Кәрі қыранның халі
Алматы қаласы • Әуезов ауданы
Ғ.Мүсірепов атындағы №86 мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі: Досқазиева Ботагөз Қисамадинқызы
Сабақ тақырыбы
Қадыр Мырза Әлидің «Кәрі қыран» өлеңі.
Сабақ түрі
Жаңа білімді меңгерту
Негізгі әдіс-тәсілдер
Сұрақ-жауап, ой қозғау, сөздік жұмысы, іздену, салыстыру, талдау, пікірлесу.
Құрал-жабдықтар
Ақын туралы слайдтар мен кестелер, қыранның суреті, электронды оқулық.
Оқыту мен тәрбиелеудің мақсат-міндеттері
1) Білімдік мақсат
Қ. Мырза Әлидің өмірі мен шығармашылық қызметіне шолу жасау. «Кәрі қыран» өлеңін оқыту, идеясын таныту және символ ұғымын меңгерту.
2) Дамытушылық мақсат
Көркем мәтінді сезіммен қабылдау, мәтінмен терең жұмыс жүргізу, сөйлеу дағдысын қалыптастыру. Тақырыбы үндес шығармалардың оқиғаларын салыстыра пайымдауға дағдыландыру.
3) Тәрбиелік мақсат
Оқушылардың рухани дүниесін байыту, елжанды азаматтың өмірі мен ұстанымынан өнеге алу.
Сабақтың барысы
I. Ұйымдастыру кезеңі
- Оқушылармен сәлемдесу.
- Оқушыларды түгендеу.
II. Үй тапсырмасын тексеру
- Қалихан Ысқақовтың туған жылы.
- Туған жері.
- Шығармаларын атау.
- Шығармаларының негізгі арқауы.
- «Қоңыр күз еді» повесінің кейіпкерлерін атау.
- «Отыздар шамасындағы орта бойлы, арық қара жігіт... алқымында балық желбезегіндей қатпар-қатпар болып сыңсып жататын ескі жарадан қалған қызылшақа тыртығы бар еді...» — бұл кімнің портреті?
- Алматай ағай Қасымға қандай қызық кітап берді?
- Алматай бұл кітапты неге жасырады?
- «Қоңыр күз еді» повесіндегі оқиға қай кезеңді қамтиды?
III. Жаңа сабақ: тақырыпты ашу
Бүгін біз балалық шағы Ұлы Отан соғысының қасіретті жылдарымен және жоқшылықпен тұспа-тұс келген Қалихан Ысқақовтың құрдасы — Қадыр Ғинаятұлының өмірі мен шығармашылығына шолу жасап, «Кәрі қыран» өлеңімен танысамыз.
Қадыр Ғинаятұлы туралы қысқаша мәлімет
- Ақын, жазушы.
- 1935 жылы 5 қаңтарда Батыс Қазақстан облысы, Сырым ауданы, Жымпиты ауылында дүниеге келген.
- Елуден аса кітаптың авторы.
- 200-ге жуық өлеңіне ән жазылған.
- Танымал ән мәтіндері: «Ақ Жайық» ( «Қыз Жібек» фильміне арналған), «Атамекен», «Әже туралы ән» және т.б.
- В. Гюго, Г. Гейне, М. Лермонтов, С. Есенин, Р. Ғамзатов, А. Ахматова, О. Сүлейменов шығармаларын қазақ тіліне аударған шебер аудармашы.
- Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың, Махамбет атындағы сыйлықтың, тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының иегері.
- 2011 жылы 22 қаңтарда дүниеден өтті.
- Ақынның жаңылтпаштары, жұмбақтары, мысалдары, санамақтары, ертегілері мен балладалары қазақ балалар әдебиетінің дамуына елеулі үлес қосты.
1) Ой қозғау
«Қыран жетпеген жерге қиял жетер» деген ойға сүйеніп, қыран құс туралы шағын эссе жаздыру.
2) Қыран құстар туралы түсінік
Қыран құстар табиғи туыстығы, қабілеті және түс ерекшелігіне қарай бірнеше топқа бөлінеді:
Бүркіттер тобы
Байқасқа, ақиық, қараша, көнтабан, шөгел.
Қаршыға тобы
Тұйғын, қаршыға, шәулі, қырғи.
Ителгі тобы
Сұңқар, ителгі, пәрім, күйкентай.
Лашын тобы
Бидайық, лашын, жағалтай, тұрымтай.
3–6) Өлеңмен жұмыс
Тыңдау және оқу
- Электрондық оқулықтан «Кәрі қыран» өлеңін тыңдау.
