Әлемді тербеткен ана презентация
Тақырыбы: «Әлемді тербеткен ана»
Мақсаты
Оқушылардың адамгершілік құндылықтарын арттыру; анаға саналы құрмет пен махаббат сезімін қалыптастыру; балалардың танымдық және шығармашылық қабілеттерін дамыту.
Көрнекілік
- Даналық сөздер жазылған плакаттар, портреттер
- Сынып бөлмесін мерекеге лайық безендіру
- Интерактивті тақта
- «Әлемді тербеткен ана» презентациясы
Негізгі ой
Ана — мейірімнің, сабырдың, шексіз еңбектің символы. Бала үшін жанын аямайтын ең жақын жан — Ана.
Қысқа диалог
Ақ шашты ана: «Жастығым — балам», — дейді.
Ақылды бала: «Ай-күнім — анам», — дейді.
Мұғалімнің құттықтау сөзі
Қош келдіңіздер! Нұрлы шуағы мол наурыз айында ардақты аналарымыз бен ару қыздарымыздың төл мерекесі — 8 наурыз құтты болсын!
«Ана» деген қастерлі сөзді естіген сәтте жүрек ерекше тебіренеді. Дүниеге шыр етіп келген кезден бастап ана ақ сүтін беріп, әлдилейді, аялайды, «Бауыр етім — балам» деп мейірімін төгеді. Ана — әрбір адамның жарық дүниедегі ең жақын жанашыры, қадірлісі, қамқоршысы.
Өлең жолдары
Ана — жүрек, сол жүректе құдірет те,
Ана — тірек, сол тіректі құрметте!
Ана — шыңың, ардақ тұтар биікте,
Ана — күнің, сәуле шашар жүректе.
Ендеше, бүгінгі «Әлемді тербеткен ана» атты ертеңгілігімізді сіздерге арнаймыз.
1-жүргізуші
Ана — тіршіліктің гүлі, отбасының берекесі, бүкіл адамзаттың тәрбиешісі. Құрметті қонақтар, аяулы әжелер, асыл аналар және сүйкімді қыздарымыз! Бүгін бізде үлкен мереке!
Бүгін — наурыздың сегізі,
Сұлулықтың негізі.
Әдемі сөз — адамның
Анаға айтар лебізі.
2-жүргізуші
Сіздер — ер азаматтардың қолғанаты, тірегі мен жүрегі. Аналарымыз бен қыздарымыздың көңілі көктемнің шуақты күніндей мейірім мен шапағатқа бөлене берсін. Әлемге жарық сыйлаған аналардың мерекесі құтты болсын!
Анаға арнап ақ тілектер айтар күн,
Әкеге арнап марапатты бастар күн.
Бүгінгі күн мәңгі есте қалар күн,
Бүгінгі күн — жастардың жадында қалар күн.
Барлығы хормен
Жанымызды жайнатқан — сіздерсіз ғой, аналар!
Зор денсаулық, мол бақыт тілейміз біз, балалар!
Бізді сүйетін, біз үшін күйетін, әрқашан қамымызды ойлайтын ең абзал жан — ана. Алдыңа қойған мақсатыңа жетуің үшін ана қажет болса жанын қиюға да дайын. Ана баласының үлгілі азамат болып өсуі үшін бар күшін салып, тер төгеді.
Ананың махаббатына, құдіретіне талай ақын ән арнап, жыр жазды, талай жазушы қалам тербеді. Ендеше, балалардың тақпақтарын тыңдайық.
Оқушылардың тақпақтары
Жасұлан
Құтты болсын аналардың мейрамы!
Жарқыраңдар жаз күніндей жайдары!
Мерекесі — көктемнің ең алғашқы,
Бақыт берсін көктемнің әр айлары!
Әділжан
Дүниенің ең қымбаты — ана екен,
Ананың ең тәттісі — бала екен.
Түн ұйқысын төрт бөліп әлдилеген,
Ананың орны бөлек, дара екен.
Балаға ана еңбегі — парыз деймін,
Еңбегін өтеу — бізге қарыз деймін.
Меккеге апарсаң да өтелмеген —
Ұрпаққа бұл өсиет, аңыз деймін.
Аналар мерекесі құтты болсын!
Венера
Ана дейміз бәріміз де аңқылдап,
Ана дейді жас сәби де жарқылдап.
Ана деген — бәйтерегі өмірдің,
Ана деген — алтын қазық, алтын бақ.
Ана деген — асыл жандар, бұлақтай,
Уа, адамдар, қадірлей біл ананы.
Жат қылыққа ақыл-ойды тонатпай,
Қастерлейік мәңгілікке ананы.
Жанель
Ана — өмірдің қуанышы, тірегі,
Бала — оның жұбанышы, жүрегі.
Ана алдында ел жауы да бас иген,
Олар әрдайым тыныштықты тіледі.
Мәншүк
Бізге қарап елжіреп,
«Сүйсе — беттен, күнім!» деп,
Құшақ ашса: «Күнім!» деп,
Жүгіреміз күлімдеп.
Анамызға еркелеп,
Қуантуды қалаймыз.
Өссек екен ертерек —
Даяна
Сезімің неткен ыстық балаңа тым,
Төрт бөліп түн ұйқыңды қарағансың.
Қаншама азап шектің сәби үшін —
Мен саған қарыздармын, жан анашым.
Іздесек сендей жанды табамыз ба?
Қартайсаң, сәбиіңдей бағамыз да.
Серік боп өмір бойы анамызға:
«Күлімдеп жүрші, әкешім, арамызда».
Ұлмекен
Ақ қабақты анашым,
Күн сәулелі анашым.
Әлпештеген баласын,
Айналайын анашым.
Алдиар
Анам менің — аялаған ақ гүлім,
Анам менің — бақытым мен шаттығым.
«Анашым» деп балаң жырын арнаса,
Неге ғана естімесін тәтті үнін?
Анам менің — өмірдегі тірегім,
Анам менің — кеудемдегі жүрегім.
Егер менің қасымда сен болмасаң,
Бұл өмірде қалай ғана жүремін?
Мөлдір
Бәрі де, ана, бір өзіңнен басталды.
Сен деп жаздым алғаш өлең-дастанды.
Қуандым ба — өзің бар деп қуандым,
Жыладым ба — өзің жоқ деп жас тамды.
Азамат
Өзіңсің, сүйікті ана, құдіретім,
Жанымды жадыратып күлдіретін.
Сендегі маған деген махаббатты
Нұр толы қос жанарың білдіретін.
Бар ана — туған елдің гүлі дер ем,
Анажан, қайғың болса күңіренем.
Таусылмас тау суындай ақылың бар,
Сен барда менің әрбір күнім — өлең.
Дереккөз
Қарағанды облысы, Приозерск қаласының №2 МББК КММ бастауыш сынып мұғалімі — Ержанова Пернекүл Калдыбайқызы.
Материал: «Әлемді тербеткен ана» (ертеңгілік мәтіні).