Ақылды қыздар

Кластан тыс іс-шара

«Қыз еркем, кестесімен көркем»

6 «Б» сыныбында өтетін бұрымды қыздар сайысына қош келдіңіздер! «Гүл өссе — жердің көркі, қыз өссе — елдің көркі» дегендей, қыз баланың бойындағы әдеп, талғам, білім мен іскерлік — ұлттың көркем келбеті.

Мақсаты

Қыздарымыздың нәзіктігі мен көркем мінезін, қыр гүлі қызғалдақтай құлпырған болмысын дәріптеу, олардың өз-өзіне сенімін нығайтып, сахна мәдениетін қалыптастыру.

Білімділік бағыты

Икемділік, сымбаттылық, қабілеттілік, инабаттылық, ізеттілік, біліктілік, танымдық қасиеттерді дамытуға баулу.

Дамытушылық және тәрбиелік

  • Әдемілікке, сұлулыққа, ақылдылық пен іскерлікке баулу.
  • Талғамды, жинақылықты және жоғары мәдениетті қалыптастыру.
  • Өзін-өзі күте білуге, ұқыптылыққа тәрбиелеу.

Ұйымдастыру және қажетті құралдар

Ұйымдастыру бөлімі

Сайыс басталар алдында қатысушылар жұптасып таныстырылады, бөлімдердің реті түсіндіріледі, бағалау тәртібі таныстырылады.

Керекті құралдар

  • Нақыл сөздер
  • Плакаттар
  • Көрнекіліктер

Кіріспе сөз

Армысыздар, құрметті ұстаздар мен оқушылар! Бүгін 6 «Б» сыныбында өтетін «Қыз еркем, кестесімен көркем» атты бұрымды қыздар сайысына қош келдіңіздер!

Қазақ халқы қос бұрымды сұлулықтың белгісі деп танып, қыздарының шашын өсіріп, ұшына зергер қолынан шыққан шашбау мен шолпы тағып, көркемдікке жастайынан баулыған. Қыз балаға қажет қасиеттер — талғам, жарасым, ақыл, білім және іскерлік.

Ескерту

Әр бөлім аяқталған сайын әділқазылар алқасы бағалау нәтижесін жариялап отырады. Сайыс басталар алдында әділқазылар құрамы бекітіледі.

Сайыс құрылымы: 5 бөлім

I бөлім

Жұмбақ қыздар

Таныстыру және салт-дәстүрге қатысты сұрақтар.

II бөлім

Ақылды қыздар

Үй шаруасы мәдениеті, тігін, мата, аспаздыққа қатысты тест.

III бөлім

Арманшыл қыздар

Шешендік: «Қазақ арулары несімен көрікті?» тақырыбы.

IV бөлім

Өнерлі қыздар

Қолөнер, шаш өру, ән-би, күй, өлең оқу.

V бөлім

Аспазшы қыздар

Салат ұсыну, жасалу жолын түсіндіру.

I бөлім — «Жұмбақ қыздар»

Қыздар ортаға шығып, өздерін таныстырады. Бұл бөлімде олардың сөйлеу мәнері, мәдениеті және өзін ұстауы бағаланады.

Дәстүрге бағытталған ой

Қазақтың дәстүрі көп, сырын ашсаң — жұрт қызығар. Арулар салт-дәстүрді қаншалықты біледі? Осы бөлімде сұрақтар қойылады.

II бөлім — «Ақылды қыздар»

Шарты: үй шаруашылығы мәдениетіне, іс-танымға, тігін бұйымдары мен модельдерге қатысты тест сұрақтарына жауап беріледі. Жауаптар белгі (нұсқа) бойынша қабылданады.

1-жұп сұрақтары

  1. 1) Торта дегеніміз не? (Қаймақ, сарымай тұнбасы)
  2. 2) Жүн мен жібек маталарды қандай талшықтардан дайындайды? (Жасанды, табиғи, химиялық)
  3. 3) Жіп катушкасынан келген жіпті ұстап тұратын бөлшек: (Бұрандалық, тартқыш тығырық)

2-жұп сұрақтары

  1. 1) Тамақ әзірлегенде киімге дақ түспес үшін қандай киім киіледі? (Алжапқыш, халат, арнаулы орамал)
  2. 2) Матаның ауа өткізгіштігі, жылу сақтағыштығы, ылғал мен шаң өткізгіштігі — қандай қасиет? (Гигиеналық, физика-механикалық, технологиялық)
  3. 3) Реттеуіштің бөлшектерін ұстатып тұру үшін қажет: (Ұстатқыш шеге, тарту серіппесі)