- Өлеңді мәнерлеп, түсініп оқу.
Сөздік жұмысы
- Зәбірі артты
- Азап көрді, жапа шекті.
- Албасты басқыр (қарғыс)
- Біреуге қатты кейігенде «жамандық келсін» деген мағынада айтылатын қарғыс.
- Тәрк ету
- Дүниеден безу, бас тарту.
Мәтінді талдау: идеяны ашу
- Ақын кәрі қыранды қалай суреттейді?
- Қарт қыран қандай халге душар болды?
- Ол неге намыстанды?
- «Найзағайдай жарқылдап ғұмыры өтті» деген жолдың мағынасын қалай түсінесіңдер? Бұл қыранның бұрынғы өмірі туралы нені аңғартады?
- Қыранның соңғы шешіміне не себеп болды?
- «Кәрі қыран» өлеңін баллада жанрына жатқызуға болатын белгілерін анықтап, мысалдармен дәлелдеңдер.
- «Қыранша өмір сүргенің — қандай бақыт! Қандай бақыт — қыранша өле білген!» жолдарындағы тұспалды ойды ашыңдар.
7) Символ туралы түсінік
Символ — белгілі бір ұғымды бейнелі түрде танытатын көркем белгі. Мысалы:
-
Гүл — жастықтың символы.
-
Ақ көгершін — бейбітшіліктің символы.
-
Аққу — адалдық пен махаббаттың символы.
-
Қыран — еркіндік пен ерліктің символы.
Бұған дәлел — еліміздің туындағы қыран бейнесі: ол халықтың бақыт пен молшылыққа, өркениет биіктеріне ұмтылысын айқындайды.
8) Поэтикалық талдау
Теңеулер
Қоладай қайырылып, өртенген самолеттей, дөңгелек шарайнадай, т.б.
Эпитеттер
Ақ кебінді, ақ алмас шеңгелі, қырағы көз, қырдың қызыл түлкісі, құрыш тырнақ, т.б.
Кейіптеу
«Күрсінді тау ақ қарлы».
Психологиялық параллелизм
«Көк аспанын мұң қаптаған кезде».
Аллитерация
Қанатынан қаңтардың қары бүркіп,
Қашатұғын көргенде бәрі де үркіп.
Қырағы көз бүгінде қарауытып,
Қалғып отыр қияда кәрі бүркіт.
Синонимдер
Кәрі — шау; жасын — найзағай; тірлік — өмір — ғұмыр.
Антонимдер
Қарттық — жастық; кәрі — жас; өлім — өмір.
Фразеологизмдер
Тәрк ету, зәбірі артты, т.б.
9) Композициялық құрылым
Кіріспе (экспозиция)
Қияда қалғып отырған кәрі бүркіт.
Байланыс
Кәрі қыранның хәлі.
Даму
Шау бүркіттің ойы.
Шарықтау шегі
Көк тасқа қойып кеткен кәрі бүркіт.
Шешім
«Қандай бақыт — қыранша өмір сүрген!»
10–11) Пәнаралық байланыс және салыстыру тапсырмасы
Қыран туралы жазылған шығармалар
- М. Шахановтың «Отырар» өлеңінде Отырарды алты ай бойы қорғаған Қайыр хан қыранға теңеледі.
- С. Мұқановтың «Өмір мектебі» романынан үзіндіде Ахметтің лашынының құс алу тәсілдері суреттеледі.
- Абайдың «Қансонарда бүркітші шығады аңға» өлеңінде түз тағысын қыранның қағып түсуі бейнеленеді.
Тапсырма
- Осы шығармалардың «Кәрі қыран» өлеңімен ұқсастығы мен айырмашылығын дәлелдеңдер.
- Қыранға тән басты қасиеттерді (ерекшеліктерді) атап, негіздеңдер.
IV. Сабақты бекіту
«Не білдік? Не үйрендік?» сұрақтары арқылы қорытындылау:
- Қадыр Мырза Әлидің өмірі мен шығармашылығына шолу жасадық.
- Қыран құстардың топ-топқа бөлінетінін білдік.
- Өлеңдегі қыран хикаясы арқылы ерлік пен өрлік идеясы жырланатынын түсіндік.
- Қыранның еркіндік пен ерліктің символы екенін нақтыладық.
V–VI. Үй тапсырмасы және бағалау
Үйге тапсырма
Қырандар туралы қызықты деректер жинау және Қадыр Мырза Әлидің шығармаларын оқу.
Бағалау
Оқушылардың жауаптары мен шығармашылық жұмыстары негізінде бағалау жүргізіледі.