Сара оқушыларға тыңдату

Ашық сабақ: «Ақындар айтысы» (4-сынып)

Сыныбы: 4-сынып

Сабақ түрі: аралас сабақ

Көрнекіліктер: нота сауатына арналған кестелер, плакаттар, буклеттер, ақындардың суреттері, карточкалар, үнтаспа, музыкалық аспаптардың суреттері, слайдтар.

Сабақтың мақсаты

Білімдік

  • Айтыс өнері туралы толық мағлұмат беру және оның түрлерімен таныстыру.
  • Халық ақындық жанры, әншілік, аспаптық орындаушылық арасындағы өзара байланысты ұғындыру.

Тәрбиелік

  • Қазақ халық ақындарын таныстыру, айтыс өнерін құрметтеуге үйрету.
  • Оқушының ой-өрісі мен дүниетанымын кеңейтіп, атадан балаға мирас болған айтысты бағалай білуге тәрбиелеу.

Дамытушылық

  • Оқушылардың білімін жан-жақты дамыту, салт-дәстүр туралы түсінігін тереңдету.

Сабақ барысы

I. Ұйымдастыру

  • Сәлемдесу
  • Түгендеу

II. Үй тапсырмасын сұрау

  • «2/4 өлшемі» дегеніміз не?
  • Өлшемді қол қимылымен көрсету.
  • Мысал ретінде «Не деу керек?» әнін қолдану.

III. Жаңа тақырып

Ақын — өз жанынан өлең шығаратын өнер иесі. Ақындар суырыпсалма қабілетін, тапқырлығын көрсету үшін сөз сайысына түседі. Сол сайыс — айтыс.

Айтыс дегеніміз не?

Айтыс — «айтысу» сөзінен шыққан. Айтысу тек суырыпсалма өлеңмен ғана емес, қара сөзбен, тіпті күй тартысу арқылы да жүзеге асады.

Айтыстың түрлері

  • 1

    Бәдік айтысы

    Ертеде сөз арқылы ауруды аластау, малды емдеу мақсатында айтылған.

  • 2

    Жар-жар айтысы

    Қызды ұзатар алдында айтылатын айтыс түрі. Өлең құрылысы көбіне 7–8 буынды.

    Түсіндірме: «Қаранасар» — қара жібек кездеме, мата деген мағына береді.

  • 3

    Қыз бен жігіт айтысы

    Ойын-сауықта айтылады. Әдетте 11 буынды, негізгі ой 3–4 жолдарда өрбиді, әр әуенге салынып айтыла береді.

  • 4

    Басқа түрлері

    Мақал-мәтел айтысы, жұмбақ айтысы, күй тартысу айтысы, оқушылар айтысы.

Ақындар айтысының ерекшелігі

  • Сөз өнерін шебер меңгерген, суырыпсалма, тез жауап қататын ақындар қатысады.
  • Жаттанды өлең аз қолданылады.
  • Айтыскер ел тарихын, жер жайын білуі керек.
  • Домбыра, гармонь, қобыз секілді аспаптардың сүйемелдеуімен орындалады (слайд арқылы көрсету ұсынылады).

Ақындармен таныстыру: Сара Тастанбекқызы

Сара Тастанбекқызы — әйгілі әнші әрі ақын. Ол атақты Біржан салмен сөз сайысына түскен.

Сара Талдықорған облысы, Ақсу ауданында туған. Жастайынан өнерлі ортада өсіп, 13 жасынан домбыра алып, топқа түскен.

«Біржан мен Сара айтысы» — ақындар айтысының ең үздік үлгілерінің бірі.

Тыңдалым

М. Төлебаевтың «Біржан – Сара» операсынан үзінді тыңдату ұсынылады.

Ежелден сен басылған желді көрік,

Таң қалам сәулетіңді сенің көріп, сал Біржан.

Өлеңді қолқа қылсаң, ағытармын,

Ендеше көрісейік, қолым беріп, сал Біржан.

Опера туралы қысқаша

Аса көрнекті қазақ композиторы Мұқан Төлебаев (1913–1960) «Біржан – Сара» операсын жазды. Бұл шығармада қазақтың айтыс өнері алғаш рет кең көлемде қолданылып, Біржанның өмірі мен Сараға деген шынайы сезімі көркем түрде баяндалады.

Айтыста Біржан жеңіп шығады. Екі ақынның арасында сүйіспеншілік пайда болғанымен, Сара Жиенқұлға айттырылып қояды. Біржан махаббат жолындағы күресте қаза табады. Соңғы сәтінде домбырасын Сараға ұсынады.

Тәжірибелік бөлім: Оқушылар айтысы

Айтыс дәстүрі тек кәсіби ақындармен шектелмейді. Осы сыныпта да айтыскерлер табылуы мүмкін. Енді Айгерім мен Райымбекті шақырып, оқушылар айтысын тамашалауға болады.

Оқушылар айтысы (өлеңі: О. Әубәкіров)

1-оқушы

Айтып қойшы, қарағым,

Қандай боп жүр сабағың.

Жайын біліп қояйын,

Сендей салақ баланың.

2-оқушы

Сөзді тыңда, қарағым,

Мен секілді баланың.

Сен осында қаласың,

Мен лагерьге барамын.

1-оқушы

Қайда барсаң, онда бар,

Семіргенің жөн болар.

Тәртібіңнен, алайда,

Болмай тұр-ау оң хабар.

2-оқушы

Айналайын, көкешім,

Тәртіпті айтып не етесің?

Сендердегі Серікбай

Неге жарды шекені?

1-оқушы

Қай өнерің асып жүр,

Қай тәртібің тасып жүр?

Сендердегі Сембай да

Сабағынан қашып жүр.

Тапсырмалар: карточкалар

Топтық немесе жеке жұмысқа карточкаларды тарату ұсынылады.

№1 карточка

  1. Ақын дегеніміз кім?
  2. Нотада неше сызық бар?
  3. Жарты нота нешеге саналады?

№2 карточка

  1. Жыр дегеніміз не?
  2. «Алпамыс батыр» жырынан үзінді айт.

№3 карточка

  1. Терме дегеніміз не?
  2. «Ми» нотасы қай сызықта жазылады?

№4 карточка

  1. «Қанеки, тілім сөйлеші» термесі кімдікі?
  2. «Қанеки, тілім сөйлеші» термесін әуенімен орында.

№5 карточка

  1. Сегіздік нота нешеге саналады?
  2. «Кел, балалар, оқылық» өлеңінің авторы кім?

№6 карточка

  1. «Әр нәрсенің парқы бар» толғауының авторы кім?
  2. Толғауды жатқа айт.

Қосымша: жұмбақ айтысы

Үш топ болып жарысып, жұмбақ айтысын ұйымдастыруға болады.

IV. Қорытынды және бекіту

Сұрақтар

  1. Ақындар айтысына кімдер қатысады?
  2. Біржан – Сара айтысында кім жеңіске жетті?
  3. Қандай ақындарды білесіңдер?

Үй тапсырмасы

  • Мақал-мәтел сайысына дайындалу.
  • Төрт жол өлең шығару.

Бағалау

Оқушылардың айтысқа қатысу белсенділігі, жауаптарының дәлдігі, музыкалық-теориялық сұрақтарға дайындығы және шығармашылық жұмысы ескеріледі.