Сөз ойла

Сабақтың мақсаты

Балаларға ою-өрнектің негізгі ерекшеліктерін түсіндіру, түстерді дұрыс таңдап, үйлесім құра білуге үйрету. Әртүрлі ойындар арқылы сөздік қорын, танымын, қоршаған орта туралы түсінігін және шығармашылығын кеңейту. Өз халқының өнерін сүюге, құрметтеуге баулу.

Көрнекіліктер

  • Киіз үй, жайлау көрінісі
  • Ою-өрнек түрлері, суреттер
  • Ұлттық киімдер, ыдыс-аяқ
  • Асық, нөмірленген конверттер және басқа құралдар

Сабақ барысы

1) Ұйымдастыру бөлімі: «Жайлауға саяхат»

Бүгінгі сабақта балалармен бірге жайлауға «аттанып», қиял-ойын арқылы сабақтың көңіл күйін құрамыз. Музыка ырғағымен балалар жайлауға келіп жетеді: көк шөп, гүлдер, ортасында киіз үй, ішінде төселген көрпе, сандық, қамшы, тымақ секілді ұлттық бұйымдар бейнеленеді.

Шаттық шеңбері

Қайырлы таң, көк аспан.

Қайырлы таң, жер ана.

Қайырлы таң, қонақтар.

Қайырлы таң, достарым.

Біз ерекше баламыз,

Айтқан тілді аламыз.

Достарымызды көргенде,

Қуанып қарсы аламыз.

Сәлем! Сәлем! Сәлем!

Балалар киіз үйге жайғасып, суреттен ұлттық киімдер мен ыдыс-аяқтарды көреді. «Неліктен олар ұлттық деп аталады?» деген сұрақ арқылы әңгіме өрбиді.

2) Тақырыпты ашу: Ою-өрнек — халық қолөнерінің өзегі

Қазақ халқының қолөнері — аса бай мұра. Оның түрлері көп: кесте тігу, тоқу, өру, ұлттық киімді әшекейлеу, киізден жасалған бұйымдар дайындау. Солардың ішінде ең кең тарағаны әрі ең негізгі орын алатыны — ою-өрнек. Ою-өрнексіз ұлттық бұйымның сәні де, мәні де толық болмайды.

Шығу тегі

Ою-өрнек үлгілері жан-жануарлардан, өсімдіктерден, құстардан алынған бейнелерге сүйеніп жасалады.

Ең танымал өрнек

«Қошқармүйіз» — ең көп тараған ою. Ол киізден, былғарыдан жасалған бұйымдарды әшекейлеуде жиі қолданылады.

Қолданылуы мен мысалдар

  • «Гүл» өрнегімен орамалдарды әшекейлеген.
  • «Балдақ», «Толқын» өрнектерімен алаша, кілем шеттерін өрнектеген.
  • Таныстырылатын оюлар: «Қошқармүйіз», «Қаз мойын», «Түйе табан», «Ботакөз», «Қарға тұяқ», «Құсқанат» және т.б.

3) Сергіту сәті: қимыл-қозғалыс және өрнек атаулары

Өлең жолдары

Ал, балалар, тұрайық,

Ою-өрнек сызайық.

«Түйе табан», «Ботакөз»,

«Қой ізі» мен «Құсқанат»,

«Қарға тұяқ», «Қосмүйіз»,

«Бүршік» пен «Гүл» әдемі —

Ою-өрнек әлемі.

Қылқаламды аламыз,

Әдемі сурет саламыз.

Сергітуден кейін балалар ыдыс-аяқтың бір түрі — торсықты әшекейлейді. Торсыққа көже, айран, шұбат сияқты сусындарды құйып, алыс жолға шыққан. Балалар алдын ала дайындалған «Қошқармүйіз» пішінін қиып, торсық бетіне үйлестіріп жапсырады.

Кейін бой жазу үшін қазіргі кезде көп орындалатын «Қаражорға» сергіту биі биленеді.

4) Ұлттық ойын: «Асық» арқылы тапсырмалар

Дорбадағы нөмірленген асықты таңдап, сол нөмірге сәйкес конверттегі тапсырманы орындаймыз. Бұл бөлім баланың тілін, ойлауын, математикалық дағдысын және жалпы білімін бекітуге бағытталған.

  1. 1) 1-ден 10-ға дейін тура және кері сана.
  2. 2) «М» дыбысы дауысты ма, дауыссыз ба? «М» дыбысынан сөз ойлап, сөйлем құра.
  3. 3) Қазір жылдың қай мезгілі?
  4. 4) Ұлттық ойындардың атын ата.
  5. 5) «-ке», «-са» буындарымен сөз құрастыр.
  6. 6) 5, 7, 9 сандарының көршілерін тап.

Қорытындылай келе, балалар бой сергіту үшін «Жан сырым» әнін орындайды.

5) Құрастыру: мозайка арқылы сәйкестендіру

Зейінді тұрақтандыру және талдау-салыстыру дағдысын дамыту үшін балалар мозайка құрастырады: қай ою-өрнек қай бұйымға сәйкес келетінін табады.

Мысал

Киіз үй — «Қошқармүйіз»

Мысал

Көйлек — «Жапырақ»

Мысал

Алаша — «Толқын»

6) Қорытынды: бата және тілектер

Барлық тапсырма орындалған соң балалар киіз үйге кіріп, ақтан ауыз тиеді. Соңында бата беріледі.

Бата

Асың асың асыңа,

Берекет берсін басыңа.

Дастарқаның мол болсын.

Қайда барсаң алдыңнан,

Жарқыраған жол болсын!

Әумин!

Таңдайларың тақылдап, сөйлегенде сөз бермей, шешен болар ма екенсің. Бармақтарың майысып, түрлі ою ойысып, шебер болар ма екенсің.

Сабақ аяқталып, балалар музыка ырғағымен «атқа мініп», өз топтарына қайтады.