Жаяу жүргіншілер

Оқу іс-әрекеті туралы мәлімет

Жамбыл облысы, Талас ауданы, Қаратау қаласы, «Бәйтерек» балабақшасының тәрбиешісі: Сейдашева Жанар Атырханқызы.

Білім беру саласы

Таным, шығармашылық

Бөлімі

Қоршаған ортамен таныстыру

Тақырыбы

Көшедегі қауіпсіздік

Мақсаты

Білімділік

Көшедегі қауіпсіздік ережелері туралы алған білімдерін пысықтау, балаларды өмірлік қауіпсіздік ережелеріне үйретуді жалғастыру.

Дамытушылық

Танымдық белсенділігін арттыру; жол белгілерін тану және олардың қызметін түсіну; қоғамдық орындарда және көлікте тәртіп сақтау туралы ұғымдарын кеңейту; ойын арқылы ойлау қабілетін дамыту; ән мен тақпақ арқылы тіл байлығын жетілдіру. Шығармашылық қабілеттерін арттыру.

Тәрбиелік

Жолда жүру ережелерін сақтауға, дамытушы ойындар арқылы ұйымшылдыққа тәрбиелеу.

Қолданылатын ресурстар мен әдістер

Көрнекі құралдар

  • Бағдаршам
  • Аудио дыбыстар (көше, көліктер)
  • Венн диаграммасы
  • Жол белгілері
  • Жол қауіпсіздігі туралы суреттер
  • Теледидардан слайд арқылы көрсету
  • Мультфильм
  • Жол макеті
  • Әуендер

Сөздік жұмыс

Тыйым салынатын белгілер.

Әдіс-тәсілдер

Әңгімелеу, түсіндіру, ойын, ән, қайталау, көркем сөз, сұрақ-жауап.

Билингвальды компонент

қауіпсіздік
безопасность
бағдаршам
светофор
жаяу жүргіншілер өтпесі
пешеходный переход
тыйым салатын белгілер
запрещающие знаки

Инклюзивтік бағыт

Тілді толық түсінбейтін баланың аңғарымдылығын арттыру, ұялшақ балаға қолдау көрсету.

Сабақ барысы

Кіріспе: дыбыстық орта

Аудио дыбыстар естіледі: көше, көліктердің қозғалысы.

Шаттық шеңбері

Балалар бірге айтады:

Алтын сәуле арайлы,

Бақшамызға тарайды.

Қуанышпен шат күліп,

Қарсы алайық арайды.

Тәрбиеші: Қайырлы таң, қонақтар!

Балалар: Сәлеметсіздер ме?!

Біздің топ: «Қызғалдақ»

Ұранымыз

Ережені білеміз — көшеде еркін жүреміз.
Біздің ұран осындай, сіздерге айтып береміз.
Біз бақшаға барамыз, оқу-білім аламыз.
Тәрбиешінің айтқанын есте сақтап аламыз.

Сұрақ-жауап: «Көшеге саяхат»

Тәрбиеші: Айтыңдаршы, балалар, біз автобуспен қайда саяхат жасадық?

Балалар: Көшеге саяхат жасадық.

Тәрбиеші: Көліктер қайда жүреді?

Балалар: Жолда.

Тәрбиеші: Көшедегі жолдар қандай болады?

Балалар: Ұзын, қысқа, тар, кең.

Тәрбиеші: Көшеде келе жатқан адамдарды кімдер дейді?

Балалар: Жаяу жүргіншілер.

Тақырыпқа кіріспе: күз мезгілі

Тәрбиеші: Қазір қай мезгіл?

Балалар: Күз мезгілі.

Тәрбиеші: Күздің қандай атауларын білесіңдер?

Балалар: Қоңыр күз, маужыраған күз, алтын күз, берекелі күз, жемісті күз, салқын күз, қара күз.

Теледидардан слайд көрсетіледі. Өлең оқылады:

Жапырақтар ұшады,

Айналады дөңгелеп.

Жапырақтар түседі,

Желмен бірге желбіреп.

Күзде дала жаурайды,

Көкте бұлттар ойнайды.

Бұтағынан үзіліп,

Жапырақтар саулайды.

Күздің ерекшеліктері: жапырақтар сарғаяды, жел тұрады, жаңбыр жауады, күн суытады.

Тәрбиеші: Қандай дыбыстарды естідіңдер?

Балалар: «Ш-ш-ш-ш» — жапырақтың сыбдыры; «тырс-тырс» — жаңбыр; «у-у-у-у» — желдің гуілі.

Тәрбиеші: «Күз» сөзін орысша қалай айтамыз?

Балалар: Осень.

Негізгі бөлім: көше қауіпсіздігі

Бүгін «Қоршаған ортамен таныстыру» оқу іс-әрекетінде көше қауіпсіздігі туралы әңгімелесеміз.

Сұрақ: Жол қозғалысы ережелерінің мақсаты қандай?

Жауап: Бізді қауіптен қорғау.

«Сақта жолдың тәртібін»

Жай әуен ойнап тұрады. Тәрбиеші көшеге шыққанда айналаға мұқият қарап жүру керектігін түсіндіреді: бағдаршамға бағыну және жол ережесін қатаң сақтау — өмір қауіпсіздігінің кепілі.

Сұрақ: Үлкен жолда доп ойнауға, көшеде велосипедпен жүруге бола ма?

Балалардың жауабы: (талқылау)

Сұрақ: Келе жатқан көліктің алдынан өтуге бола ма?

Балалардың жауабы: (талқылау)

Ой толғаныс: Венн диаграммасы

Ортақ қасиеттерін салыстыру арқылы белгілерді топтастыру: ескерту, тыйым салу, меңзеу (нұсқау). Балалар белгілерді өз орындарына дұрыс орналастырып, қызығушылықпен ойнайды.

Тірек сөздер: қауіпсіздік — безопасность; бағдаршам — светофор; жаяу жүргіншілер өтпесі — пешеходный переход; тыйым салатын белгілер — запрещающие знаки.

Балалардың қатысуы: тақпақ және белгілер

Ерасылдың тақпағы

Ерасыл деген баламын,

Мектепке енді барамын.

Жүруді де үйрендім,

Қаланың көшесінде.

Жол шетіне келгенде,

Тоқтай қалам мен демде.

Көз саламын арнайы

Белгісі бар жерлерге.

Жол белгілері туралы жауаптар

  • «Тамақтану орны бар» белгісі.
  • Фариза: көк шеңбер ішінде адам бейнесі — жаяу жүргіншілер жолы.
  • Темірлан: автобус аялдайтын орын белгісі.

Тыйым салу белгілері

  • Аяулым: қызыл шеңберде адам бейнесі, үстінен сызылған — жаяу жүргіншілер қозғалысына тыйым салынады.
  • Ақерке: қызыл шеңбер ішінде велосипед суреті — велосипедпен жүруге тыйым салынады.
  • Нұрбек: жұмбақ жасырады.

Жұмбақ

Үш көзі бар қаз-қатар,

Кезек-кезек ашады.

Үшеуінен байқасам,

Үш түрлі нұр шашады.

Жауабы: Бағдаршам.

Қызықтыру сәті: «Бағдаршам» қонақта

Әдемі, көңілді әуенмен бағдаршам келеді. Балалар амандасады.

Бағдаршамның сөзі

Менің атым — бағдаршам,

Мекенжайым — тұрақты.

Жақсы білем міндетімді,

Мүдірмеймін ешқашан.