Балалар күз мезгілінде болып жатқан өзгерістерді байқап жүрген шығарсыңдар

Сабақтың мақсаттары

  • Табиғаттағы өзгерістердің барлығы табиғат құбылыстары екенін түсінеді.
  • Қоршаған ортадағы нысандар мен құбылыстарды ғылыми тұрғыдан түсінуге, зерттеуге және бақылауға дағдыланады.
  • Жыл мезгілдеріне байланысты табиғат құбылыстарын байқап, түсіндіре алады.

Әдістер

Сұрақ-жауап, түсіндіру, ойын, талдау, ой қорыту.

Сабақ түрі

Жаңа сабақты түсіндіру.

Көрнекіліктер

Дидактикалық үлестірме материалдар, жапырақтардағы тест тапсырмалары, мақал-мәтелдер жазылған плакат, «Жыл мезгілдері» суреттері.

Пәнаралық байланыс

Ана тілі.

Сабақ барысы

Сабақ құрылымы оқушылардың қызығушылығын оятып, бақылау мен талдауды ойын арқылы ұйымдастыруға бағытталған.

I. Ұйымдастыру кезеңі

Сабақтың тақырыбы, түрі, мақсаты және өту барысы таныстырылады. Оқушыларды ынталандыру үшін қысқа психологиялық дайындық жүргізіледі.

Психологиялық дайындық

Мен атқан таңды сүйемін, таңды сүйемін.

Шуағын шашқан күнді сүйемін, күнді сүйемін.

Аялаған табиғатты сүйемін, табиғатты сүйемін.

Қоршаған бар әлемді, өзімді сүйемін.

II. Үй тапсырмасын тексеру және өткенді қайталау

Қызығушылықты ояту

  • Қазір қай жыл мезгілі? Күз.
  • Күз айларын атаңдар: қыркүйек, қазан, қараша.
  • Бүгін қай күн?

Жапырақтағы тест

Сыныпқа «хат» келеді: ішінде жапырақтар. Әр жапырақта тест сұрақтары жазылған. Оқушыларға 2 минут уақыт беріліп, кейін жауаптары оқылады және жұмыстар жиналады.

Негізгі мақсат — күз мезгіліндегі өзгерістерді байқау: күн салқындайды, жапырақ сарғаяды.

Ұлттық ойындар арқылы қайталау

Оқушылар ұлттық ойындарды атайды: арқан тарту, бәйге, асық, қыз қуу. Осыдан кейін «Қыз қуу» ойыны үлгісінде жұптық жарыс ұйымдастырылып, тірек сызбалар жасалады:

Сұрақтар

  • Күз қандай?
  • Күзде не болады?
  • Қандай табиғат құбылыстарын байқауға болады?

Күздің белгілері (тірек сызба)

  • Жапырақтар түседі, сарғаяды.
  • Жеміс-жидек жиналады.
  • Егін орылып, береке артады.
  • Түн ұзартып, күн қысқарады.
  • Ауа салқындайды, жаңбыр жиілейді.
  • Жыл құстары жылы жаққа ұшады.
  • Аспан тұнжырап, қорғасындай ауырланады.

Көркем сөзбен бекіту: Абай Құнанбайұлының «Күз» өлеңінен шумақтарды мәнерлеп оқыту ұсынылады.

III. Жаңа сабақ

Кіріспе

Дәптерге күнін және тақырыбын жазу. Сабақ БИС технологиясы бойынша «Байқау» әдісімен ұйымдастырылады: кілттік сөздерді оқып, есте сақтау арқылы жылдам жазу жұмысы орындалады.

  • Кілттік сөздерді есте сақтауға 30 секунд беріледі.
  • Сөздер жабылған соң 1 минут 15 секунд ішінде дәптерге жазу.
  • Жұптық тексеру, толық орындаған оқушыға бағалау белгісі қойылады.

Сергіту сәті

Тербеледі ағаштар,

Алдымнан жел еседі...

Оқулықпен жұмыс

Оқулықтың 34–35-беттері оқылады: әр бетке 3 минуттан. Одан кейін оқыған материал бойынша сұрақ-жауап ұйымдастырылады.

Ұғынуды бекіту

Дәптерге 30 сөз жазу (5 минут). Кейін «Кім көп жазды?» талқылауы жүргізіледі.

Ойын элементі

Сурет арқылы ойын түрін анықтап, «Хан талапай» ойынының үлгісімен мақал-мәтелдерге байланысты тапсырма орындалады.

Сыни ойлау сұрақтары

Оқушылар «Иә» немесе «Жоқ» форматында жауап береді. Жауаптар «+ / –» белгілеуі арқылы тіркеледі.

Дыбысты ажырату тапсырмасы

Оқушылар дыбыстарды тыңдап, ненің дыбысы екенін атайды:

  1. Жел
  2. Найзағай
  3. Жаңбыр

Халықтық болжам және ауа райын бақылау

Бұрын ауа райын бақылау орталығы болмаған кезде адамдар табиғатты бақылап, белгілер арқылы болжам жасаған. «Күннің көзін ашу» ойыны арқылы осы тәсілдер талқыланып, табиғат құбылыстарына байланысты халықтық болжамдар оқылады және түсіндіріледі.

IV. Бекіту

Сабақты қорытындылау үшін оқушылар «күзгі гүл күлтесін құрастыру» арқылы бір-біріне тілек айтып, ортақ гүл шоғын жасайды.

Тілек сөздер

  • Туған елдің ұлы бол!
  • Абайдай дана бол!
  • Достарыңа сыйлы бол!
  • Оқушылардың алды бол!
  • Ата-анаңның мақтанышы бол!

Оқушылардың жұмысы бағаланып, жетістіктері атап өтіледі.

V. Үй тапсырмасы

Табиғат құбылыстары туралы мәтінді және қосымша материалдарды оқып келу.