», «Сайрашы, сандуғашым», «Марфуға», «Өтті ғой, сәулем, ай талай», «Атамекен», «Ақ ерке», «Ақ Жайық» және басқа да ән мәтіндері тыңдаушыны әр қырынан баурайтын асыл дүниелер.
Лириканың өзегі — сағыныш
II жүргізуші
Төлеген лирикасының ең басты қаһарманы — сағыныш. Ол оқушысымен әр кездескен сайын сөзін сағыныштан бастайды:
Ей, адамдар, айналайын, туғандар,
Жалғыз минут тыңдаңыздар!
Мен сендерге көп болды сыр шертпедім.
Қазір түгел көкірегім өрт менің!
Шар тарапқа жүргеніммен жүз аттап,
Бұрын мұндай көрмеп едім ұзақтап.
Бір сағыныш мәңгі-бақи дос еткен,
Қазір мені жұлып алды төсектен…
I жүргізуші
Оның қай жырын оқысаңыз да, сағыныш сазы еседі: туған жерге сағыныш, достарға сағыныш, өлеңге сағыныш… Түптеп келгенде, сағыныштың бәрі — ақын көкірегін өртеп бара жатқан алай-дүлей махаббат.
Ақын «Сағыныш» тақырыбына төрт өлеңнен тұратын топтама арнаған. Соның бірін тыңдап көрелік:
- «Сағыныш: Мұхтар Шахановқа» — оқитын: Дәулетияр Бекзат
- «Апаларым» — Жолмағамбетов Әлинұр
- «Ана»
Қысқа жырдың құдіреті
II жүргізуші
Ақынның қысқа да нұсқа жырларының өзі асыл тастан мөлдіретіп құйылған моншақтай көздің жауын алады. Тастан жасалған моншақта жан жоқ, ал Төлеген керісінше жансыз дүниеден жанды әлемді меңзеп, оқырманын соған еріксіз жетелейді — жан дауасына айналдырып жібереді.
«Бір тойым бар» — Нағиев Ақылбек
Әулиелік пен көріпкелдік жайлы ой
I жүргізуші
Оқырманын таңдандырып, тамсандыратын бір қасиет — ақын интуициясы: болашаққа деген болжамы, көріпкелдігі. Өлең-жырында тойының мәңгі-бақи тарқамайтынын талай жыл бұрын болжаған ақынды әулие емес деп кім айта алады? Оның тойы өлмей тұрып-ақ, отызға толмай тұрып-ақ басталып кеткен еді. Содан бері үні де, әні де жалғасып келеді.
II жүргізуші
Төлеген, меніңше де, әулие ақын. Ол өзінің өлетінін де, қайда және неден өлетінін де болжай алған:
Бір жетсе менің ажалым жетеді,
Найзағай оттарынан,
Сатқындар оқтарынан.
Өйткені мен теңіз боп ақтарылдым…
Өле берсін күншілдер күйігінде,
Өз ғасырым өзімнің иінімде…
Ақ жаңбырлар тоздырған тау сияқты
Мен өлемін өзімнің биігімде?!
I жүргізуші
Айтса, айтқандай, ол өлең шабыты шарықтаған шақта, табиғи талантының асқар биігіне енді шыға берген сәтінде, тағдыр оғының біріне тап болып, дүниеден өтті. «Ақ жаңбырлар тоздырған тау сияқты өз биігімде өлемін» деп болжаған ақынды әулие емес деуге кімнің аузы барады?
Т. Айбергенов туралы диафильм көрсетіледі.
Қаламдас бағасы, халық жүрегіндегі үн
II жүргізуші
Ендігі кезекте өмірден өзі кетсе де, Төлеген жырларына баға берген қаламдастарының өлең-жырларын тыңдайық:
- 1) М. Мақатаев «Төлегенге» — Сағынаев Сапар
- 2) М. Шаханов «Айбергенов шыңы» — Байсанова Зарина
I жүргізуші
Төлеген жырлары туралы ойласақ, ол жырларды адам қолымен жазылған дүниелер деуге сенгің келмейді. Әлде бұл сыр-құдірет арқылы ақын көкірегіне құйылып, содан төгіле қалған асыл сөздер ме деп ойлайсың. Төлеген — құйма жырдың киесіндей ақын. Өмір жасы қысқа болса да, поэзия көгіне өз қолтаңбасын мәңгі өшпес күн секілді шығарып кетті.
Қорытынды
II жүргізуші
Құрметті қонақтар! Осымен құйма жырдың киесі Төлеген Айбергеновтің мерейтойына арналған бағдарламамыз мәресіне жетті. Сөз соңында бір өтініш: ақынды әрқашан еске алып, жырларын оқи жүрейік.
Ақтөбе облысы, Шалқар ауданы, І. Үргенішбаев атындағы орта мектебі
Кітапханашы: Еспембетова Салтанат Шәріпқызы