Менің дана халқымды сақта

Өнегелі тәрбие – құдіретті тілімде

Бұл тәрбие сағатының мақсаты — ана тілінің аса маңызды тәрбие құралы екенін ұғындыру; тілге тағзым етуге шақыру; тіл байлығы әр халықтың ұлттық мақтанышы екенін, тілдің әдеп, тәрбие, қуат, медет екенін таныту.

«Ана тілі… жүректің терең сырларын, басынан кешкен дәуірлерін, қысқасы жанның барлық толқындарын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп, сақтап отыратын асыл қазына.»
Ж. Аймауытов
«Тәрбие басы — тіл.»
М. Қашқари
«Халықтың мәңгі ғұмыры — оның тілінде. Әрбір тіл өзінің халқы үшін ұлы.»
Ш. Айтматов

Тіл — ұлттың қазынасы, адамның ар-өлшемі

Қазақ тілі мен әдебиеті апталығы аясында 7 «А» сынып оқушылары дайындаған тәрбие сағаты ана тіліне деген құрметті күшейтуді көздейді. Тіл — қай халық үшін де қасиетті қазына. Ана тілі әр адамның бойына ана сүтімен бірге дариды, атадан балаға мирас болып қалатын баға жетпес мұра.

Әр адам ана тілін көздің қарашығындай қорғауға, оны орынсыз шұбарлауға қарсы тұруға тиіс. Өкінішке қарай, туған тілімізді араластырып сөйлеу, тіпті өз тілінен безіну де ұшырасады. Осындайда К. Паустовскийдің «Туған тіліне жаны ашымаған адам — жәндік» деген сөзі еріксіз ойға оралады.

Төл тілінде сөйлеуден безіну — ақ сүтін беріп өсірген анаңды ұмытумен тең. Ана тілі — ар-өлшемі. Тілді шұбарлау — арды шұбарлау, көңіл тұнығын лайлау.

Қадыр Мырзалиев: «Ана тілің — арың бұл,
Ұятың боп тұр бетте.
Өзге тілдің бәрін біл, —
Өз тіліңді құрметте!»

Бұл талап тек жастарға ғана емес, үлкендерге де ортақ.

Мақал-мәтел — тіл мәдениетінің айнасы

Дана халқымыз «Тіл — қылыштан өткір», «Өнер алды — қызыл тіл» деп бағалаған. Төмендегі мақал-мәтелдер тілдің қадірін, тәрбиелік мәнін айқындайды.

  • Ана тіліңді анаңдай ардақта, жүрген жеріңде әдет-ғұрпыңды мадақта.
  • Туған тіліңде сөйлемегенің — тәлім-тәрбие көрмегенің.
  • Тіл — жақынды алыстатады, алысты жақындатады.
  • Ана тіліңді жасыңнан үйрен, басқа тілді кейін үйрен.
  • Ана тіліңді білем деу — қымбат, білмеймін деу — ұят.
  • Ана тіліңді шұбарлағаның — тіл қадірін ұға алмағаның.
  • Тура сөз — ащы.
  • Ана тіліміз — ата-бабамыздың мұрасы, жақсы сөз — жаралы жүректің дауасы.
  • Ана тілің — тірегің, өмірге қажет керегің.
  • Сөзді сөз тыяды.
  • Бұлбұлдың бейнеті — тілінен.
  • Әділ сөз — удан ащы.
  • Ащы сөз — басқа пәле, тәтті сөз — дертке дауа.
  • Тілмен түйінделгенді тіспен шешілмейді.
  • Тіл жүйрігі айырады, ат жүйрігі қайырады.

Бата — ұрпаққа жеткен ақ тілек

«Батаменен ер көгерер» дейді халқымыз. Ақ бата, өсиет, алғыс сияқты ұлағатты сөздер — атадан балаға жалғасқан өшпес мұра. Қазақ халқы батаға ерекше мән беріп, ақ ниетпен бата беруді дәстүрге айналдырған.

