Құстар - біздің қанатты досымыз

Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласы, №42 «Ақ ниет» гимназиясы. Бастауыш сынып мұғалімі — Шаиева Алия Сайфеденқызы.

Көктем келгенде табиғаттың ең алғашқы белгілерінің бірі — құстардың оралуы. Олар ұя салып, сайрап, айналаны тірілткендей әсер береді. Төмендегі жұмбақтар арқылы көктемнің қанатты қонақтарын еске түсірейік.

Көктемгі құстар туралы жұмбақтар

1) Қараторғай

Көктемде ең алдымен келетін, Өзіміз күтіп алатын. Ұя салып беретін — Бұл қай құс, достар?

Жауабы: Қараторғай

2) Қарлығаш

Түгі қара мақпалдай, Төсі ақ сыр жаққандай. Ұшса оқтай зулайды, Көктем — жұлдыз аққандай.

Жауабы: Қарлығаш

3) Аққу

Заң жоқ еш уақытта Біздерді атуға. Түсім де аппақ, Атым да...

Жауабы: Аққу

4) Тоқылдақ

Орманда жоғары Ағашқа қонады. Тұмсығын балға ғып, Тоқ-тоқ соғады.

Жауабы: Тоқылдақ

5) Бозторғай

Әуеде бір ноқат, Тапжылмай қалқып тұр. Әдемі бір ырғақ Аспаннан шалқып тұр.

Жауабы: Бозторғай

Мағынаны тану: құстарсыз табиғатты елестету мүмкін бе?

Балалар, табиғатты құстарсыз елестету мүмкін бе? Қалай ойлайсыздар? Құстар — біздің қанатты достарымыз. Олардың сазды әуені табиғатты құлпыртып, адам көңіл күйіне де әсер етеді.

Халқымыз ежелден-ақ құстарға ерекше ықыласпен қарап, сүйіспеншілігін жырмен де, теңеумен де білдірген. Мысалы, әншіні — бұлбұлға, батырды — бүркітке, ал көркімен елден асқан сұлуды — аққуға теңеген.

Табиғатты қастерлеу дәстүрі

Қазақ халқы табиғатты киелі санап, қастерлеп, қамқорлық жасаған. Табиғаттың ажары болған жануарлар мен құстардың, гүлдердің аттарын ұл-қыздарына қою — соның бір көрінісі.

Ат қоюдағы әсемдік

Гүл аттары

  • Гүлім
  • Раушан
  • Лалагүл
  • Райхан

Құс аттары

  • Қарлығаш
  • Лашын
  • Тоты

Бозторғай: әні аспанға өрлеген құс

Қалқып тұрып аспанда, Үн шығарып сан қилы, Өнеріне басқанда, Тұла бойың балқиды.

— Бозторғай туралы

Дүниежүзінде бозторғайдың 74 түрі бар, ал Қазақстанда оның 13 түрі кездеседі. Бозторғай Қазақстанның шөлді даласынан басқа өңірлерінде кеңінен тараған.

Ұя салуы

Жердегі шұңқырларға ұялайды. Ұясына 2–6 тарғыл жұмыртқа салады, кейбір түрлері жылына екі рет жұмыртқалайды.

Балапандары

Балапандарының денесін, әсіресе жонын, қалың мамық жабады.

Қоныс аударуы

Бозторғай — жыл құсы. Күзде жылы аймақтарға ұшады, ал қысы жұмсақ жылдары Қазақстанның оңтүстігінде қыстап қалуы мүмкін.

Қоректенуі және пайдасы

Бозторғай өсімдік дәнімен және жәндіктермен қоректенеді. Арамшөп дәндерін де жеп, ауыл шаруашылығына пайда келтіреді.