Шығармашылық жұмыстар

Сабақтың тақырыбы

Сәкен Сейфуллин — «Ақсақ киік»

Сабақтың мақсаты

Білімділік

Оқушылардың табиғат туралы білімін кеңейту; С. Сейфуллин өлеңінің идеясын түсіндіру; қоршаған ортаға көзқарасын және табиғаттың ерекшеліктерін таныту.

Дамытушылық

Өз пікірін еркін айту дағдысын қалыптастыру; ойды толық әрі нақты жеткізуге үйрету; тіл байлығын және шығармашылық қабілетін дамыту.

Тәрбиелік

Табиғатты қорғауға тәрбиелеу; жан-жануарға құрмет пен жауапкершілік сезімін күшейту.

Сабақтың түрі, әдістері және көрнекілігі

Сабақтың түрі

Аралас сабақ.

Әдістер

  • Сұрақ-жауап
  • Талдау
  • Түсіндіру
  • Шығармашылық жұмыс

Көрнекілігі

Проектор, слайдтар, кеспе қағаздар.

Ұйымдастыру кезеңі

І. Үй тапсырмасын сұрау

Тақырып: Сәбит Мұқанов — «Көкшенің көрінісі». Мұғалім оқушыларға сұрақтар қояды. Әр дұрыс жауаптан кейін экранда бүгінгі сабақтың тақырыбының әріптері біртіндеп ашылып отырады.

Сұрақтар

  1. 1.С. Мұқанов кім?
  2. 2.Ол қай жылы дүниеге келген?
  3. 3.Қандай еңбектерін білеміз?
  4. 4.Жазушы Көкшенің көркін қалай суреттеген?
  5. 5.Көкшені неліктен гауһар тастан жасалған күмбезге теңейді?
  6. 6.Мәтіндегі қандай сөздер саған ерекше әсер етті?
  7. 7.Өз туған жеріңді қалай суреттер едің?
  8. 8.Мәтін несімен ұнады?
  9. 9.«Көкшенің…» деген азат жолдан бастап кім жатқа айтып береді?

Бағалау тәртібі

Бағалау фишкада белгіленген ұпай арқылы жүргізіледі. Кім көп ұпай жинаса, ұпай санына сәйкес бағасы қойылады. Сондықтан әр жауап берген оқушыға тиісті фишка беріліп отырады.

Жаңа сабақ

ІІ. Тақырыппен таныстыру

Экранда жаңа тақырып шыққаннан кейін, оқушылар дәптерлеріне күннің жұлдызын және тақырыпты жазады.

Осы кезде музыкасы Ж. Сейіловтікі, сөзі Қ. Салықовтікі «Жез киік» әні тыңдатылады.

Сұрақ

Балалар, ән не туралы?

Бүгін біз киік жануары туралы С. Сейфуллиннің «Ақсақ киік» атты өлеңін оқимыз. Мұғалім қысқаша С. Сейфуллиннің өмірбаянына тоқталады.

Алдыңғы біліммен байланыс

  • Өткен сабақтарда Ә. Қаңтарбаевтің «Киіктің айласы» әңгімесінде киік қалай сипатталды?
  • Халқымызда киік туралы қандай ұғым бар? (Киік — киелі жануар.)
  • Киіктің лағы қалай аталады? (Құралай.)

Танымдық мәлімет

Қараша айында «Құралай желі» соғады, ал мамыр айында киіктің «матауы» болады (лақтарын өргізу кезеңі).

Өлең мұғалім тарапынан мәнерлеп оқылады. Өлеңді жатқа оқу оқушылардың сезімін оятып, мәтінді тереңірек түсінуге ықпал етеді.

Кітаппен жұмыс: шумақтарды талдау

Әр шумақты оқи отырып, талдау жүргізіледі және мазмұнына сай ат қойылады.

1-шумақ: Бетпақдаланың табиғаты

Арқаның бетпақ деген даласы бар, Бетпақ шөл, ойлы-қырлы панасы бар. Сол шөлде ел жоқ, күн жоқ өсіп-өнген Жәндіктің киік деген баласы бар.

Түсіндірме

Бетпақдала — жері құрғақ, шөбі сирек өсетін өңір.