Фольклоршы-этнограф ғалымдар В. В. Радлов, А. В. Василев, Ә. Диваев бата-тілектің шығу тегі туралы ғылыми тұжырымдар жасаған. Бата көбіне ауылдың ақсақалдарының үлесіне тиген, кейде құдайы қонақтың алғыс-тілегі ретінде берілген.

Батаның түп мәнінде халықтың оптимистік арманы, үміті жатыр. Билер мен шешендер әрбір басқосуды, ас-тойды батамен қорытындылап, елді ынтымаққа шақырып, әр шаңыраққа береке тілеуді өнеге еткен.

Бата қашан айтылады?

  • Нәресте дүниеге келгенде, бесікке салғанда
  • Тұсау кескенде
  • Бала алғаш мектеп есігін ашқанда
  • Әскери парызын өтеуге аттанарда
  • Алыс сапарға шығарда
  • Қыз ұзатып, ұл үйлендіріп, келін түскенде
  • Мүшел тойларда, Наурыз мейрамында
  • Кез келген жаңа істі бастарда

Халық ұғымында бата — істің берекесі, бастаманың баянды болуына ниет.

Жастарға арналған бата
Бір үйдің баласы болма,
Көп үйдің санасы бол!
Бір елдің атасы болма,
Көп елдің данасы бол!
Бір тонға жаға болма,
Көп қолдың ағасы бол!
Ақты ақ деп бағала,
Қараны қара деп бағала!
Өзегің талса өзен бойын жағала!
Басыңа іс түссе көпшілікті сағала!
Өзіңе-өзің кәміл бол!
Жауыңа қатал бол!
Досыңа адал бол!
Әумин!
Естіге көнбес есерден сақта!
Үй-ішіне арналған бата
Уа, үйіңе береке берсін,
Күнде Қыдыр келсін!
Ішкен-жегеніміздің сауабы
Аруақтарға тие берсін!
Күнің шуақты болсын,
Көлің суатты болсын!
Қонысың өрісті болсын!
Ағашың жемісті болсын!
Өнерің өрлей берсін!
Өмірің төрлей берсін!
Әумин!
Көпшілікке арналған бата
А, Құдай жаратқан!
Қалдыра көрме санаттан.
Іздегенім — әділет,
Тілегімді қабыл ет!
Қалшылдаған қансыздан сақта,
Арсылдаған арсыздан сақта!
Парасатсыз кәріден сақта!
Әділетсіздің кәрінен сақта!
Тегі тентек тексізден сақта,
Еңбек білмес епсізден сақта!
Дауасыз дерт пен кеселден сақта!
Өңеші толмас обырдан сақта!
Тиянағы жоқ тобырдан сақта!
Сөзінде тұрмас сырғақтан сақта!
Қызыққа тоймас бұлғақтан сақта!
Таршылық пен жоқтықтан сақта!
Тәубасы жоқ тоқтықтан сақта!
Ерлік, елдік салтымды сақта!
Менің дана халқымды сақта!
Әумин!

Құттықтау тілек: ізгі сөздің ізі

Құттықтау — қуанышты бөлісудің, жақсылық тілеудің мәдениеті. Халқымызда түрлі жағдайға сай айтылатын ықылас сөздер мол.

  • Сәбидің бауы берік болсын!
  • Өмір жасың ұзақ болсын!
  • Жортқанда жолың болсын, жолдасың Қыдыр ата болсын!
  • Періштелер қолдасын!
  • Білім әлеміне аттаған қадамың құтты болсын!
  • Туған күнің құтты болсын, әр күнің сәтті болсын!
  • Мектеп бітіруің құтты болсын, болашағыңа даңғыл жол тілеймін!
  • Өмірдің шыңынан, табыстың тыңынан көрін!
  • Еңбегің жана берсін, жемісін көр!
  • Сапарың сәтті болсын!
  • Мерейлі жасың құтты болсын!
  • Жаңа жылың құтты болсын, жыл бақыт әкелсін!

