Үшінші астанасы қай қала

Сабақтың тақырыбы: Астана (8-сынып)

Бұл жоспар 8-сынып оқушыларына арналған «Астана» тақырыбын саяхат формасында меңгертуді көздейді: елорда туралы білімді кеңейту, тілдік талдау дағдыларын дамыту және отансүйгіштік құндылықтарды қалыптастыру.

Білімділік

Астана туралы жан-жақты мәлімет беру, қосымша деректер арқылы білім деңгейін кеңейту, сатылай кешенді талдау дағдыларын қалыптастыру.

Дамытушылық

Сөздік қорды байыту, өз ойын еркін жеткізуге үйрету, тапқырлық пен ізденімпаздық қасиеттерін дамыту.

Тәрбиелік

Отанға сүйіспеншілік рухында тәрбиелеу, эстетикалық талғамды қалыптастыру.

Сабақтың форматы мен ресурстары

Сабақтың түрі

Саяхат сабағы.

Әдіс-тәсілдер

  • Сатылай кешенді талдау
  • Сұрақ-жауап
  • Ойын элементтері
  • Мәтінмен жұмыс
  • Баяндау

Көрнекіліктер

  • Мультимедиа
  • «Астана – болашақтың қаласы» тақырыбындағы кітап көрмесі

Пәнаралық байланыс

География, тарих.

Сабақ барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

  1. 1 Оқушылармен амандасу.
  2. 2

    Психологиялық бағыт:

    Әрбір адам — туысым, досым, жұрағат.

    Әрбір ісім — тірлік, тірек, амандық.

    Әрбір сабақ — үйрену, ұғу, ұлағат.

  3. 3 Кезекшімен қысқаша сұхбат.

II. Мұғалімнің кіріспе сөзі

«Бұл қай қала? Бұл қала Сарыарқа төрінде орналасқан. Бұл — ХХІ ғасырдың жас қаласы. ЮНЕСКО-ның “Әлем қаласы” арнайы атағымен марапатталған». Бүгінгі сабақта біз Астанаға саяхат жасаймыз.

Саяхат картасы

  • Сұрақ-жауап кассасы
  • Ескерткіштер мен құрылыстар алаңы
  • Астана хронологиясы
  • Лексика-грамматика көшесі
  • Астана қаласы (бейнематериал)
  • Сөз сыры даңғылы

III. Жаңа тақырып: «Саяхат» бөлімдері

1) «Сұрақ-жауап кассасы»

  • Дүниежүзіндегі қандай мемлекеттердің астаналарын білесіңдер? Атап айтыңдар.
  • Қазақстанның астаналарын білесіңдер ме?
  • Қазақстанның бірінші астанасы қай қала?
  • Екінші астанасы қай қала?
  • Үшінші астанасы қай қала?
  • Төртінші астанасы қай қала?

Астаналар траекториясы (көрсету)

Орынбор
1920–1924
Қызылорда
1924–1929
Алматы
1929–1997
Астана
1998 жылдан бастап

2) «Астана хронологиясы» аялдамасы

Бұл бөлімде алдын ала дайындалған оқушы Астана туралы негізгі деректерді ұсынады.

Жалпы мәлімет

  • Астана Қазақстанның орталық аймағында орналасқан.
  • Қаланың іргетасы 1832 жылы қаланды.
  • 1961 жылға дейін — Ақмола.
  • 1961–1992 — Целиноград.
  • 1993–1998 — Ақмола.
  • 1997 жылдан бастап — Қазақстан Республикасының елордасы.
  • 1998 жылы қала атауы Астана болып өзгертілді.

3) Бейнематериал: «Астана қаласы»

Қала келбетін, жаңа ғимараттар мен мәдени кеңістіктерді таныстыратын қысқаша бейнефильм көрсетіледі.

4) «Ескерткіштер мен құрылыстар алаңы»

Бұл аялдамада оқушылар елордадағы сәулет нысандары туралы мәліметті баяндап береді.

«Қазақ елі» монументі

«Қазақ елі» — Астанада орналасқан мәдени-архитектуралық монумент. 2009 жылы ашылған. Авторлары: Сәрсенбек Жүнісов және Жаңбыршы Нұркенов. Ақ мәрмәрдан құйылған кешеннің биіктігі 91 метр — бұл 1991 жылғы тәуелсіздіктің белгісі. Діңгектің ұшар басында киелі Самұрық құсы бейнеленген. Негізінде төрт қола барельеф бар: орталық — «Халық және Президент», оң жақ — «Қаһармандық», батыс жақ — «Жасампаздық», шығыс жақ — «Болашақ». Барлығы «Бірлік» мүсіндік композициясымен түйінделеді.