Өлкетану байланысы

Ақтоғай — Бетпақдаланың бір шеті, шөлейт аймаққа жатады. Өңірде жиде, сексеуіл, жусан, тобылғы, арша, адыраспан, көкпек, тораңғы, баялыш сияқты өсімдіктер, сондай-ақ дәрілік өсімдіктер өседі. Ауылдың батысындағы Қопа ауылы маңында киік мекендейді.

Қосымша дерек

Ауылдың шығысында Үлкен Қазақмыс кен орны ашылуда. Онда Д. Менделеев кестесіндегі көптеген химиялық элементтердің кездесетіні дәлелденген. Бұл — экономикалық тұрғыдан маңызды байлық көзі.

Дала Бетпақ Шөлейт Орманды Жазық Таулы

2-шумақ: Аңшылықтың салдары

Мергендер дамыл алмай киік атқан, Ауылды қан сасытып топырлатқан. Киікті ойлай ма екен таусылар деп, Азайып бірте-бірте келе жатқан.

Термин

Мерген — мылтықпен немесе садақпен нысананы дәл көздеп ататын адам.

3-шумақ: Киіктің тағы бір атауы

Киікті қазақ және дейді бөкен, Бетпақты бұл бишара қылған мекен. Бөкенді атып мерген өлтіргенде, Жазасыз жан өлді деп ойлай ма екен?

Түсіндірме

Бөкен — киіктің балама атауы.

4-шумақ: Киіктің сұлулығы

Бөкеннен сұлу аңды мен көрмедім, Өзге аңға жануарларды тең көрмедім. Көздері мөлдіреген ақ бөкенді Адамның баласынан кем көрмедім.

Сипаттама

Киік — өте сұлу, көздері мөлдіреген, ерекше әсем жануар.

5-шумақ: Пайда үшін аулау

Кей адам әдет қылған киік атып, Мүйізін пайда қылып шетке сатып. Сандалған бір киікке ұшырастым, Бір жылы Бетпақ шөлде келе жатып.

Ойталқы

Киіктің мүйізін пайда үшін шетке сататындар өз әрекетінің жауыздық екенін сезіне ме?

Дерек

Киік мүйізінің бағасы ертеректе бір жылқының құнына теңестірілгені айтылады. Кей деректерде бір аулағанда 50–70 бөкенге дейін қырып салу фактілері кездескен. Соның салдарынан киік саны күрт азайып, түр Қызыл кітапқа енгізілген.

6-шумақ: «Сахараның ботагөзі»

Сандалып келе жатқан ақсақ киік, Бір тоқтап, анда-санда әлді жиып. Ақ бөкен сахараның ботагөзі, Атты екен қандай адам көзі қиып.

Көркем тіркес

Ақын киікті «сахараның ботагөзі» деп бейнелейді.

Серігіту сәті: өнер арқылы әсерлену

Киік туралы тек ақын-жазушылар ғана емес, сазгерлер де ән мен күй шығарған. Сабақ басында «Жез киік» әнін тыңдадық. Енді Құрманғазы Сағырбайұлының «Ақсақ киік» күйін тыңдаймыз. Тыңдау барысында алған әсерлерің келесі тапсырмаларға негіз болады.

Шығармашылық жұмыстар (деңгейлік тапсырмалар)

І деңгей

«Аңшы» тақырыбына эссе жазу.

ІІ деңгей

«Киік» тақырыбына сипаттау мәтінін құрастыру.

ІІІ деңгей

Киікті атқан адамға деген көзқарасыңды білдіру.

Бекіту: «Бәйге» ойыны

10 ұпай

Бетпақдаланы неге шөл деп атайды?

20 ұпай

Киік қандай жерді мекендейді?

30 ұпай

Киікті басқаша қалай атайды?

40 ұпай

Ақын киіктің сұлулығы туралы не дейді?

50 ұпай

Киік мүйізінен не жасалады?

60 ұпай

Елімізде киікті қорғау не үшін қажет?

Қорытынды

Сабақ соңында оқушылар жинаған ұпай саны есептеліп, қорытынды бағалар қойылады.

Үй тапсырмасы

  1. 1 Қазақ халқының табиғатты қорғауға қатысты тыйым сөздерін жинау.
  2. 2 Мәнерлеп оқу: 257–259-беттер.