Балаларға аққала туралы мағлұмат бере отырып, аққала жапсыруды үйрету
Сабақтың қысқаша сипаттамасы
Бұл оқу іс-әрекеті балаларға қыс мезгілі туралы әңгімелеп, аққала туралы түсінік беруге және жапсыру техникасын үйретуге бағытталған. Балалар бүктелген шаршы қағаздан қиылған әртүрлі өлшемдегі дөңгелектер арқылы аққаланың бейнесін, ал үшбұрыш пішіндері арқылы шыршаны құрастырады.
Сабақ барысында ауызекі сөйлеу дағдылары дамытылады, шығармашылық қызығушылық артады, әдемілікке, тазалыққа, шапшаңдыққа және ұқыптылыққа тәрбиеленеді.
Білім беру саласы
«Шығармашылық»
Бөлімі
«Жапсыру»
Мақсаты
- Аққала туралы мағлұмат бере отырып, аққала жапсыруды үйрету.
- Қыс туралы әңгімелету, ауызекі сөйлеуін дамыту.
- Пішіндерден (дөңгелек, үшбұрыш) бейне құрастыруға дағдыландыру.
- Ұқыптылыққа, тазалыққа, әдемілікке тәрбиелеу.
Әдіс-тәсілдер мен құралдар
Әдіс-тәсілдері
Қажетті көрнекі құралдар
- қайшы
- желім
- түрлі түсті қағаз
- үлгі сурет
Қостілділік компонент
Сабақ барысы
1) Қызығушылықты ояту: «Шаттық шеңбері»
Бүгін біз бір-бірімізге осы уақытқа дейін айтып жүрген жылы, ғажайып сөздерімізді сыйлайық. Мұны қар кесегін бір-бірімізге ұсыну арқылы білдірейік.
2) Ұйымдастырушылық-ізденіс: сұрақ-жауап
Балалар, қазір жылдың қай мезгілі?
Қыс мезгілінде неше ай бар?
Қандай айлар?
Ақпан — қыстың қандай айы?
Қыста қандай ойын түрлері бар?
Енді суретке қарап, қай мезгілге байланысты балалар не істеп жүргені туралы шағын әңгіме құрастырайық.
3) «Ғажайып сәт»: Аққаланың қонаққа келуі
Тәрбиеші: «Балалар, терезеден қарасам күн шуағын төгіп, жылынып кетіпті. Қар да еріп жатыр. Бізге аққала қонаққа келетін сияқты, бірақ ол еріп бара жатқандай…»
Аққала
«Ой, мен еріп барамын… Сәлеметсіздер ме, балалар! Сәлеметсіздер ме, қонақтар! Мен қыс бойы бәріңді қуанттым, ал енді күн жылынып, еріп бара жатырмын…»
Тәрбиеші: «Аққала, ренжіме. Балалар саған қайтадан әдемі аққала жасап береді. Балалар, аққалаға көмектесеміз бе?»
Аққала: «Мен терлеп кеттім, мені үрлеп, салқындатып жіберіңдерші.»
Тәрбиеші: «Рахмет, балалар! Аққала салқындады. Енді ол асханадағы мұздатқышқа барып, сәл отыра тұрсын. Біз оған аппликация жасап береміз.»
Аққала: «Егер маған аққала жапсырып, қасына шырша жапсырсаңдар, қатты қуанар едім.»
Үлгімен жұмыс: пішіндерді анықтау
Үлгі суретке назар аударайық: мұнда аққала мен шырша бейнеленген. Аққала қандай пішіндерден тұрады, түсі қандай? Ал шырша ше?
4) Сергіту сәті
Шаңғы теуіп, сырғанап,
Аққала біз жасаймыз.
Қар лақтырып, қуанып,
Шаттанып біз ойнаймыз.
Шанаға секіріп, отырып,
Біз сырғанап аламыз.
5) Практикалық жұмыс: жапсыру қадамдары
-
Аққаланың бөліктерін дайындау
Алдымен бүктелген ақ қағаздан дөңгелектер қиып аламыз. Қайшыны төмен қаратып ұстап, төртбұрыш қағаздың бұрыштарын біртіндеп қиямыз. Осылайша аққаланың үш бөлігіне арналған әртүрлі өлшемдегі дөңгелектер дайындалады.
-
Шыршаны жасау
Жасыл түсті шаршы қағаздан үшбұрыш шығарамыз. Қажет болса, оны қалай бүктеп-қию керегін бір бала көрсетеді.
-
Орналастыру ережесі
Мұқият болайық: аққала дәптердің сол жағында, ал шырша оң жағында орналасады. Жұмыс кезінде әуен қосылады.