Ризашылық пен алғыс — әдептің әліппесі

Адамдардың бір-біріне деген ыстық ықыласы мен ақ пейілі көбіне ризашылық білдіруден басталады. Халық арасында ризашылық алғыс пен бата түрінде айтылады. Біреудің еңбегіне, көмегіне, кішіпейілділігіне, азаматтығына алғыс айту — әдептілік пен мәдениеттіліктің белгісі.

А. Байтұрсынов «Ризашылық — әдептің әліппесі» деген. Халық даналығында да: «Алдын ойлаған азамат — елдің алғысын алар», «Алғыс алған жігіттің аты бәйгеден келеді», «Ата-анаңның ризашылығын алсаң — азамат боласың», «Алғыс алмағаннан аулақ жүр» сияқты нақылдар сақталған.

Алғыс сөздердің үлгілері

  • Бәрекелді!
  • Өркенің өссін!
  • Көп жаса!
  • Жағың түспей, жамандық көрме!
  • Құдайым пәле-жаладан сақтасын!
  • Тілеген мұратыңа жет!
  • Иманды, ырысты бол!
  • Алланың нұры жаусын!
  • Басыңнан бақ таймасын!
  • Қазаның ортаймасын!
  • Қатарыңның алды бол!
  • Құдайым тіл-көзден сақтасын!

Тыйым сөз — тәртіп пен тағылым

Қазақтың үлгі-тәрбие құралдарының бірі — тыйым сөздер. Олар есі кірген баланы жаман әдеттен, жат пиғылдан, орынсыз қылық пен теріс мінезден сақтандыру үшін айтылған.

Дана халқымыз қолды төбеге қоюды — ел-жұрттан безінудің, үлкеннің жолын кесуді — әдепсіздіктің, асты төгуді — ысыраптың белгісі деп танып, ондай теріс әрекеттерге қатаң тыйым салған. Күнделікті тұрмыста қолданылатын тыйым сөздер ел ішінде өте көп.

Жиі айтылатын тыйым сөздер

  • Ата-анаңа қарсы келме!
  • Нанды бір қолмен үзбе!
  • Дініңді, ұлтыңды, арыңды сатпа!
  • Бетіңді тырнама!
  • Құмырсқаның илеуін бұзба!
  • Үйге жүгіріп кірме!
  • Ақты төкпе!
  • Адамды айналма!
  • Кісіге саусағыңды шошайтпа!
  • Көп ішінде қатты сөйлеме, қатты күлме!
  • Үлкеннен бұрын сөйлеме!
  • Дастарқанды, тамақты, ыдысты аттама!
  • Таңғы асты тастама!

Түйін: мінезді бола білу

Әр адамның мінезінен халықтың мінезі құралады. Халықтық мінез сол халықтың рухани жан дүниесін, көзқарасын, қарым-қатынасын айқындайды. Халықтар да адамдар сияқты бір-бірінен дәстүрі, тұрмысы, мінез-құлқы арқылы ерекшеленеді.

Қазақ халқының мінез қырлары сан алуан: сабырлы, өнерлі, дана, ойшыл, шешен, шебер, қарапайым, батыр, ақынжанды, төзімді. Сонымен бірге кез келген қоғамда жеке адамдардың әлсіз тұстары да кездеседі. «Жаман халық жоқ, жаман адамдар бар» деген сөз — осының дәлелі.

Пайдаланылған әдебиеттер

  1. Ж. Н. Нығмет. Қазақ тілі хрестоматиясы.
  2. Ж. Аймауытов. Шығармалар жинағы.
  3. Ана тілі, Қазақстан әйелдері журналдары.

Атырау облысы, Жылыой ауданы, №9 жалпы орта білім беретін мектеп. Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі: Нұрғанова Хадиша Едресқызы.