«Астана-Бәйтерек» монументі

«Астана-Бәйтерек» — Есіл өзенінің сол жағалауында орналасқан бірегей сәулет нысаны. Құрылымның биіктігі 105 метр, салмағы 1000 тоннадан асады. 97 метрлік көру алаңы қаланың көркем келбетін айқындайды. 97 саны — елорданың Алматыдан Астанаға көшірілген жылын меңзейді.

Бейбітшілік және келісім сарайы

Пирамида пішінінде тұрғызылған «Бейбітшілік және келісім сарайы» 2006 жылғы 2 қыркүйекте ашылды. Жобаның авторы — ағылшын архитекторы Норман Фостер. Мұнда Қазақстан халқы ассамблеясы, ұлтаралық және дінаралық келісім орталығы, мұражай, 1500 орындық опера залы орналасқан. Бұл нысан бірлік пен бейбітшіліктің символы ретінде бағаланады.

5) «Лексика-грамматика көшесі»

Оқулықпен жұмыс

  • 126-бетті ашып, «Астана» мәтінімен танысу.
  • Сөздік жұмысы.
  • Мәтінді оқу және түсіндіру.

«Жарысты жалғастыр» ойыны

Сынып екі топқа бөлінеді. Белгі бойынша оқушылар мәтінді 3 минут оқиды. Кейін әр топқа нөмірленген парақтар таратылады: оқушылар оқиғалар мен фактілерді жазып, үндеместен парақты бір-біріне жылжытып отырады (қайталамауы тиіс). Жұмысқа 3 минут беріледі.

Сатылай кешенді талдау

I топ: «Астана — іскерлік және мәдени орталық.»

  1. Сөйлемде екі тыныс белгісі бар: сызықша және нүкте. Сызықша бастауыш пен баяндауыш атау септіктегі зат есімнен болғандықтан қойылған; нүкте ойды тиянақтайды.
  2. Айтылу сазы мен мазмұнына қарай — хабарлы сөйлем.
  3. Құрылысына қарай — жай сөйлем.
  4. Сөйлем мүшелері: «орталық» — дара баяндауыш; «Астана» — дара бастауыш; «іскерлік, мәдени» — дара анықтауыштар.
  5. Жай сөйлемнің түрлері: жайылма, жақты, толымды.
  6. Сөз тіркестері: «іскерлік орталық», «мәдени орталық».
  7. Сөздердің байланысу тәсілдері: орын тәртібі, жалғаулық шылау.

II топ: «Астанада» (зат есімге талдау)

  1. Бұл сөз — зат есім, өйткені заттың атын білдіреді.
  2. Сұрағы: «қайда?»
  3. Тұлғасына қарай — негізгі түбір.
  4. Құрылысына қарай — дара.
  5. Мағынасына қарай: жалқы, жансыз, деректі.
  6. Түрленуі: септеледі; жатыс септік тұлғасында.
  7. Сөйлемдегі қызметі: пысықтауыш.

6) «Сөз сыры даңғылы»

I топ: Синквейн (бес жолды өлең)

Астана

Жас, көрікті

Орналасты, айналды, салынып жатыр

Астана әлемге әйгілі болды.

Елорда

II топ: Кластер жасау

«Астана» ұғымына қатысты тірек сөздер мен негізгі идеяларды топтастырып, байланысын көрсету.

IV. Қорытындылау

Саяхаттан үйімізге оралайық. Талқылау сұрақтары:

  • Бүгінгі сабақтың тақырыбы қандай болды?
  • Астана қандай қала?
  • Қай жылы қала «Астана» деп аталды?
  • Астанаға қандай тілек айтар едіңдер?

V. Бағалау

Оқушылардың мәтінмен жұмысы, қатысу белсенділігі және талдау тапсырмалары бойынша нәтижелері бағаланады.

VI. Үй тапсырмасы

«Астана — болашақтың қаласы» тақырыбы бойынша эссе жазу.

Автор туралы мәлімет

СҚО, Мағжан Жұмабаев ауданы, Бастомар селосы. Ибраева Айгүл Шахимовна.