Өзге тілдің бәрін біл

Сабақтың мазмұны

Сабақтың тақырыбы

Ең бірінші бақытым — тілім менің!

Ойынның ұраны

Қанша жұрт тілін үйренсең,
Соғұрлым ана тілің шат.
«Үйрен де жирен» деген бар,
Өнерлі болу — білу шарт.

Мақсаты

  • Оқушыларға тіл мәртебесінің жоғары екенін түсіндіру.
  • Ой-өрісін дамыту, мәнерлеп оқуға жетелеу және машықтандыру.
  • Туған тілдің қадірін таныту және оның мәртебесін көтерудегі жұмыстарды насихаттау.

Тәрбиелік мәні

  • Жас ұрпақты тілін, дінін, туған жерін сүюге, қадірлеуге, құрметтеуге тәрбиелеу.
  • Тілдің көркемдігі мен байлығын меңгертіп, оны мақтан ете білуге баулу.
  • Халқына, тіліне деген махаббат пен патриоттық сезімді оятып, білімді әрі дарынды тұлға қалыптастыру.

Көрнекілігі

Интерактивті тақта, слайдтар, Қазақстан Республикасының рәміздері, мемлекеттік тіл туралы қанатты және нақыл сөздер, Қазақстан Республикасының Конституциясынан үзінділер.

Ұлағатты сөздер

Ана тілінің қадірін танытатын ойлар — сабақтың идеялық өзегі. Төмендегі дәйексөздер оқушының тілге деген жауапкершілігін тереңдетуге бағытталған.

«Кімде-кім қазіргі уақытта ана тілін, өзінің әдебиетін сыйламаса, оны сауатты, мәдениетті адам деп санауға болмайды.»
М. Әуезов
«Ана тілін ұмытқан адам өз халқының өткенінен де, болашағынан да қол үзеді.»
Ғ. Мүсірепов
«Тілін білмеген — түбін білмейді.»
Ғ. Мүсірепов
«Анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған тілімізді ұмыту — бүкіл ата-бабамызды ұмыту.»
Б. Момышұлы
«Тіл — қаруы сөз, сөз қаруы — ой. Ақылды ой, алғыр сөз — адамның ең жоғарғы қасиеті.»
Ғ. Мұстафин
«Сөз — халықтың қымбаттан да қымбат кені.»
С. Мұқанов
«Тіл — аса қадірлеп ұстайтын байлығымыз.»
Л. Н. Толстой
«Қазіргі ең таза, ең бай, ең табиғи әрі бұзылмай, бұрынғы қалпында сақталып қалған тіл — қазақ тілі және қазақ әдебиеті.»
А. Саади
«Қазақ тілі — түркі тілдерінің ішіндегі ең бір таза тілдердің бірі.»
А. Жорри де Манси

Сабақтың барысы

Кіріспе әңгіме

Әр халықтың тілі — өзіне тән қымбат та қимас қазына. Сол сияқты біздің ана тіліміз де — алтындай асылымыз, мөлдір маржанымыз, ғажайып гауһарымыз.

Ұлттың рухани өзегін сақтауда тілдің орны ерекше. Қазақ тілі ғасырлар бойы тәуелсіздікті аңсаған кезеңдерде де өз болмысын жоғалтпай, ұрпақтан-ұрпаққа аман жетті. Бұл туралы сан ғалымдар қазақ тілінің тазалығы мен құдіретін атап, өнегелі ой қалдырған.

Тіл білімінің негізін қалаған Ахмет Байтұрсынұлы: «Атадан екі түрлі байлық қалады: бірі — байтақ жер, екіншісі — бай тіл» деген. Демек, тілді сақтау — әр азаматтың парызы.

Абайдың «Өткірдің жүзі, кестенің бізі, өрнегін сендей сала алмас...» деуі — сөз құдіретін биік бағалаудың айғағы. Сөздің тәрбиелік мәні де зор: бір ауыз сөз адамды асқақтатса, бір ауыз сөз жасытатыны рас.

Ерлік, елдік, бірлік, қайрат, бақ, ардың,
Жауыз тағдыр жойды бәрін — не бардың.
Алтын күннен бағасыз бір белгі боп,
Нұрлы жұлдыз, бабам тілі — сен қалдың.
Жүргізуші сөзі

Тіл мерекесіне арналған шара

Құрметті ұстаздар, ата-аналар, оқушылар, қонақтар! Бүгін 4 «А» сынып оқушыларының «Ең бірінші бақытым — тілім менің!» атты интеллектуалды ойынына қош келдіңіздер!

Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» Заңы 1989 жылғы 22 қыркүйекте Жоғарғы Кеңестің сессиясында қабылданды. Мемлекеттік тілді меңгеру — Қазақстан азаматының парызы.

Туған тіл — тірлігіміздің айғағы. Тіл болмаса, адам өз ойын өзгеге жеткізе алмас еді. Өткен тарихымыз, салт-дәстүріміз бен дүниетанымымыз бізге ана тіліміз арқылы жетеді.

Қатысушылар мен топтар

І топ — Алғырлар

Топ

Көркейсе тілім жарқырап,
Атар таңым арайлар.
Мәртебесін көркейтер,
Жас ұрпақпыз — Алғырлар.

Ұраны: Тіл — қаруы сөз, сөз — қаруы ой.

