Халық даналығы ұрпақтан ұрпаққа мирас болып қалатын қазына екендігін ұғындыру
Сынып: 8
Халық даналығы — рухани байлық көзі
Мақсаты
Оқушыларға ғасырлар бойы қалыптасқан халық даналығының рухани тағылымын танытып, ата-баба мұрасы, салт-дәстүр, көсем сөздер мен шешендік өнердің адамгершілік құндылық ретіндегі мәнін түсіндіру; оның ұрпақтар сабақтастығындағы маңызын ұғындыру.
Міндеттері
- Халық даналығының ұрпақтан ұрпаққа мирас болып қалатын қазына екенін ұғындыру.
- Ұлттық мәдениетке, ата-баба дәстүріне сүйіспеншілікті дамытуға ықпал ету.
Шаттық шеңбері
Сабақ басында жылы қарым-қатынас орнатып, бір-біріне ізгі тілек білдіру арқылы ортақ көңіл күй қалыптастырылады.
Ойланайық, пікірлесейік
- 1 «Халық даналығы» ұғымын қалай түсінесіздер?
- 2 Неліктен оны адамзаттың рухани байлығы дейміз?
- 3 Қандай адамды данышпан, дана деп атайды?
- 4 Болашақта қандай кәсіпті таңдар едіңіз?
Жаңа ақпарат
Адамзат баласының ғасырлар бойы жинақтаған өмірлік тәжірибесі ұрпақтан ұрпаққа жетіп келеді. Ата-бабаларымыздың көрегендікпен айтқан ұлағатты ойлары, өсиет-өнегесі — халық даналығының қайнар көзі.
Халық даналығы нақыл сөздерден, мақал-мәтелдерден, шешендік сөз үлгілерінен және салт-дәстүрлерден айқын көрінеді. Ондағы зерделі ақыл, тапқыр ой, ұтқыр шешім мен тобықтай түйін — рухани тағылым ретінде ұлттық игілікке айналған құндылықтар.
Негізгі түйін
Халық даналығы — атадан балаға мұра болып қалатын ізгілікті іс-әрекеттің тәлімдік үлгісі. Болашақ ұрпағына өшпес мұра қалдырған білімдар, зиялы, ақылгөй адамды данышпан деп атаймыз.
Мәтінмен жұмыс
Тақырып: «Жанқұтты шешеннің батасы»
- Абайдың жауабынан нені байқауға болады?
- «Дүние үмітке сүйенеді» дегенді қалай түсінесіздер?
- Тілек айту мен бата берудің қандай өнегелік сипаты бар?
Дәйексөз
«Ойлану — ең ізгі жол; еліктеу — ең жеңіл жол; тәжірибе жолы — ең ауыр жол».
Ойлану
- Терең ойлану
- Өзінше ой түю
- Қорытынды пікір қалыптастыру
- Армандау, қиялдау
Еліктеу
- Қызығу, ынта
- Жаңа қасиетке ие болу
- Алға ұмтылу
Тәжірибе жолы
- Іздену, ұмтылу
- Өзіңді-өзің меңгеру
- Алған білімді шыңдау
- Қиындықты жеңу, қателіктен сабақ алу
- Өмірге көзқарас қалыптастыру
«Тыныштық сәті»
Қолдарыңызды тізелеріңізге қойып, терең дем алыңыздар. Көздеріңізді жұмып, жап-жасыл табиғат әлеміне еніп бара жатқандарыңызды елестетіңіздер. Біріміз қып-қызыл гүлдей құлпырып тұрмыз. Біріміз тұп-тұнық мөлдір судай таза жанбыз. Енді біріміз көк аспанда еркін самғаған құстардай ойымызды ашық айта аламыз.
Қыздар — аспанда еркін қалықтаған сан алуан құстардай, ал ұлдар — қыран бүркіттей биіктерге самғап барады. Алдымызда нұрын шашқан күндей аналарымыз бен әжелеріміз мейірлене қарап тұр, әкелеріміз бен аталарымыз асқар таудай асқақтап, ақ батасын беріп, қол бұлғайды. Табиғатпен үйлескен күйімізге қуанып, осы сезімімізбен сыныбымызға қайта оралайық.
Рахмет.