Әнұранымыздың сөзін жазған кім
«Желтоқсанда жанған алау»
Бұл ашық тәрбие сағаты ойын түрінде ұйымдастырылып, оқушылардың білімін жүйелеуге, еркін сөйлеу дағдыларын дамытуға және тәуелсіздік құндылықтарын қадірлеуге бағытталады.
Сабақтың мақсаты
- Білімділік: желтоқсан оқиғасы туралы әңгімелей отырып, оның құрбандарын еске алу; ойын тапсырмалары арқылы І жартыжылдықта алған білімді толықтыру.
- Дамытушылық: оқушылардың дүниетанымын кеңейту, еркін сөйлеу дағдыларын жетілдіру.
- Тәрбиелік: Отанды сүюге, мемлекеттік рәміздерді қастерлеуге, туған ел мен жерге сүйіспеншілікті арттыруға, саналылыққа тәрбиелеу.
Көрнекіліктер
- Желтоқсан оқиғасына қатысты суреттер
- «Сәулелі жұлдыз» кітабы
- Ұпай белгілері, буклеттер
Әдісі: сұрақ-жауап, ойын тәсілдері
Түрі: білімді жүйелеу сабағы
Сабақ форматы
Сабақ ойын түрінде өтеді. Сыныптан 8 оқушы қатысып, «Сәулелі жұлдыз» кітабының беттеріндегі тапсырмаларды орындайды. Ең көп ұпай жинаған оқушы «Сәулелі жұлдыз» атанады.
Әр кезеңде ұпай беріледі, ал іріктеу нәтижесінде ойын жалғасатын қатысушылар саны қысқарады.
Сабақ барысы
I. Ұйымдастыру кезеңі
Сабақ кіріспе сөзден басталады. Мұғалім ойынның шартын түсіндіреді: 8 оқушы «Сәулелі жұлдыз» кітабындағы тапсырмаларды орындайды, дұрыс жауап үшін ұпай жинайды.
Ереже: тапсырмалар парақтарда беріледі; ең көп ұпай — жеңіс.
Кіріспе мотивация
Болмасаң да ұқсап бақ,
Бір ғалымды көрсеңіз.
Ондай болмақ қайда деп
Айтпа ғылым сүйсеңіз.
Сізге ғылым кім берер,
Жанбай жатып сөнсеңіз?
Дүние де өзі, мал да өзі —
Ғылымға көңіл бөлсеңіз.
(Абай)
Мұғалім оқушыларға сәттілік тілеп, білімге ұмтылудың маңызын атап өтеді.
«Бәйге»
8 оқушы беттегі 4 санның бірін таңдайды (екі-екіден). Таңдалған тақырып бойынша сөздер тауып, қазақша-орысша аудармасын айтады.
Тақырыптар
- 1 — Зат есім
- 2 — Үй жануарлары
- 3 — Сан есім
- 4 — Жабайы аңдар
Мысалдар
- доп—мяч
- сиыр—корова
- үш—три
- қасқыр—волк
Сыныппен әңгіме
Сұрақтар:
- Балалар, сендер қандай ұлтсыңдар? (қазақ)
- Қазақ екендіктеріңді қалай дәлелдейсіңдер?
- Тәуелсіздікті біз қалай алдық?
Оқушылар желтоқсан оқиғасы және оның құрбандары туралы білетіндерін айтады. Мұғалім тәуелсіздіктің мәнін атап өтеді: 1991 жылғы 16 желтоқсан — Қазақстан Республикасы тәуелсіз мемлекет ретінде әлемнің саяси картасына енген күн.
Тәуелсіздік — Алтай мен Атыраудың арасын мекендеген елдің кең даласын қорғаған ата-бабалар күресінің заңды жемісі.
«Көкпар»
8 оқушы теріс қаратып қойылған сандардың ішінен таңдайды. Әр санның артында пән атауы және ұпайы бар. Сұраққа дұрыс жауап берсе — ұпай алады.
10 ұпайлық сұрақтар
Қазақ тілі
Құрмалас сөйлем деп қандай сөйлемді айтамыз?
Жауап: Екі немесе одан да көп жай сөйлемнен құралған сөйлем. Мысалы: «Мен аялдамаға келсем, Аян күтіп тұр екен». Жай сөйлемдердің арасына көбінесе үтір, қос нүкте қойылады.
