Қарамен жазылған сөздерді құрамына қарай талда

6-сынып • Қазақ тілі

Түбір мен қосымша

Бұл сабақта оқушылар қазақ тіліндегі қосымшалардың түбір сөзге жалғану заңдылықтарын меңгереді, жұрнақ пен жалғаудың қызметін ажыратып үйренеді. Жұмыс түрлері оқушының сауатты жазу, дұрыс оқу және анық сөйлеу дағдыларын жүйелі түрде дамытуға бағытталады.

Сабақтың мақсаттары

  • Білімділік: қосымшалардың түбірге жалғану заңдылықтары туралы түсінікті кеңейту; жұрнақ пен жалғаудың атқаратын қызметін таныту.

  • Тәрбиелік: ана тілін қадірлеуге, ұқыптылыққа, сауаттылыққа тәрбиелеу.

  • Дамытушылық: фонетика мен лексика бойынша бұрынғы білімге сүйене отырып, сауатты жазу мен оқу дағдыларын жетілдіру; дұрыс сөйлеуге машықтандыру.

Сабақтың сипаттамасы

Сабақ түрі

Жаңа білімді меңгерту сабағы

Көрнекіліктер

Сызба, суреттер, кеспе карточкалар

Әдіс-тәсілдер

Сұрақ-жауап; тақырыпқа арналған кеспе карточкалармен жұмыс; грамматикалық ойын; жаттығу жұмыстары; сатылай кешенді талдау.

Сабақ барысы

I

Ұйымдастыру кезеңі

  • Оқушыларды түгендеу.

  • Сыныптың тазалығына және оқушының сабаққа дайындығына назар аудару.

II

Үй тапсырмасын сұрау

  1. Сөздер қандай жолдармен жасалады?
  2. Сөз тұлғасы деген не?
  3. 68-жаттығуды оқып, сөздерді құрамына қарай ажырат.
III

Жаңа сабақты түсіндіру

Тақырыптың атауы жазылып, сабақтың мақсаты қысқаша түсіндіріледі. Өткен сабақтағы «Сөз тұлғасы» тақырыбындағы білімге сүйене отырып, оқушылар «қосымша» ұғымына анықтаманы өздері құрастырады.

Тапсырма: өлең жолдары бойынша талдау

Сені іздедім кездескен адамдардан
Бұлақтардан, бақтардан, алаңдардан.
Шырақтардан, оттардан, жалаулардан,
Сені іздедім жоғалған замандардан.

Мұқағали Мақатаев
  • Түбір сөздерді және қосымша жалғанған сөздерді тап.

  • Қосымшаларды алып тастап, мәтінді дауыстап оқы.

  • Қосымшалардың сөз бен сөзді байланыстыратынын қорытындыла.

Тапсырма: жұрнақты анықтау

Білімдіге дүние жарық,
Білімсіздің күні кәріп.

Мақал

Жұрнақты тап. Жұрнақтың өзі жалғанған сөздің мағынасын өзгертетінін немесе түрлендіретінін мысал арқылы түсіндір.

Дыбыстық заңдылықтарға назар

Қосымшалардың түбірге жалғануында дыбыстық үйлесімнің (әсіресе дауысты және дауыссыз дыбыстардың үндесуі) маңызды рөл атқаратынына назар аударылады.

Оқулықпен жұмыс: 69-жаттығу

  1. Қарамен жазылған сөздерді құрамына қарай талда.
  2. Түбір мен қосымшадағы дауысты дыбыстарды салыстыр.
  3. Түбір мен қосымшадағы дауыссыз дыбыстардың үндесуін байқа.

Сатылай кешенді талдау

Сөздерді құрамына қарай сатылай кешенді талдау жүргізіледі: түбірді анықтау, қосымшаны бөліп көрсету, қосымшаның қызметін (жұрнақ/жалғау) ажырату, дыбыстық үндестікті түсіндіру.