Бала туылғаннан кейін баланы бесікке бөлеу дәстүрін атадан балаға жеткізу
Автор: Айшуаков Мерлан Адилович
Тақырыбы: «Салт-дәстүр – асыл қазына»
Мақсаты
Халқымыздың ғасырдан ғасырға жалғасып келе жатқан салт-дәстүрлерін дәріптеу. Соның бірі — отбасының басты қуанышы, алтын тірегі — бала. Бала дүниеге келгеннен кейін оны бесікке бөлеу дәстүрін атадан балаға жеткізу — ұлттық тәрбиенің өзегі.
Қазағымның салт-дәстүрі жаңғырған,
Тәлімді ой сынағы, тәрбие көзі қалдырған.
Салт-дәстүрді ардақтайық, ағайын.
Қазақ атты үлкен-кіші, балдырған — бәріміз,
Сәтті күні жиналдық, бірлікте бүгін бәріміз.
Төрлетіңіз, қадірменді қонақтар,
Гүл-гүл жайнасын біздің төріміз.
Жақсы дәстүрді сақтаған жарасар.
«Ескі үрдіс» деп сырт айналмайық — қайта қадірлейік.
Көнерген сүрлеуден шығайық, бірақ әдет-ғұрыпты ұмытпайық:
өлмес ұғымдар жасай берсін!
Бесікке салу: тәрбиенің бастау бұлағы
Мұғалімнің кіріспе сөзі
Халқымыздың сан ғасырлық тыныс-тіршілігіне байланысты ұлттық тәлім-тәрбиеге қатысты салт-дәстүр, әдеп-ғұрып мол. Соның бірі — бала туғаннан кейін оны бесікке бөлеу дәстүрі. Бесік — адам өмірінің алғашқы баспалдағы. Бүгін 5–7 сынып оқушыларымен бірлескен «Бесікке салу» салтын тамашалаңыздар.
Дәстүрдің мәні
Қазақ халқы «Бесіксіз үйде береке жоқ» деп, өмірге келер сәбиді асыға күткен. Себебі бала — өмірдің гүлі, ұрпақтың жалғасы. Сәби дүниеге келгенде қуанышты хабарды жеткізген адамға «сүйінші» сұрату — көптен келе жатқан ғұрып.
Бүгін біз баланы бесікке бөлеп, бесік жырын айтуды үйренеміз. Бесік ағаштан жасалады, сондықтан оның құрылысын да танып-білу маңызды.
Келіннің әрекеті (жабдықтарды салу)
Түбегіңді, шүмегіңді салайын —
Денең таза болсын деп.
Бас жастықша салайын —
Басың жұмсақ болсын деп.
Екі бел жастанша, бел көрпеңді салайын —
Сымбатты, сұлу өссін деп.
Тартпа бауды тартайын —
Денең сұлу болсын деп.
Жабуыңды жабайын —
Жел, суық тимей қалсын деп.
Ат қою және бата
Балаға ат қоюды ауылдың беделді азаматы азан шақырып, сәбидің құлағына үш рет естірте қайталап айтқан. Ал бесікке бөлеу рәсімін ауылдың қадірменді анасы атқарған.
Көпті көрген ата:
Бұл баламыз мырза, жомарт болсын деп, атын Мырзабек қояйын.
Есімің Мырзабек болсын. Есімің Мырзабек болсын. Есімің Мырзабек болсын.
Бата:
Әнет бидей еліңнің ағасы бол,
Халқыңның Қазыбектей данасы бол.
Жер-суды жау қалмақтан қорғап қалған,
Бөгенбайдай жұртыңның панасы бол.
Ер Сырымдай халқыңның көсемі бол,
Тоқсан бидей үш жүздің шешені бол.
Керейде Белгібайдай білекті бол,
Беріште Исатайдай жүректі бол.
Енді бесікке салу рәсімін ауылдың қадірменді анасы — Аққыз әже жалғастырады.
Аққыз әженің сөздері: тыштыма және аластау
Келіңдер, қане, Мырзабегімнің тыштымасын алыңдар.
«Мырзабегім тышты ма? Мырзабегім тышты ма?» — деп тыштыма үлестіріледі.
Аластау жыры:
Алас, алас — баладан алас.
Иесі келді, пәледен көш.
Алас, алас — баладан алас.
Көзі жаманның көзінен алас,
Тілі жаманның тілінен алас.
Қырық қабырғасынан алас,
Отыз омыртқасынан алас.
Әдемі, сұлу болсын деп басына айна мен тарақ жастаймын.
Көзден сақтасын деп тұмар байлаймын.
Қамшыдай өткір болсын деп басына қайшы жастаймын.
Баланы әкеліңдер, бесікке бөлеп берейін.
Бесік жыры (үзінді):
Мойнымдағы тұмарым,
Тарқамайтын тұмарым.
Тағдыр берген алсын деп,
Ақ бесікке салсын деп.
Мойнымдағы маржаным,
Қорадағы мал-жаным.
Бесігіңе жата ғой,
Тәтті ұйқыға бата ғой.
Балам жатсын бесікте,
Пәлесі қалсын есікте.
Мұғалімнің түсіндірмесі
Қазақ баласын ағаш бесікке салып баққан. Ағаш бесік көшпелі өмірге өте қолайлы. Бесікті қазақтың құрмет тұтуы соншалық — кейде атасы жатқан бесікке немерелері жатқан. «Туған жер» ұғымын «алтын бесікке» теңеу де бесікті ардақтаудан туған.