Ана тілі
«Ақырғы рет кеш алдында күні бойы жылаумен әлі біткен Қасым жетімектің барлық сорлылығына бойұсынған пішінмен Исаның үйін жағалап келе жатыр еді…» — деген жолдар кімнің шығармасынан алынған және шығарманың тақырыбы қандай?
Жауап: Мұхтар Әуезов, «Жетім».
Математика
Теңдеу дегеніміз не?
Жауап: құрамында белгісізі бар теңдік.
5 ұпайлық сұрақтар
Дүниетану
Ауа құрамындағы тіршілікке ең қажетті газ?
Жауап: оттегі.
Еңбекке баулу
Ең жылдам әрі тез дайындалатын тағам?
Жауап: бутерброд.
Ән
Айтыс дегеніміз не?
Жауап: екі адамның немесе екі топтың бір-біріне қарама-қарсы өлең жолдары арқылы сөз қағыстыруы.
Бейнелеу өнері
Пейзаж дегеніміз не?
Жауап: табиғатты қағаз бетіне бейнелеу.
Осы бөлімнен кейін ұпайы ең аз болған 4 оқушы ойыннан шығады.
«Жұмбақ сұрақ»
Көрермендер сайыскерлерге сұрақ қояды. Жауап берген соң ұпай нәтижесіне қарай тағы 2 оқушы ойыннан шығады.
«Дода» — жылдам сұрақтар (1 минут)
Қалған екі оқушы 1 минут ішінде мүмкіндігінше көп сұраққа дұрыс жауап береді.
1-оқушыға арналған сұрақтар
- Тәуелсіздігімізге биыл неше жыл?
- Қазақтың ұлттық аспабы (домбыра).
- «Сәулелі жұлдызды» іздеген адам (Ы. Алтынсарин).
- Желтоқсан оқиғасындағы қайсар қыз (Сәбира).
- «Кітап» сөзінде неше әріп бар? (5)
- Әнұранымыздың сөзін жазған кім? (Ж. Нәжімеденов, Н. Назарбаев)
- Қазақтың әйгілі билері нешеу? (3)
- 2013 жыл қазақша жыл қайыру бойынша қандай жыл? (жылан)
- Туымыздың түсі қандай? (көгілдір)
- Тәуелсіздік монументінде не бейнеленген?
- Сөйлемнің неше түрі бар?
- «Ана» сөзіндегі дауыссыз дыбысты ата. (н)
- Тұңғыш қазақ ғарышкері (Т. Әубәкіров).
- Елордамыз қай қала? (Астана)
- Ең терең көл? (Байкал)
2-оқушыға арналған сұрақтар
- Егемендігімізді қай жылы алдық? (1991 жылы)
- Адам үніндей әуезді музыкалық аспап (қобыз).
- «Қырдың жас түлегі» кім? (Ш. Уәлиханов)
- Желтоқсан оқиғасындағы қайсар ұл (Қ. Рысқұлбеков).
- «Жусан» сөзінде неше дыбыс бар? (5)
- Әнұранымыздың әнін жазған кім? (Ш. Қалдаяқов)
- Абайдың шын аты? (Ибраһим)
- 2012 жыл қазақша жыл қайыру бойынша қандай жыл болды? (қоян)
- Республикамыздың тұңғыш президенті? (Н. Назарбаев)
- Республикамыздың рәміздері? (елтаңба, әнұран, ту)
- 100 жылды не дейміз? (ғасыр)
- Ең киелі құс? (аққу)
- «Жол» сөзіндегі дауысты дыбыс? (о)
- Ауа құрамындағы тіршілікке ең қажетті газ? (оттегі)
- 24 сағат қалай аталады? (тәулік)
«Текетірес» — пікірталас
Екі оқушы мына екі тақырыптың бірін таңдап, өз ойы мен пікірін дәлелдейді:
«Желтоқсан — мақтаныш»
Ерлік, намыс, тәуелсіздікке ұмтылыс сияқты құндылықтарды ашып көрсету.
«Желтоқсан — қасірет»
Қайғы мен құрбандық, әділет үшін күрестің ауыр салдарын пайымдау.
Қатысушылар ойланған уақытта сынып Қазақстан Республикасының мемлекеттік әнұранын хормен орындайды.
Қорытынды
Ойын соңында ең көп ұпай жинаған оқушы жеңімпаз атанып, марапатталады.
Талабың жана берсін, биікке самға, білімді де адал азамат бол:
Кім болсаң да, әйтеуір,
Азаматтың бірі бол,
Туған елдің ұлы бол.