ІІ топ — Зерделілер

Топ

Сөздің білген қадірін,
Әбубәкір Кердері.
Сол кемеңгер сияқты,
Біз боламыз — Зерделі.

Ұраны: Тіл — аса қадірлеп ұстайтын байлығымыз.

ІІІ топ — Білгірлер

Топ

Қазақтың тілін ардақтап,
Қадірлеп өткен дүлдүлдер.
Солардың салған ізімен,
Біз келеміз — Білгірлер.

Ұраны: Тіл — халықтың қымбаттан да қымбат кені.

Сайыс бес кезеңнен тұрады. Әр кезең жылдамдықты, тапқырлықты және білімді талап етеді. Әр дұрыс жауап 10 ұпаймен бағаланады.

Кезеңдер

  1. 1 Асу — Бәйге: қатысушылардың таныстыруы.
  2. 2 Асу — Тіл өнері: мақал-мәтелдер сайысы.
  3. 3 Асу — Көкпар: ұяшық таңдау және викторина сұрақтары.
  4. 4 Асу — Дода: «Маңғыстау» сөзінен сөз тізбектерін құру.
  5. 5 Асу — Жорға: тіл туралы өлеңді мәнерлеп оқу.

Жүргізушінің тілегі

Болашақтың жолында,
Ізгі болсын мақсатың.
Бәрі өзіңнің қолыңда,
Шықсын ылғи жақсы атың.

Сайысқа қатысушы әр топқа сәттілік тілейміз. Әділқазылар бағасын кезең сайын беріп отырады.

Кезең тапсырмалары

ІІ кезең — «Тіл өнері»: мақал-мәтелді жалғастыр

Берілген мақалдың жалғасын табыңыз.

  1. 1) Мал өсірсең қой өсір — өнімі оның көл-көсір.
  2. 2) Азаматтың қадірін ағайын емес, жат білер — арқаға ердің батқанын иесі емес, ат білер.
  3. 3) Ағасы ақылдының інісі азбайды — жеңгесі шебердің тоны тозбайды.
  4. 4) Жақсы адамның ашуы — шайы орамал кепкенше, жаман адамның ашуы — абыройы кеткенше.
  5. 5) Қалың болсаң жердей бол, бәрін шыдап көтерген — таза болсаң судай бол, бәрін жуып кетірген.
  6. 6) Тіс қатты, бірақ сынып кетеді — тіл жұмсақ, бірақ ұзақ тірлік етеді.
  7. 7) Жеті жұрттың тілін біл — жеті түрлі ілім біл.
  8. 8) Ине көзінен сынады — шешен сөзінен сынады.
  9. 9) Ана сүті бой өсіреді — ана тілі ой өсіреді.
  10. 10) Жыланның уы тісінде — адамның уы тілінде.
  11. 11) Көре-көре көсем боларсың — сөйлей-сөйлей шешен боларсың.
  12. 12) Тілден артық — қазына жоқ.

ІІІ кезең — «Көкпар»: викторина

Ұяшық таңдап, сұрақтарға жауап беріңіз.

1) М. Әуезовтің атақты романы қандай?
2) Шешендік сөз деп нені айтамыз?
3) «Өкпесі қара қазандай» тұрақты тіркесінің мағынасы қандай? (Реніші таудай)
4) Шығыстың ғұламасы кім? (Әбу Насыр әл-Фараби)
5) Орфография деген не? (Сөздердің дұрыс жазылуы)
6) Синтаксистік талдау деген не? (Сөйлем мүшелеріне талдау)
7) Қазақстан қашан тәуелсіздік алды? (1991 ж. 16 желтоқсан)
8) Қазақтың тұңғыш ғарышкері кім? (Тоқтар Әубәкіров)
9) Лондонда өткен XXX жазғы Олимпиадада Қазақстан қандай жетістікке жетті? Маңғыстаудан кім қатысты?
10) «Туып-өскен Торғайдың даласында... Тілі үшін жазықсыз жапа шеккен арысың кім?» (Ахмет Байтұрсынұлы)
11) Қазақ тілі алғаш мемлекеттік мәртебесін қай жылы алды? (1989)
12) Қазақ әліпбиін жасаған ғалым кім? (А. Байтұрсынұлы)

IV кезең — «Дода»: сөз құрастыру

«Маңғыстау» сөзінен мүмкіндігінше көп сөз тізбектерін құрастырыңыз. Топ мүшелері тапсырманы орындап болғанша, кезекті ән орындалады.

Ән: «Ана тілі» (орындайтын: Дәурен)

V кезең — «Жорға»: мәнерлеп оқу

Тіл туралы өлеңдерді мәнерлеп оқыңыз. Дауыс ырғағы, дикция және сахналық мәдениет ескеріледі.

Ана тілің — арың бұл,
Ұятың боп тұр бетте.
Өзге тілдің бәрін біл,
Өз тіліңді құрметте!
Қ. Мырза Әли

Қорытынды

Тіл мен сөздің қадірін білетін жас ұрпаққа арналған «Ең бірінші бақытым — тілім менің!» интеллектуалды ойыны осымен аяқталды. Жеңімпаздарды анықтау үшін сөз әділқазылар алқасына беріледі, соңынан марапаттау рәсімі өтеді.

Қорытынды ән: «Анамның тілі» (хор)