3-жұп сұрақтары

  1. 1) Шалап дегеніміз не? (Ашытқан қымызға су қосу; айранға су қосу; сүтке су қосу)
  2. 2) Негізгі жіп екі арқау жіпті басып, бір жіпті өткізе отырып тоқылатын айқаспа: (Кездеме, саржалық, сәтендік)
  3. 3) Тартқыш тығырықтарды бір-біріне қысып тұратын бөлшек: (Қалпақ, тарту серіппесі)

4-жұп сұрақтары

  1. 1) Қор дегеніміз не? (Ашыған айран; ашыған қамыр)
  2. 2) Матаның отыруы, тез сетінегіштігі, тігістерде жіптің ыдырауы — қандай қасиет? (Технологиялық, гигиеналық, физика-механикалық)
  3. 3) Ине мен шөлмекке өткізілетін артық жіпті тартып тұратын бөлшек: (Жіп тартқыш серіппе, ұстатқыш шеге)

5-жұп сұрақтары

  1. 1) Емдік қасиеті бар қандай сусын? (Қымыз, шұбат, айран)
  2. 2) Өте жіңішке нәзік жіп, тұт жібек құртының қуыршағынан алынады: (Табиғи жүн, табиғи жібек, табиғи мақта)
  3. 3) Гайканы бұрағанда тартқыш тығырықтың қимылдауына жол бермейтін бөлшек: (Бұрандалық, қалпақ)

Әділқазылар алқасынан әділ бағасын сұраймыз.

III бөлім — «Арманшыл қыздар»

Адам бойындағы асыл қасиет көп, соның ішінде көз, ақыл және көңіл үйлесімі — рухани тұтастықтың белгісі.

Шарты

«Әр елдің өз сұлуы бар». Қазақстан арулары несімен көрікті? Қатысушылар ең маңызды, құнды пікірін шешендік қабілетпен жеткізуі тиіс.

Әділқазылар алқасынан аралық нәтижені сұраймыз.

IV бөлім — «Өнерлі қыздар»

Өнер — халықтың жүрек үні. Бұл бөлімде арулар өз талантын көрсетіп, шеберлік пен ұқыптылықты танытады.

1) Тоқу өнері

Тоқылған заттар мен өз қолдарынан шыққан бұйымдарын таныстырып, шағын көрме ұсынады.

2) Шаш өру өнері

Өрілген шаш үлгісін көрсетіп, мағынасы мен жасалу тәсілін қысқаша түсіндіреді.

3) Еркін өнер

Ән айту, би билеу, күй тарту, өлең оқу және басқа да өнер түрлері.

Әділқазылар алқасынан бағалау нәтижесін сұраймыз.

Мақал-мәтелді жалғастыр

Шешендікті құрметтеген елде «сөздің жүрегі — мақал» деп бекер айтылмайды. Тапсырма: еңбекке, білімге, тұрмысқа, өнерге байланысты мақал-мәтелдің жалғасын табу.

  1. 1) Еңбек қылмай тапқан мал — дәулет болмас.
  2. 2) Пайда ойлама, ар ойла, талап қыл — артық білуге.
  3. 3) Еңбек түбі — мереке, көптің түбі — береке.
  4. 4) Жаңбырмен жер көгерер, еңбекпен — ер көгерер.
  5. 5) Ақылды қыз білімге жүгірер, ақылсыз қыз — сөзге ілігер.

V бөлім — «Аспазшы қыздар»

Шаңырақтың берекесі — дастарқан. Дастарқанның сәні — дәмі мен дайындалу мәдениеті.

Шарты

Әр жұп өздері дайындаған салат түрін ұсынып, жасалу жолын, пайдаланылған өнімдерді және ұсыну мәдениетін түсіндіреді.

Қорытынды

Енді әділқазылар алқасына сөз беріледі. Олар арулар арасынан ақылына көркі сай, инабатты әрі ізетті қатысушыларды атап, қорытынды нәтижені жариялайды.

Осымен «Қыз еркем, кестесімен көркем» атты арулар сайысы аяқталды. Көріп, тамашалағандарыңызға көп рақмет!