Ән: «Қазақы дастарқаным» (орындайтын: Хасанов Еркін)
Қыз ұзату: қимастық пен қуаныш тоғысқан той
Мұғалімнің кіріспе сөзі
Әдет-ғұрып, салт-дәстүрі — қазақтың жарасымды, ұнасымды қазынасы. Ұмыт бола бастаған дәстүрлерді сақтайық, насихаттайық, қажетіне қарай жаңғыртайық.
Халқымыздың ғасырдан ғасырға жалғасып келе жатқан дәстүрлерінің бірі — қыз ұзату тойы. Ұлын — ұяға, қызын — қияға қондыру ата-ананың тілегі әрі парызы.
Құдалықтың қысқаша тәртібі
Қыз ұзату — үлкен той, думан әрі қызық. Бұл күні ата-ана қуанады да, толқиды: қуанышы — қыз өсіріп, құтты жерге қондыруы; толқынысы — қимастық.
Қызды алуға құдалар тақ санмен — бес, жеті, кейде одан да көп адам болып келеді. Құрамында бас құда, құдалар және күйеу жолдас болады. Солтүстік және Орталық Қазақстанда көбіне ер адамдар барады. Құдалар әдетте кешкілік келеді: мұнда ойын-сауық, құдалық рәсімдер және кәде-жоралар жасалады.
Кәде алмасу (көрініс)
Ербол:
Біздің елден алып келген кәдемізді ортаға әкеліп көрсетуге рұқсат етіңіздер. (Кәделер ұсынылады.)
Рұқсат болса, біз енді жол жүрейік. Біздің ауылда да үлкен той бар, сонда күтіп отыр.
Нұрберген:
Рұқсатымызды береміз. Алдымен біздің кәдемізді қабыл алыңыздар. (Соңында құда аттандырар кәдесі беріледі: тақия, орамал т.б.)
Жар-жар және қоштасу жыры
Ұзатылатын қызды дәстүр бойынша таң ата, күн шыға аттандырады. Оған дейін қыз қоштасу жырын айтады, жастар «жар-жар», «ау-жар» айтысады. Қыз-жігіттер тобы кететін қыздың көңілін аулап, баратын жағында да осындай дәстүр барын өлеңмен жеткізеді. Тілектестік өлеңмен айтылғандықтан, жар-жар әсерлі әрі қызықты естіледі.
Жар-жар (жігіт жағы)
Нұршат:
Алып келген базардан — қара насыр, жар-жар,
Қара мақпал сәукеле — шашын басар, жар-жар.
Мұнда әкем қалды деп, қам жемеңіз, жар-жар,
Жақсы болса қайын атаң — орнын басар, жар-жар!
Жар-жар (қыз жағы)
Гүлмаржан:
Есік алды қара су — майдан болсын, жар-жар,
Ақ жүзімді көргендей — айнам болсын, жар-жар.
Қайын атасы бар деуді-ау, осы қазақ, жар-жар,
Айналайын әкемдей — қайдан болсын, жар-жар.
Қоштасу жыры (қыздың өз үйімен қоштасуы)
Гүлжан:
Әуеден ұшқан бұлдырық,
Құбыладан соққан ызғырық.
Жатқа кетіп барамын — жаратқан соң қыз қылып.
Атасы жақсы құл болмас,
Анасы жақсы күн болмас.
Оң жақтан кетіп барамын,
Қыз еркелеп ұл болмас.
Ең соңында:
Жанымдағы қаным-ау,
Сіңілім мен інім-ау.
Жыл айналып келгенше
Қош аман бол, күнім-ау, — деп бауырларымен қоштасады.
Мұндағы «жыл айналып келгенше» деген сөздің мәні бар: дәстүр бойынша ұзатылған қыз жыл толмай өз үйіне бара алмайды. Қоштасу — қазақ халқының бауырмалдық, әншілік, сөз тапқыштық қабілетін танытатын тұрмыс-салт жырларының көркем үлгісі.
Жеңгелер мен серіктерінің жұбатуы:
Гузель:
Жылама, бикеш, жылама,
Көзіңнің жасын бұлама.
Ұл болып тусаң әуелден,
Сені мұндай қыла ма?
Ән: «Дастархан» (Хасанов Еркін)
Би: 7 сынып оқушылары
Ән: «Наурыз-думан» (Арон Дәурен)
Қорытынды
Ата салтым — асыл мұрам, ардағым,
Бабалардың жалғастырар арманын.
Сан ғасырда қалпын бұзбас қадірім,
Өткенімді бүгінменен жалғадым.
Құрметті ата-аналар, ұстаздар! Сіздер бүгін «Салт-дәстүр – асыл қазына» атты кешімізді тамашаладыңыздар. Қазақ халқының тұжырымды ойы, мақал-мәтелі, тыйым сөздері — тәрбиенің мол мұрасы екенін және оның күнделікті өмірде қажет екенін көрдік.
Халқымыздың әдет-ғұрпы мен дәстүрін, тарихын білу, оны қастерлеу және бүгініміз бен келешегіміздің нәрлі қайнарына айналдыру — әрқайсымыздың азаматтық борышымыз.
Осымен бүгінгі кешіміз аяқталды. Қатысқандарыңыз үшін көп рақмет!