Бүгінгі баланың бал тілі, ертеңгі ұрпақтың ұлт тілі

Тіл — елдігіміздің белгісі

Тіл — ұлттың жаны, мінез-құлқы, айнасы. Ол жеке адамның туындысы емес, қоғамның жемісі, қоғамдық дамудың нәтижесі. Тіл — адамдар арасындағы қарым-қатынас құралы болғандықтан, қоғамдық қызметімен өмір сүретін әлеуметтік құбылыс.

Қазақ тілі — халқымыздың өткені мен бүгіні, болашақ ұрпақты тарихи тұтастықта, мызғымас бірлікте, ажырамас туыстықта мәңгілік байланыстыратын ең сенімді құрал.

Ана тіліміз арқылы біз өз ұлтымызды, Отанымызды танып білеміз. Халық рухының сарқылмас бастауы да — тілде.

Қазақ тілінің қажеттігін Елбасы Н. Ә. Назарбаев: «Қазақстанның болашағы қазақ тілінде жатыр», — деп түйіндеген. Бұл — ақиқат. Тіл — елдігіміздің белгісі, ұлтымыздың рухы, мұрасы, мәдениеті.

Бүгінгі ұрпақ және тіл тағдыры

Өткенді таразылап, келешекке көз жүгіртсек, «бүгінгі ұрпақ қазақ тілінде қандай деңгейде сөйлейді?» деген маңызды сауал туындайды. Бүгінгі баланың бал тілі — ертеңгі ұрпақтың ұлт тілі.

Сондықтан бастауыш сыныпта оқушы тілін дамыту — қоғамдық маңызы бар мәселе. Өз тілінде еркін әрі таза сөйлеуге үйрету — қажырлы еңбекті талап етеді. Тілі бай адам ешқашан мәдениетсіз болмайды, өйткені тіл адамның жалпы мәдениетімен тығыз байланысты. Орынды, сыпайы сөйлей білу — соның айғағы.

Көптілділік және уақыт талабы

Көп тілді білу — ақпараттық-технологиялық ғасырдың талабы. Дегенмен ел экономикасының дамуын біржақты қарастырмай, ұлттың рухани дамуын қатар алып жүру — табиғи қажеттілік.

Елжандылықтың өлшемі

Елжанды азамат Отанын сүйетінін ең алдымен өз тілінде сөйлеумен дәлелдеуі керек. Осы жетістіктің алғашқы баспалдағы — бастауыш білім.

Бастауыштағы жиі кездесетін қиындықтар

Тіл дамыту жұмыстарының әдіс-тәсілдерін жинақтап, көп жылғы тәжірибемде төмендегідей қиындықтардың жиі кездесетінін байқадым:

  • 1-сыныпқа келген көптеген бала қазақ тілінде еркін сөйлей алмайды; кейде қазақша білмейтін жағдайлар да кездеседі.
  • Көп жағдайда балалар ата-аналарымен ауызекі қарым-қатынаста орыс тілін қолданады.
  • Тіл дамытуға арналған қосымша дидактикалық материалдар жеткіліксіз.
  • Мектепте тілге қатысты қиындықтарды шешу жолдарын зерттеу, жүйелеу және тәжірибе тарату жұмыстары көбейсе.
  • Мектепте және мектептен тыс мекемелерде тіл дамытуға бағытталған үйірме, клубтар саны аз.

Мақсат

Әрине, тізе берсе қиындық көп. Менің мақсатым — өз тәжірибем арқылы жинақтаған кейбір әдіс-тәсілдердің осы мәселелерді шешудегі тиімділігін көрсету.